№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қытымыр қыс, тірескен мұз

Қытымыр қыс, тірескен мұз


Төл газеттің №4 (8405) нөмірінде «Қыс – қарымен көрікті» атты Мақпал Марқабайдың мақаласында биылғы қыстың ерекшелігін арқау етті. Онда 1993-1994 жылы қыс мінез танытып, Арқада ақбөкендер ауғаны жазылды. Содан бері биыл қар қалың түсіп, дарияға мұз қатты. Бірақ қытымыр қыстың кері әсерін де жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан төтенше жағдайларға жауапты сала мамандары мен ауылдық округ әкімдерінен мән-жайды білдік.


Сырдария өзенінің жалпы ұзындығы 2212 шақырым болса, оның 215 шақырымы Жаңақорған ауданының аумағынан өтеді. Яғни Көктөбеден Төменарыққа дейінгі елді мекендердің тұрғындары дарияның игілігін көріп отыр.
Дария – дүлей күшке ие. Кемеліне келіп ақса жолындағыны жайпап кетеді. Мұның зардабын талай рет сезіндік. Мәселен, 2005 жылы Төменарық ауылының шетіндегі (Сунақата мен Шиелі магистралды каналының ортасындағы үйлер) 36 тұрғын үй бір сәтте тасқын судың астында қалды. Жылда дарияның ағысы төмен иінді жерлеріне мұз қататын. Биыл өзен тұтастай мұзға жабылды. Тіпті тұрғындар мұз үстімен ары-бері өтіп жүр. Өзеннің жоғарғы ағысындағы мұздар еріп, сең жүрген уақытта, солтүстік аумақтарда мұз сіресіп тұрса не болады? Тұрғындар осыдан қауіптеніп отыр. Бұл жөнінде аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен білу үшін байланыстық.
– Қазіргі таңда 215 шақырымның 145 шақырымында мұз бар. Көктөбе ауылынан Қандөз ауылының Қалғынсыр елді мекенінің арасы ашық. Өзендегі мұздың қалыңдығы 10 см. Өзенде сең жүріп жатқан жоқ, ауа райының жылуына байланысты мұз орнында еріп ыдырап жатыр. Қазіргі таңда өзен бойындағы барлық елді мекендерде жауапты мекемелер тарапынан кезекшіліктер қойылып, өзен суына бақылау жүргізілуде. Шаруа қожалықтарға ескертілді. Өзен суы көтерілген жағдайда халықты, үй жануарларын көшіру орындары нақтыланды, – деді бөлім бастығы Берікбай Омаров.
Сырдария өзенінде су деңгейі көтерілген кезде аудан бойынша 8 қауіпті аумақ бар, олар: Көктөбе, Қалғансыр, Қауық, Қожакент, Өзгент, Жаңақорған кентінің күн батыс жақ бөлігі, Байкенже және Төменарық ауылының күн батыс жақ бөлігі. Аудан бойынша қауіпті аймақта 3387 тұғын үй, 22 089 халық тұрады. Аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Шерхан Ашимов:
– Қызылорда облысының әкімімен бекітілген «2021 жылға арналған Азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштерін, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мемлекеттік жүйесінің Қызылорда облыстық аумақтық құрамдас бөлігін дайындау жөніндегі іс-шаралар» жоспарына сәйкес жұмыстар атқарылуда. Қазір қауіпті 8 учаскеге ауыл әкімдігі аппараты мен 8 мекеме бекітіліп, тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылуда. Берілген тапсырмалар уақытылы орындалып, күнделікті дария деңгейі мен су қоймалары бойынша мәліметтер жинақталып, мониторинг жүргізілуде. Айта кететіні, Түркістан облысы аумағынан 7 ақпан күні сең жүріп, Көктөбе арқылы өтіп, қазір Аққорған ауылдық округі тұсында тұр. Округ тарапынан бөлек, аудандық «Қазсушар» өндірістік учаскесі де кезекшілікті атқаруда, – деді ол.
Аққорған ауылдық округінің әкімі Сардар Садықовтан өзеннің қазіргі ахуалына байланысты сұрағанымызда, әкім төтенше жағдайға дайын екенін жеткізді. «Біздің ауыл аса қауіпті аймаққа жатпайды, су арнасынан асқанда құйылатын көлдер бар. Егер дариядан су асқан жағдайда құрал-саймандар сақадай сай тұр» – дейді ауыл әкімі.
Көктөбеден бастау алған сең жөнінде ауыл әкімі Боран Абуов та ауыл-аймақ аман екенін, ешқандай төтенше жағдай болмайтынын хабардар етуде.
Дариядан қауіп келетін аймақтың бірі – Қожакент ауылы болатын. 2017 жылы елді мекенді су басу қаупі болғаны әлі есімізде. Сол жылы алдын алу жұмыстарының арқасында тосыннан келген жағдайға тосқауыл бола алды.
– Төтенше жағдайлар министрлігі арқылы ауылдың солтүстік беткейіне 6,5 шақырым бөгет салынды. Дариямен жалғасып жатқан «Қойлақата» көлі мен «К-2» қашыртқысының ортасына 14 млн теңгеге су реттегіш шлюзы қойылды. Дариядан бізге төніп тұрған қауіп жоқ, – деді ауыл әкімі Асылбек Айтжанов.
Сол секілді байкенжеліктер де өзеннен келетін қауіпке қамданып қойған. Ауыл әкімі Нұрғали Оспанов: «3 жыл бұрын ауыл аумағынан 4 шақырым болатын қорғаныш бөлеті салынып, көміліп қалған өзектер ашылды. Дариядан келетін су дамбы арқылы айналып, арнасына қайта түсіп отырады. Жалпы қандай жағдай болмасын дайынбыз» – деді.
Аудан аумағында өзенге құятан арналар жоқ. Ертеректе таудың қалың қарынан қуат алатын Қаратаудың үлкенді-ұсақты өзендері Сырдарияға қосылатын. Қазір қайта дарияның суы бөлшектенеді. Яғни Мұсаханов, Сумағар, Сунақата каналы арқылы аудан халқы егін шаруашылығын дамытып отыр.
Сондай-ақ Тайпакөл-Қандарал көлдер жүйесі және елді мекендер маңындағы көлдерді Сырдария өзенінің суымен толтырып алу маңызды саналады. Яғни мол суды бағыттауға резервті каналдар мен көлдер бар.
Сырдария өзені бойында аудан аумағында жалпы ұзындығы 50,919 шақырым қорғаныс бөгеті бар, Көктөбеде – 5,870 шақырым, Қалғансырда – 2,380 шақырым, Қауықта – 1 шақырым, Жаңақорған-Төменарықта – 34,140 шақырым, Байкенжеде – 1,534 шақырым, Қожакентте – 5,995 шақырымды құрайды.
Сыр беткейдегі ауылдардың бүгінгі ахуалы осылай, енді Төменарықтағы қам-қарекет қалай? Мұны ауыл әкімі Нүркен Қошқарбековтен сұрадық.
– Қазір ауыл маңындағы 1,8 шақырым дамбыны көтеру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмысқа облыстық төтенше жағдайлар басқармасы жауапты. Төменарық аймағына да ерте әрекет жасалуда. Қалғаны уақыт еншісінде, – деді ол.
Дариядан биыл қауіп болуы мүмкін дегенді су шаруашылығы саласының ардагері Темірбек Құтжанов алға тартып:
– Сырдария өзенінің ені 70-100 метр аралықта өзгеріп отырады. Тереңдігі де әр қилы. Өзеннің бір жерлерінде 4-5 метрге дейін болса, бір жерлерінде 2-3 метрді құрайды. Ал, Төменарық аулының «Қанайтам» деген жердің тұсында пайдалануға берілген үрлемелі су тоспасы дариядан келген сеңді өткізуге қауқарлы ма? Дарияның жоғары бөлігі – оңтүстік аймақтарда мұз еріп, сең жүрген жағдайда солтүстік аудандарда мұз сіресіп тұрса, зардап шегетін Төменарық болатыны айтпаса да түсінікті, – деді.
Иә, биыл қардың қалың жауғанын көрдік, бірақ аяз қатты болды деуге келмейді. Бұл жайында алдыңғы аға буыннан сұрап көрген едік.
– Мұндай қар 1994 жылдан енді көріп тұрғанымыз шындық. Ол кезде қардың қалыңдығы 25-30 сантиметр болатын. Биыл сол жобалас қар түсті, бірақ дариядан келер қауіп бар деп айту қиын. Өйткені, бұрындары 1000-1200 куб су өтетін болса, бүгінде 500-600-ден асады. Оның үстіне биыл күн аяз емес, демек төтенше жағдай болады деп айта алмаймыз. Лайым болмағаны дұрыс, ел аман болсын, – деді ардагер қаламгер Ерубай Қалдыбек.
Қалай болғанда да, тілсіз жау айтып келмейді. Дарияда тірескен мұз бар, сондықтан, қауіптің алдын алуға қашанда дайын болуымыз керек-ақ.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
13 ақпан 2021 ж. 791 0