Қарны тоқтық, жұмысы жоқтық...
Иә, қазақтың бас ақыны қоғамдағы кемшін тұсты жеңіл жеткізгенімен, сөздің түбінде ащы ақиқат бар. Адамның бос отыруы шайтанға таптырмас мол мүмкіндік. Ол дереу бос отырған адамның ойын бұзып, түрлі жамандыққа үгіттейді екен. Содан болар, үйде жамбастай жатып алып, әлеуметтік желіде әрнәрсенің басын бір шалып, «диван батыр» болып жататындар көп. Жылт еткен жаңалыққа жүрегі жылынбай, «пәленше қымқырыпты, бәленбай мың жымқырыпты, анау оттаған, мынау соттаған» деп өзіне дым қатысы жоқ жандарға күйе жағып, әлеуметпен жанжалдасып, күнәға батып жүргені.
Түркі әлемінің діндәрі Ахмет Яссауи: «Кітабына үңілген бала, егін егумен айналысқан егінші, қолы істегі тігінші, ас үйде тамақ пісірген әйел жамандық ойлауға уақыт таппайды. Оны мың періште қанатымен қағып тұрады» деп өсиет етіпті. Осыдан-ақ, іске кіріскен жанға Құдайдың өзі несібесін мол ететінін аңғарамыз. Исламда, ұзақ уақыт демалыс жасау кездеспейді. Әр сәтті тиімді кәдеге жаратудың асыл үлгісі жатыр. Бес уақыт намаз оқу, Жаратушыға салауат айту, күнделікті тіршілікке қамдану секілді саф тіршілікке бағыттайды.
Замандастар арасында «уақытымды қалай өткізерімді білмеймін» деуі де аса қауіпті жағдай. Қоғамдағы келеңсіз жағдайлардың бастауы осы қол бостық, жұмысы жоқтықтан бастау алып жатқаны баршаға аяң. Сотты болып, қылмысқа барған жандардың көпшілігі «азғындықтан» өзін құтқара алмаған секілді. Әсіресе, жастардың бұзақы топтарға қосылуы, нашар қылыққа үйірсектенуі, секталарға ұрынуы, қылмысқа итермелеуі, моральдық азғындауы қолы бос кезінде, жұмысы жоқ кезінде жасалады емес пе?
Қазақта «Тәуекел істің жартысы», «Еңбек қылмай ер оңбас», «Адал еңбек аздырмас, жамандық бойды жаздырмас» деген тамаша тағылымды тәмсілдер бар. Абайша айтсақ, «Біреудің мінін тергенше, өзіңмен алыс өлгенше». Ғайбат айтып, ғайыптан ғажайып жасай алмайтының тағы бар.
Бақсақ, бес уақыт парызды 24 сағатқа жүйелеп бөлінуінде де құпия бар. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» дегендей, таң сәріден оянып, тіршілікке қамданған жанға ырзық-несібе мол болатынын білсек те, түс ауа іске кірісетіндер де бар. Уақытында қарекетін жасамай, несібеден қағылған жандар кімге өкпе артпақ? Жаратушының нығмет етіп берген өлшеулі уақытының қадірін қаншалықты аялай білдік? Тоқшылықтың тұмшалаған түнегінен арыла алмай жүргеніміз бе?Сіз қалай сабақтар едіңіз ойлы оқырманым?
Мақпал МАРҚАБАЙ
Пікір 1