№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » «Халық денсаулығы қатаң бақылауда»

«Халық денсаулығы қатаң бақылауда»

Коронавирус жер жүзін бір тарының қауызына сыйдырып жіберген кезде алдыңғы шепке медицина саласының мамандары шықты. Мұндай міндетті аудандық аурухананың қызметкерлері де арқалағынына жұрт куә. 2020 жылы атқарылған жұмыстар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Бексейітұлының қатысуымен талқыланды.

Аудандық емхананың мәліметінше, 75448 аудан халқына 185 орынға арналған тәуліктік орталық аурухана, 2 ауылдық аурухана, 1 аудандық емхана, 17 дәрігерлік амбулатория, 8 фельдшерлік-акушерлік бекет, 10 медициналық бекет, 49 жалпы тәжірибелі дәрігерлік аймақ қызмет көрсетуде. Естеріңізде болса, өткен жылдары дәрігерлер 2-3 айлап айлықтарын ала алмай, еңбек ақы туралы мәселе туындаған болатын. Міне, осы мәселенің түйіні тарқатылып, дәрігер қауымы айлығын уақыттылы алуда. Тарқатып айтар болсақ, 2020 жылдың 1 қаңтарына мекемеде 460 537,4 мың теңге кредиторлық қарыз қалыптасып, қаржылық-экономикалық жағдайды тұрақтандыру мақсатында іс-шаралар атқарылды. 2021 жылдың 1 қаңтарында кредиторлық берешек көлемі 296 626,0 мың теңгеге кеміді. 2021 жылдың 1 ақпанында аталған кредиторлық берешек мөлшері 80 833,9 мың теңгені құрады.
–     Аудандық аурухананың ең өзекті мәселесі уақытылы айлық ала алмау еді. Осыны бір іздендіріп, шешу жолын қарастырдық. Ұйымда 170 жоғары білімді дәрігер жұмыс істейді. Мұнда 823 орта буынды маман, олардың 567-ында біліктілік санаты бар,– деп бастады сөзін ауданның бас дәрігері Яхия Шорабаев.
Ал, қауіпті індетпен күресте күндіз-түні үй бетін көрместен халық денсаулығы үшін қызмет еткен мамандардың арасында мемлекеттік жәрдемақы алмағандар құжат қабылдайтын бағдарламаның сайты жабылуына байланысты мүмкіндік болмай тұрғанын облыстың бас дәрігері түсіндірді.
 
Ана мен бала саулығы басты назарда
Пандемия – ана мен бала денсаулығына да кері әсерін тигізіп, түрлі ауруларды қоздырып тұрғаны мәлім. Ауданның бас дәрігерінің сөзін тарқатар болсақ, аудан бойынша әйелдер саны 36562, оның ішінде, ұрпақты болу жасындағылары – 15449. Сондай-ақ жүктілікпен есепке алынған әйелдер – 2358, оның 12 аптаға дейін есепке тұрғандары – 2132. Жүкті әйелдер арасында тіркелген экстрагениталды аурулар 2020 жылы – 2215. Экстрагенитальды аурулардың ішінде ең жиі кездесетіндері анемия – 1226, несеп шығару жүйесі аурулары - 560.
Вирус өршіп тұраған шақта, бір анадан айрылып қалғанымыз рас. Бұл оның 5 - ші жүктілігі, 4-ші босануы еді. Бір жылда 2111 босану болса, 88 әйел ауданнан тыс жерде, оның ішінде Түркістан облысында 78 әйел босанды. Аудан орталығынан шалғай орналасқандықтан Қандөз, Қаратөбе, Келінтөбе, Бесарық елді мекендерінен жүкті әйелдер Түркістан облысына барып босануда.
Сандарды сөйлетер болсақ, 97 жүкті әйел мерзімінен бұрын босанды. Аудандық ауруханада 71 анаға кесар тілігі операциясы жасалды. Жүктіліктің асқынуы бойынша 50 преэклампсияның ауыр дәрежесімен, 30 критикалық  жағдай тіркелді. 2020 жылы 0-1 жас аралығында ауданда 22 нәресте шетінеді.
Жиында сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов:
– Біз ауыр сынақтан өтіп келеміз. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы ең бірінші кезектілікте ана мен бала саулығын басты назарға қояды. Міне, біз ең алдымен халық саны арту үшін осыны естен шығармауымыз керек. Ана мен бала саулығына қажетті барлық қажеттілікті жасап, өлім-жітімнің азаюына септігімізді тигізуіміз қажет. Халық денсаулығы қатаң бақылауда,– деп, әр ананың денсаулығына қамқорлық танытуды тапсырды.
Халықты ақпараттандыру қалай?
Басқосуда бірыңғай фармацевтикалық ақпараттық жүйе арқылы тапсырыс беріліп, 310 980 307,02 теңге көлеміндегі дәрілік заттар ауданаралық аурухананың маман дәрігерлерімен «дәрілік заттармен қамтамасыздандыру» ақпараттық жүйесі (ИСЛО) арқылы 17651 науқасқа 31476 рецепт жазылғаны, КВИ бөлімшелерінде 11826 ем алғаны белгілі болды. Осы тұста аудан әкімінің орынбасары Дархан Есалыұлы:
–     Аудандық ауруханада бір жылда қаншама еселі жұмыстар атқарылуда. Алайда, халықты құлақтандыру жағы кемшін. Осыны аурухананың фейзбуктегі аккаунтында ашып жазылса, жұмысын ашықтық пен жариялыққа басымдылық берілсе, халықта мәселе туындамас еді, – деген талабын айтты.
Иә, дәрігерлер әлеуметтік желіде ақпарат салмайды деуден аулақпыз. Мысалы «Open Janakorgan Auruhana» фейсбук аккаунты арқылы тұрғындарға коронавирус және МӘМС туралы ақпарат берілуде. Десе де ауруханадағы әрбір бөлімнің жеке жұмысы туралы мәліметтер жоқтың қасы.
Жиында «Шалқия Облыстық оңалту орталығы» мекемесінің бас дәрігері Ерғабит Илиясов сөз алып, орталықтың ғимаратына күрделі жөндеу қажеттілігін алға тартты. Күніне 70 адамға дейін ем қабылдауға қауқарлы медициналық мекеменің қарқынды қызмет көрсетуі үшін білікті мамандар да керектігі айтылды. Дәрігердің ұсынысына облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов қолдау білдіретінін жеткізді.
Мақпал МАРҚАБАЙ
07 ақпан 2021 ж. 501 0