Құрқылтайдың ұясы және оның емдік қасиеттері
Біз – қазақ ауырғанда шипаны ең алдымен Алладан сұраймыз ғой. Ал Алла-тағала бізге ем ретінде осындай керемет жаратылысты сыйлаған.
Соның бірі – осы құстың ұясы.
Кішкентай ғана көзге көрінер-көрінбес осы құс ұясының өте керемет емдік қасиеті бар екенін біреу білсе, біреу білмес. Мен бұл жайлы айта қалсам: «Құрқылтай деген не?» – деп сұрайтындар да бар.
Сондықтан ол жайлы толығырақ түсіндіре кетуді жөн көрдім.
Құрқылтай – бұл қасиетті де киелі құс. Құрқылтайдың ұясы 80 түрлі ауруға ем.
Радикулит, цистит, қуықтағы грыжа, сүйек сырқырауы, буынның сырқырап қақсауы, тамырлардың ісінуі, бүйрек аурулары, ревматизм, жыныс жолдарының суықтауы, жатырдағы түрлі аурулар, простатит, аденома, бедеулік, белсіздік, құрсақ көтермеу сияқты көптеген ауруларға ем.
Және де бұл емді кез келген адам үй жағдайында қолдана алады. Ешқандай қиындығы жоқ. Тек ұяның бұлауына кешке жатар алдында түскен жөн.
Өйткені ем қабылдағаннан кейін желге шығуға, суық тигізуге болмайды. Ем он немесе он бес күнге дейін жалғасады. Міне, осы он бес күнге осы құстың бір ұясы жетеді.
Ем қалай жасалады? Оны кәдімгі құрғап, кеуіп тұрған адыраспанмен араластырып қолдануға болады. Түтетіп, қымтанып, соның буына «отырасыз». Бұл – бұлаудың бір түрі.
Ол сырт көзге күлкілі көрінуі мүмкін. Алайда үш-төрт күннен соң шынында да шипалық әсері бар екеніне көз жеткізе бастайыз. Кейде тіпті бір қолданғаннан кейін-ақ пайдасын көресіз.
Ендігі бір айтарым, ем екен деп құрқылтайдың ұясын кез келген уақытта алуға болмайды. Ұяны балапаны қанат қағып, ұшып кетіп, ұя бос қалғанда ғана алуға болады. Әйтпесе киелі қүстың киесі ұрады.
Мен бала күнімде еститінмін: кезінде Қытайда осы құстың өзі мен бір ғана ұясын бес тонна күрішке бағалаған деседі. Неге күріш дейтін шығарсыз. Өйткені бұрын қазақ сауданы етпен (малмен) бағаласа, Қытай күрішпен бағалаған. Қытайдан келген қандастарымыз болса білетін шығар, қателеспесем бұл құстың қытайша атауы Юнбао болса керек.
Юнгбао болуы да мүмкін. Менің оған нақты дәлелім жоқ, бірақ естіген емдік қасиеттеріне қарап тап сол Юнбао (Юнгбао) деп ойлап отырмын. Бұл жағын Қытайдан келген қандастарыма қалдырайын, анық-қанығын солар айта жатар.
Ал мен осы құстың ұясы жайлы бала кезден естіп, көріп келе жатқан, өзім нақты білетін аздаған мәліметіді көпшілікпен бөлісейін.
Ұя негізі шөп пен жібектен тұрады.
Құс оны ауыз сілекейімен мықтап өре тоқиды. Кәдімгі әжелердің баласына шұлық тоқығанындай шеберлік дерсіз. Егер қолыңызға ұстап, жақсылап қарасаңыз, асқан шеберлікпен тоқылған, кішкене тесігі бар себет қапшықты елестетеді.
Құрқылтай ұяны кем дегенде 7 метр биіктікке – ағаш басына салады. Жерден қарағанда бұл кәдімгі себет қапшықты ағаш бұтағына ілдіріп қойғандай көрінеді.
Алайда қанша күшті жел, нөсер жауын, боран болса да ұя сол қалпы тұра береді, үзіліп жерге түспейді. Не желмен ұшып жоғалып кетпейді. Өйткені ұясын тоқығанда жібекті ағаштың бұтағына мықтап «байлап» тастайды.
Ұяның негізгі емдік пайдасы құрқылтайдың ауыз сілекейінде. Тағы да айта кететін жәйт: құс ұясын салуға жақын маңдағы ауыл үйлерін аңдиды екен. Себебі жібек жіпті сол үйлерден «ұрлап» алады.
Жібектен басқа мақтадан немесе синтетикадан жасалған маталарға тиіспейді. Міне, сол үшін болса керек, ұясын адамдарға пайдалануға қалдырады дейді.
Адамзаттың арқасында ұя соғып, балапаны ұшқан соң сол ұяны сол адамзатқа емге тастап кетеді. Тап осы күн біздің елде бұл құс Қызылорда тоғайларында көп кездессе, Өзбекстанда Бұқара аймағында, Түрікменстанда Қарақұм арнасы айналасында көп кездеседі.
Ұяның құны әр жерде әрқалай. Мың жарым теңгеден басталып бес мың теңгеге дейін!
Мұны да біле жүрейік, ауырмаңыздар, ағайын!
Ғани ӘЛИХАН.