100 күн: мерейлі міндеттер межесі
Әрине, 100 күндік межемен елдік міндет-мұраттар бітпейді. Дегенмен осы аралықта қолынан іс келетін адам біршама мәселенің түйінің тарқата алады. Мұны неге айтып отырмын? Бүгін Руслан Рүстемовтің екінші рет әкім болып келгеніне 100 күн толды.
Бірден айтайын, Руслан Рүстемовке дейінгі әкімдер хал-қадірінше елге қызмет етті. Мен білетін, Ғалым Әміреев кәсіпкерлік бағытында, Сұлтан Мақашев құрылыс саласының кәнігі маманы екенін көрсетті. Әкімдер аудан еңбеккерлерін берекелі іске бағыттау арқылы нәтижелі істер атқарды. Бұған «Үздік аудан», «Озат аудан» аталымы бойынша марапат биігінен көрінгені дәлел болары анық.
Жә-жә, тақырыптан ауытқымай, Руслан Рүстемов 100 күнде қандай бастамасымен есте қалды. Соған тоқталайын. Өйткені осы аралықта қай істің де даму бағыты айқындалып, тың бастамалар қалыптасатыны белгілі ғой.
Бірден айтайын, Руслан Рүстемовке дейінгі әкімдер хал-қадірінше елге қызмет етті. Мен білетін, Ғалым Әміреев кәсіпкерлік бағытында, Сұлтан Мақашев құрылыс саласының кәнігі маманы екенін көрсетті. Әкімдер аудан еңбеккерлерін берекелі іске бағыттау арқылы нәтижелі істер атқарды. Бұған «Үздік аудан», «Озат аудан» аталымы бойынша марапат биігінен көрінгені дәлел болары анық.
Жә-жә, тақырыптан ауытқымай, Руслан Рүстемов 100 күнде қандай бастамасымен есте қалды. Соған тоқталайын. Өйткені осы аралықта қай істің де даму бағыты айқындалып, тың бастамалар қалыптасатыны белгілі ғой.
800 ШАҚЫРЫМДЫҚ ЖОЛ
3 қыркүйекте Руслан Рүстемұлы Жаңақорған ауданына әкім болып тағайындалды. Бұл жаңалыққа қалам ұстаған қауым қатты қуанды. Өйткені әкімнің ақын-жазушыларға жақын екенін жақсы білеміз. Арада бес күн өткенде «Ауылдарды аралаймыз, жолға шықсын» деген хабар жетті. Атқа қондық. Бағыт – Сыр беткейдегі ауылдар.
Әкім ауылдық округтерді аралап жүргеніміздің себебін былай түсіндірді: «Елді мекендердегі ағайынды толғандыратын қажеттіліктерді білу және оның маңызын саралап, шешілу жолын қарастыру. Тіршілік болғандықтан әр уақыттың өз міндеттері, өз мәселелері болады. Оны ұтымды ұйымдастыру арқылы тетігін табамыз».
Содан әкімнің артынан еріп, әр ауылдың тұрғындары көтерген мәселелерге мән бердік. Еркін форматта өрбіген кездесулерде ауыл азаматтары ашыла сөйледі, екінші рет әкім болғанын қуана қабылдағандарын жеткізді.
Әкімнің кішіпейілділігіне, қарапайымдылығына тәнтімін. Үлкен-кіші деп бөлмейді. Бәрімен тең дәрежеде сөйлеседі. Сондай әңгіме барысында: «Мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов ағамыздың Жаңақорған ауданы екі аудан, оның Сыр беткейі мен қыр беткейі бар» дегенін еске алып, бір күліп алғаны әлі есімде.
Не керек, 8 қыркүйекте басталған кездесулер 17 қыркүйекте аяқталды. Әкім 26 ауылдық округті аралап шығып, ондағы өзекті 100-ден аса ұсыныс-пікірді саралады. Көтерілген мәселелердің 70 пайызға жуығы соңғы үш жыл көлемінде дағдылы қайталанатын ұсыныстар екені белгілі болды. Көтерілген ұсыныстың 16-ы бір айда шешімін тауып, қайтадан ауыл-ауылды аралауға шықтық. Бұл – 26 қазаннан 3 қарашаға дейінгі күндерге тура келді. Енді есептеп көріңіз, ауданның екі шеткі ауылы – Байкенже мен Көктөбе ауылдық округінің ара қашықтығы – 160 шақырым. Сунақата мен Бесарықтың арасы – 100 шақырым. Күре жолдан әр ауылдық округке баратын 5-6 шақырымдық жолды тағы қосыңыз, енді оны екіге көбейтіңіз, сонда – 800 шақырымдай жол шықпай ма? Әкім күнделікті сандаған жұмысынан саңылау тауып, осындай шақырымды бағындыруы тектен тек емес. Жұмыс істесем, іс бітірсем деген ниеті болса керек-ті. Яғни кабинетте есеп-қисаппен отырмай, елмен етене жақын араласып, ашықтық пен жариялық қағидасын ұстанып, сөздің емес істің адамы екенін байқатты...
Әкім екінші аралағанында әр ауылдың әлеуетіне қарай қандай бастамалар атқаруға болатынын, оны шешу жолдарын ортаға салды. Сондай-ақ бұған дейін көтерілген мәселелердің қай деңгейде, қалай шешілетінін баяндады.
Өзім куә болған бір жағдай – Келінтөбе ауылдық округінің тұсындағы жолдың 4 шақырымы өтпелі болып, 2021 жылы аяқталуы тиіс-тұғын. Бұған ауыл тұрғындары алаңдаушылық білдірді. Өйткені ескі жолды бұзып тастап, қара жолға айналған-ды. Әкім мәселенің өзекті екенін біліп, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға телефон соғып, тұрғындардың өтінішін жеткізді. Өңір басшысы қолдау білдіріп, жолдың аяқталуына жағдай жасады.
Жақында 26 ауылдық округтің орталық көшелеріне күннен қуат алатын жарық бағаналары орнатылды. Бұл – аудан әкімінің ауыл тұрғындарына берген сөзіне беріктігін көрсетке керек-ті.
Одан бөлек, Жаңақорған кентінде орналасқан мекемелер – М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйі, Әлшекей атындағы өнер мектебі, аудандық тарихи-өлкетану музейі, аудандық архив, аудандық кітапхана, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі және бірқатар мектептің техникалық базасын көрді. Бастысы, аудандық аурухананың жағдайын біліп, коронавирустың болуы ықтимал екінші толқынына дайындығын пысықтады.
АУЫЗ СУ МЕН ГАЗ –
ӨМІРДІҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ
Иә, ауыз сусыз тіршіліктің мәні кетеді. Мұны жаңақорғандықтар жақсы біледі, әрі оның қиындығын сезініп келеді. Жаңақорған кентіндегі ең күрделі мәселе – ауыз су. Р.Рүстемов осының мәнін терең түсінетінін білдірді. Әкім болып келгеннен кейін кеңейтілген техникалық кеңес өткізіп, оған тиісті сала және мердігер компанияның басшыларын, белсенді азаматтарды жинап, қалай болғанда да, Жаңақорған кентінің тұрғын үйлеріне су құбырын жеткізу сервистік желісін сапалы жүргізу әрі уақытылы тапсырудың жолын айқындады. 4 айдан бері тоқтап тұрған істі қайта жандандырудың жолын табу өте маңызды. Себебі мемлекеттік сатып алу конкурсына түскен компаниялар сотқа арыз-шағым түсіруінің нәтижесінде маңызды іс тоқтап қалғаны белгілі. Осыған байланысты шұғыл шешім қабылдап, тиісті жерлерге қызметтік хаттар жазып, кент тұрғындарының 30 жылдан бері күтіп отырған ісінің дұрыс шешілуіне қол жеткізді. Қазір мердігер компания үйлерге су кіргізуде...
2015 жылы Жаңақорған кентіне көгілдір отын қосылды. Бірақ осы күні газға қосылмаған тұрғын үйлер бар-тұғын. Осы мәселені зерделеген әкім шұғыл газды қосуға кірісіп кетті. Тиісті сала басшыларын сынға алып, нақты тапсырма берді. Нәтижесінде Саяжай аумағындағы 7, 8, 9, 10, көше, МАИ бекетіндегі 6, 7, 8, 9, 10, 11 көше және Санатория, Қорғантоғай, Жаңауыл, Алтыкрант, Хорасан ата көшесімен қиылысатын қуыс көшелер газға қосылды.
Бұған кент тұрғындары қатты қуанып, әлеуметтік желі арқылы әкімге алғысын жеткізгенін оқыдық.
КЕНТ КЕЛБЕТІМЕН КӨРІКТІ
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолынан Жаңақорған кентіне келетін жолдың екі шетіне 2015 жылы абаттандыру, көркейту жұмыстары жүргізілген-ді. Бес жылдан бері қоршауының сиқы әбден кетті. Одан бөлек, көшелердегі бағаналардың түсі қашып, реңі кеткен еді.
Осыған мәндес істер Руслан Рүстемовтің бұған дейін әкім болғанында атқарған еді. Осыған әкім қайта мән беріп, Шалқия кентінен Жаңақорғанға келетін жолдың екі бетіндегі мәуелі ағашқа айналған жасыл аймақ арам шөптерден тазартылып, тазалау жұмыстары жүргізілді. Қоршауы сырланып, өзгеше реңк алды. Ал кент ішіндегі бағаналар түрлі түсті бояумен әрленді. Әлеуметтік бильбордтардың идеологиясына қайта қарап, толық өзгертуге пәрмен берді. Кенттің бас көшелері диодты шамдармен алмастырылып, түнгі кент жарқырай түсті. Осындай ауқымды істер 100 күннің ішінде атқарылды.
СЫР ЖУРНАЛИСТЕРІ ЖАҢАҚОРҒАНҒА ЖИІ КЕЛЕТІН БОЛДЫ
Расында, Руслан Рүстемов әкім болғалы Сыр журналистері үш рет пресс-тур аясында Жаңақорғанда бас қосты.
Біріншісі, ауданның ауылшаруашылығы саласының әлеуетін бағамдау. Осы бойынша Жаңақорған кенті, Түгіскен, Келінтөбе, Қаратөбе ауылдық округіндегі шаруа қожалыққа арнайы барып, егін, мал және балық шаруашылығында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстық.
Екіншісі, аудандағы тарихи орындарды аралап, туристік бағыт-бағдарды бағдарладық. Сығанақ қаласынан басталған пресс-тур Өзгент шаһарында жалғасты. Одан бөлек, Төлегетай-Қылышты ата кесенесі, Хорасан ата және т.б әулие-әмбиелерге арнайы барып, зиярат еттік.
Үшіншісі, кеше ғана кәсіпкерлік бағытындағы пресс-турға Сыр өңірінің журналистері тағы арнайы келді. Журналистер жаңақорғандық кәсіпкерлердің тың тәжірибелерін көріп, облыстың халқына насихаттауда.
ЕГІНШІЛЕРГЕ
ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТ
Аудан әкімі қызметіне тағайындалғаннан кейін Руслан Рүстемұлының алғашқы күндері атқарған жұмысы егіншілердің қуанышына ортақтасып, бірнеше ауылдағы егінге орақ салу рәсіміне қатысумен жалғасты. Адал еңбекті ту еткен егіншілер үшін бұл ерекше құрмет екені анық. Қыркеңсе, Түгіскен, Келінтөбеге жасаған жұмыс сапарында дала еңбеккерлеріне шынайы сәттілік тілеген аудан басшысы барлық жетістіктің астарында маңдай тер мен ізденіс жатқанын және ауданның жоғары жетістікті бағындыруында диқандар қауымының үлесі айрықша екенін жеткізді.
Атап өту керек, егіншілердің қуанышын бөлісіп, егінге орақ салу рәсіміне қатысу үшін маңызды жиналыстар мен келелі кездесулерден уақыт табу оңай емес. Мұны мемлекеттік қызмет саласында жұмыс жасағандар жақсы түсінеді. Әкімнің әр минуты есептеулі. Оның үстіне жоғары тұрған органдар тарапынан берілетін көптеген тапсырма бар. Олардың уақтылы, сапалы орындалуы мен жүзеге асырылуын бақылау да аудан басшысының еншісіндегі жауапты іс. Дегенмен аудан әкімі тығыз жұмыс кестесіне қарамастан аудан аумағындағы барлық шаруашылықтың егінге орақ салу рәсіміне қатысты.
Тағы бір айта кетерлігі, егін жиналып, қорытындыланған тұста да аудан басшысы дала еңбеккерлерінің жанынан табылды. Бұл ауданның ырыс-құты болып саналатын ақ күрішке, жаз бойы тынбай еңбек еткен адал егіншілерге деген құрметтің белгісі еді.
КӘСІПКЕРЛІКТІҢ
ДАМУЫНА МҮДДЕЛІ
Үкімет шағын және орта бизнес саласына көңіл бөліп, көптеген жеңілдіктер қарастыруда. Соның бірі – қайтарымсыз гранттар. Әрине 555 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа барлығы бірдей ісін дөңгелетіп әкете алмасы анық. Алайда іске епті, белсенді кәсіпкерлер де бар. Солардың ісін аудан басшысы Руслан Рүстемов арнайы барып көрді. Делегация құрамымен біз де бардық.
Алдымен ауданда иіс сабын өндіруді бастаған Гүлназ Мейрамбекқызының Т.Бигелдинов көшесі №75 үйіне барды. Ол той-томалаққа және т.б қызықшылықтарға қажетті кәде-сыйлар жасайды екен. Сосын Байдүйсен көшесі №53 үйіндегі Назира Машрапованың кондитерлік өнімдерін көрді. Одан кейін Мұсаханов көшесі №18 үйінде ашылған фитнес клубқа арнайы барды. Жалғасбек Оспановтың массаж кешенінде болды. Әкім әр кәсіпкерге қандай көмек керек екенін біліп, кәсіпті кеңейтуге байланысты қажет болғанында қолдайтынын жеткізді. Яғни кәсіпті бастаған қарапайым азаматтарды қолдауға пейіл екенін танытты.
АҚЫНЖАНДЫ ӘКІМ
Бұл сөз Руслан Рүстемовке байланысты жиі айтылады. Расында ол сөздің қадірін түсінеді, ойы жүйелі, оқығаны көп. Жаңақорған туралы патриоттық әндердің байқауына әкімнің сөзіне жазылған әннің қатысқанын жақсы білемін.
Мұғалімдер күніне орай өткізілген кездесуде аудан әкімі Руслан Рүстемовтің ұстаздарды ардақтай сөйлеп, ойын өлеңмен түйіндегені бар. Карантиндік талаптарға байланысты жиынға тек марапатталатын ұстаздар ғана қатысты. Бала оқытып, сөздің мән-маңызын терең білетін ұстаздар қауымы әкімнің сүбелі сөзі, орнықты ойын естіп сілтідей тынып қалған-ды.
ӘКІМ БЛОГЕР МЕ?
Дәл осы сұрақты бір танысым қойды.
– Жоқ, әкім өзінің көрген-білгенін жазады. Естеліктерімен бөлісіп, көрегенділігін танытады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-ді тізгіндеп, күнделікті білген-көргенімен бөлісіп отыр ғой! Айналып келгенде, бұл – халыққа жақындаудың тәсілі. Facebook арқылы әкімге сауалыңызды жолдауға болады, әрі оның нақты шешімін біле аласыз, – деп мән-жайды түсіндіргенімде әлгі азамат әкімнің ісіне ризашылығын білдірді.
Қазір әлеуметтік желінің әлеуеті артқан уақыт. Осыны ескерген аудан басшысы 29 тамыздан бастап facebook әлеуметтік желісіне тіркелді. Аккаунтында – 2042 оқырманы бар.
«Ақынның аманаты», «Өнер көкке жеткізер», «Тұнба таланттың тұмары», «Сәтті қадам серпілісі», «Тарихи орындардың қадірін білейік», «Бәсеке бастауы білімде», «Ақын шаңырағына арнайы бардым», «Өз өнімімізді қолдайық!», «Кітап оқу қажеттілік», «Ескерткіштер – елдіктің белгісі», «Бір үзім нанның» авторы хақында бір үзік сыр», «Бексұлтанның бекзат болмысы», «Бұқаралық спортты дамыту басты назарда», «Кітабы жоқ ақын», «Айдархан Бибасаров шежірелі қаламгер еді», «Көркем сөздің көсемі суреткер жазушы жайлы сезім пернесі» сынды жазбасында алаш қайраткері Серқұл Алдабергенов, классик жазушы Тынымбай Нұрмағамбетов, ақын Адырбек Сопыбеков, жазушы Айдархан Бибасаров, композитор Бексұлтан Байкенжеев, режиссер Әмір Мәжитов және ақын Тұрар Сүлейменовтің адами қасиетін, тұлғалық болмысын, қаламгерлік қуатын жан-жақты ашып жазды.
Сонымен қатар тарихи орындардың маңызын, білім берудегі жаңашылдар мен аудан спортының арғы-бергі тарихы, бүгінгі спортшылардың жетістігі, кітап оқудың маңызы жайлы ойтолғауларын ұсынып, оқырманын жақсы бағытқа бұрып келеді.
«ЖАҢАҚОРҒАН ЖАУҺАРЛАРЫ»
ЖАРЫҚ КӨРЕДІ
Жақында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылатын игілікті істің байыбына куә болдым. 2021 жылы «Жаңақорған жауһарлары» атты руханият саңлақтарының антологиясы жарық көреді. Осыған байланысты жұмысшы топтың алғашқы отырысы өтті.
Онда жұмысшы топты құру, жинаққа енетін тұлғалардың негізгі критерийлері мен қамтылатын бөлімдері жөнінде алқалы топ ақылдасты.
Белгілі болғандай, бұл жинаққа есімі облыс, республикаға кеңінен танымал ақын-жазушылар, драматург, публицистер, аудан тарихын, географиясын, мәдениетін және тұлғаларын дәріптеген қаламгерлер, Сыр сүлейлері тізіміне енген жыршы-термешілер, дәстүрлі әншілер мен күйшілер енгізіледі. Сондай-ақ шығармалары теледидар, радиоларда насихатталып жүрген жергілікті композиторлар мен «Жаңақорған» тақырыбында ән жазған сазгерлер және республикалық, халықаралық деңгейдегі өнер байқауларының дипломанттары болған эстрадалық әншілер, елге белгілі айтыс ақындары және тарихи ескерткіштер мен тарихи орындар жинақтың мазмұнын арттырады.
Ал бөлімдерге келетін болсақ, бірінші дискісі «Руханият жаршысы» деп аталады. Оған көркем әдебиеттің проза, поэзия, драматургия, әдеби сын және т.б жанрда қалам тартқан танымал тұлғалар топтастырылады. Екінші дискі – «Тарих таңбалары». Онда ауданның тарихи орындары мен ескерткіштері туралы бейнероликтер қамтылады. Үшінші дискі – «Күй – ғұмыр», төртінші дискі – «Айтыстың ақтаңгерлері», бесінші дискі – «Жыр мұра», алтыншы дискі – «Ән әлемін әлдилеген Жаңақорған» деп аталады.
P.S.: Жаңақорған ауданы құрылғалы 37 басшының ізі қалды. Ал Тәуелсіздік жылдары 14-ші әкім ауданның әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени тұрғыда дамыту міндетін мойнына алды. Аудан тарихында әкім міндетін екінші рет атқару Руслан Рүстемовтің бағына ғана бұйырды. Мұны тарихи жауапкершілік әрі үлкен мүмкіндік деп түсінетін әкім түнде Жаңақорған кентін велосипедпен аралап, күндіз-түні еңбек етуде. 100 күнде байыпты іс атқарған басшының бағдары айқын, ол – елге қызмет ету.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ