» » Оnline vs offline: оқудың қай түрі тиімді?

Оnline vs offline: оқудың қай түрі тиімді?


Індет іргемізден енгелі жан біткенді әбігерге салып, өмір сүру салтымызды әп-сәтте өзгертті. Әсіресе, білім саласына айтарлықтай салмақ түсті. Бүгінде жер жүзінің оқушылары мен студенттері қашықтан білім алуда. Сөйтсек, оқудың бұл түрі бүгін пайда болмаған екен. Дерек көздеріне қарағанда, 1840 жылы Британ ғалымы Исаак Питман оқыту үрдісіне енгізген-ді. Яғни Лондондағы университет студенттерінің қашықтан білім алуына мүмкіндік алды. XIX ғасырдың 70 жылдарында АҚШ қашықтан оқытуды қолға алды.
Коронавирустың таралуы себепті бізде енді қашықтықтан оқытылуда. Кембридж және Бристоль университеті ғалымдары дәстүрлі оқытуды ұзақ уақытқа тоқтату – жас ұрпақтың болашақ коммуникациялық және кәсіби дағдыларына теріс әсер ететінін алға тартуда. Осыған орай «Онлайн және офлайн: оқудың қай түрі тиімді?» деген сауалды жерлестерімізге жолдап көрдік.


Қоғамның пікірі екіге бөлінді. Бі­рі офлайн оқуды қолдаса, екіншісі онлайн оқуды тәуір көреді. Офлайн оқуды қолдайтынның бірі Асылзат Сәрсенбаева:
– «Менің мектеп қабырғасында оқи­тын 5 балам бар. Қазір онлайн түрде білім алып жүрген оқушылардың көп­шілігі мұғалімді алдайды, екін­шіден, өз-өзін алдайды. Мектепке барып, мұғалімнен білім алғанға не жетсін? – деді.
Офлайн оқудың артықшылығы көп. Неге десеңіз, оқушы мектепте жан-жақты білім алады. Мұғалімнің қада­ғалауымен тапсырманы мұқият орын­дап, ғаламторды емес, кітап беттерін парақтайды. Бұл сөзімізді кент тұрғыны Ернар Есіркеп те қол­дай­ды:
– «Алты балам бар. Оның төртеуі мектеп жасында. Өзім де, анасы да жұмыстамыз. Балалардың саба­ғын қада­ғалауға мұмкіндігіміз аз. Сонда бала түсінбеген жерін кімнен сұрайды? Мұғалім мен оқушы ара­сында бетпе-бет қарым-қатынас бо­луы керек. Сонда бір-бірімен диа­лог орнап, оқушы өз ойын анық жет­кізіп, түсінбеген жерін сұрай ала­ды. Сондықтан да онлайн оқуды қол­дамаймын», – деді.
Ата-аналардың офлайн оқу түрін қолдайтыны түсінікті. Себебі баланы оқыту оңай іс емес. Ұстаз қызметінің шынайы болмысын Алма Рысжанова бүкпесіз баян етті:
– Ата-ананың барлығы бірдей мек­теп бағдарламасындағы тақырып­тарды меңгерді дей алмаймыз. Ал үйде оқушының сабағын ата-аналар қада­ғалайды. Өзі бағдарламаны то­лық түсінбейтіндер баласына нені үйре­­теді? Мұғалім берген тапсырманы интернеттен көшіріп алып, қайта жібере­тіндер жоқ емес. Қанша деген­мен мұғалім оқушының алдында тұрып сабақ бергенге жетпейді. Бала­лардың қабылдау деңгейі бірдей емес. Осыны да ескеру керек, – деді.
Қашықтан оқытуда бір мәселе бол­са, ол – интернеттің сапасы. Бұл жөнінде ұстаз Самат Сейіткәрім ашық айтты:
– Ашығын айтқанда, білім сапа­сынан бұрын, интернеттің сапасы нашар болып тұр. Біз аудан орта­лығында отырсақ та, кейде оқу­шы­лармен байланыса алмай жата­мыз. Осыдан-ақ қашықтан сабақ беру­дің қиындығын аңғаруға болады. Қысқасы, қашықтан оқытуда дұрыс жүйе болғанымен, оқушылар үшін өте тиімсіз. Мұғалім білімді емес, тапсырманың орындалғанын ғана қада­ғалайды. Бұл алаңдарлық жағ­дай, – деді.

ТҮЙІН. Жүргізілген сауалнама ба­ры­сында көпшіліктің көкейінде жүр­ген сұрақтарға жауап алдық де­ген ойдамыз. Қалай болғанда да, білімді һәм білікті ұрпақ дайындау, ұстаздың негізгі қауымының міндеті екендігі сөзсіз. Ендеше қандай жағдай болмасын, оқушыларға сапалы білім беру жолында аянып қалмайтынына сенеміз.

Әсел КЕҢЕС
02 желтоқсан 2020 ж. 1 677 0