№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қорғаныс қабілетіңіз қандай?

Қорғаныс қабілетіңіз қандай?


Әне-міне дегенше күн де салқындады. Ауа-райының құбылуы да адам ағзасын қолайсыз күйге түсіретінін ескерсек, жұртшылық арасында түшкіріп-пысқырып жүретіндер жиілейді. Бұл иммунитеттің төмендігінен болатыны сөзсіз. Мамандардың пікірінше қорғаныс қабілетін көтерудің ең тиімді тәсілі – салауатты өмір салтын ұстану. Иммунитетті қалай көтеруге болады? Осы сұрақ төңірегінде арнайы мамандардың кеңесін ұсынамыз, бір кәдеңізге жарасын.


Жылдың басында елімізге үлкен нәубет келіп, дертіне шипа іздеген жан дәріханаға жүгіріп, дәрі-дәрмек таппай сенделіп кетті. Осындай қиын уақытта Түгіскен ауылының ел ағасы Қалжанов Нұрлыбай шектеулерге қарамастан Қаратаудың басынан көкемарал шөбін қап-қап етіп жинап, тұрғындарға жаппай таратқанын естігенде таң қалғанымыз жасырын емес. Содан дертіне дауа тауып айыққандарда бар көрінеді. Бізде осы жаңалықты естігеннен кейін Нұрлыбай ағаға қабарласып көрген едік. “Бұл бізге ата-бабадан мирас болып келе жатқан емдеу әдісі десем артық болмас” – деді терапевт.
– Бала кезімізде өкпесі ауырған малға көкемаралды демдеп ішкізіп жататын. Кейіннен өкпесі қабынған адамдарға да осы тұнбаны қайнатып беріп, төсек тартып жатқан жандардың да ауруынан айығып кеткенін талай көзіміз көрді. Содан мына індет ел-елді аралап, өлім-жітім көбейіп жатқан уақытта қарап отыра алмадым.
Ол кісінің айтуынша, өкпе қабынғанда, қатты суықтап, соңы көкжөтелге ұласқанда көкемарал шөбін қайнатып, тұнбасын 3 мезгіл ішу керек. Жаз айында гүлдейтін бұл өсімдік ұрғашы, еркек болып бөлінетін көрінеді. Еркегінің әсері күштірек болады екен. Енді осы саланың нағыз маманы, иммунолог Талшын Артыққызының да өз айтары бар:
– Бірден айтайын, бір ішкеннен иммунитетті көтеретін керемет дәрі, дәрумендер жоқ. Бізде дәрумен ішсем бірден күшті болып кетемін деп ойлайды. Қазір күз маусымы, оның үстіне коронавирусты қосыңыз. Ең әуелі осы сөздің өзі картизолды шақырып, күйзеліс пен қорқыныш ұялатып, жарты ауру қорқыныштан туады. Күйзеліс – иммунитеттің негізгі жауы. Күйзеліс дененің қорғанысын төмендетеді, ағза әлсіреуінен суық тию де, басқа ауруда асқына береді.
Шын мәнісінде уайым-қайғы жанды жегідей жеп, тығырыққа тірейтін тылсым күш іспетті. Олай болса, жақсы ойлап, жақсы сөйлеуге тырысқанымыз абзал, – дейді ол. Енді осы саланың нағыз маманы, терапевт-дәрігер Жүнісов Ришадтың кеңесіне құлақ түрсек.
– Иммунитетті көтерудің бірден бір жолы үйлесімді тамақтануда дер едім. Күніне 3-4 рет уақтылы және дұрыс тамақтанған жөн. Жеміс-жидектер мен көкеністерді көбірек тұтынған абзал. Тәтті мен майлы тағамдардан бас тартқан дұрыс. Мысалы, «А» дәруменін сәбізден, жүзімнен, жасыл көкеністерден алуға болады. Ал «С» дәрумені итмұрын, мүкжидек, қырыққабат пен цитрустарда көптеп кездеседі. «Е» дәрумені күнбағыс, зәйтүн немесе жүгері майында болады. Микроэлементтердің ішінде мырыш пен селон иммунитетке оң әсер етеді. Мырыш балықта, ет пен бауырда, жаңғақта, бұршақта көп. Селен болса, теңіз өнімдері мен сарымсақта кездеседі. Қорыта айтқанда, аузыңызға салған әрбір тағамның пайдасы мен зиянын саралап, осы менің ағзама пайдалы болады деп тұтынса дегім келеді.
Соңғы уақытта көпшілік хиджама әдісіне көбірек бет бұрып оң ықпал ететіні жиі айтылып жүр. Сөзімізді дәлелдей түсу үшін хиджама маманы Қамажай Қыдырбаевамен хабарласып көрдік.
– Кез келген аурудан сақтанудың бірден бір жолы – иммундық жүйені көтеру. Міне, сегіз жылдан бері классикалық және дәстүрлі медицинада қызмет етіп келе жатырмын. Осы уақыт аралығында емдеудің ең тиімді әрі озық тәсілі ол – хиджама дер едім. Иммундық жүйе-организмнің жұқпалы ауруларға және табиғи жай заттардың зиянды әсеріне қарсы тұру қабілеттілігін қамтамасыз етеді. Хиджама организмге қалай әсер етеді? Иммундық жүйенің қызметін жақсарту үшін ағзамыздағы арнайы меридиан бойынша белгілі биологиялық нүктелерден қан алынады. Олардың бірі айырша безі (тимус). Қан алу арқылы айырша безінің жұмысы жақсарады. Әрбір хиджама жасалынған нүктелерде майда лимфа және қан тамырлары болады. Олар арнайы нүктелерден қан алынғаннан кейін біздің ағзамыздағы ескірген қан клеткаларын тазартып, жаңа қан клеткалары түзіледі. Осы екі негізгі үлкен жүйенің қызметі жақсарса, иммундық жүйеміз жоғарғы деңгейде жұмыс істейді. Ғылыми деректерге сүйенсек хиджамадан кейін иммундық жүйенің жасушалары 7-10 есе жоғарылайтыны дәлелденген, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Сонымен қатар кез келген аурудың алдын алып, иммунитетті көтеруге қазақтың ұлттық тағамдарының да орны ерекше. Айталық, шұбат ішкен адамның бойында жазылмайтын ауруы кемде-кем дейді. Бұл өкпе, асқазан, түрлі ішек ауруларына бірден-бір шипалы тағам. Қымыздың да пайдасы ұшан теңіз. Ол зат алмасу процестерін жақсартып, қандағы қызыл қан түйіршіктерімен гемоглобин синтезіне әсер етіп, жалпы иммунитетті күшейтетіні дәлелденген. Қорыта келе, «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген даналықтың төркініне үңіліп, ағзаның қорғаныш қабілетін нығайтуға барынша көңіл бөлген жөн. Жоғарыда көрсетілген кеңестер сізге осы бағытта көмектеседі деп сенеміз.

Әсел РЗАЕВА
10 қараша 2020 ж. 677 0