№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ШЫҒЫС МЕДИЦИНАСЫ: ҚАН АЛДЫРУ ҚАНШАЛЫҚТЫ ДҰРЫС?

ШЫҒЫС МЕДИЦИНАСЫ: ҚАН АЛДЫРУ ҚАНШАЛЫҚТЫ ДҰРЫС?

   Жақында редакцияға кент тұрғыны, дәрігер Ғалымжан Жаңабековтен хат келіп түсті. Тақырып ауаны: хиджама жасатуға қатысты медициналық тұрғыдан өзіндік пайым-пікірін ортаға салыпты. Ескіліктен келе жатқан ем түрін бүгінгі таңда қолдану хақында дәлел-дәйегін келтіріп, күмәнді тұстарын тізбектеп шығыпты. Бұл жөнінде сәл кейінірек. Әуелі, оқырман хатын оқи сала, бір жақты пікірмен шектелмей, жан-жақты зерттеуге тырыстық. Яғни, денсаулық сақшысынан бөлек, хиджама жасайтын маман мен дін өкілдерінің пікірін тыңдадық. Сонымен...

   Бүгінгі таңда елімізде хиджама яғни, денеден қан алдыру арқылы емделетіндер қатары көбейді. Мұндай тәсілге жүгінген адамның денесінен арнайы соратын вакуум арқылы «арам» қан алынады. Шыны керек, осылай ем түрін жасайтын шағын орталықтар үлкен қалаларда күн санап ашылуда. Десе де, халық арасында хиджамаға қатысты пікірлер сан алуан. Бірі емнің жасалу жолына күмәнмен қараса, енді бірі қан алдырып дертіне дауа тапқандарын айтады. Қысқасы, қан алдырудың пайдасы мен зияны қандай? Қаншалықты қажет?
Белгілісі, хиджама жасау кезінде адам бойындағы қан алмасу жақсарып, арам қандар сыртқа шығып, барлық жасушалар жаңарады әрі ағзаға оттегі мен нәрлі заттар тарайды. Ал, дәрігер Ғалымжан Жаңабековтың пікірінше, қазіргі таңда қан арқылы жұғатын аурулар саны көбейгендіктен хиджама жасау арқылы ем жасаймын деп емделуші адамға ауру жұқтыруы мүмкін екенін алға тартады.

  – Негізі қан шығару арқылы емдеу – әлемдегі ең бастапқы емдеу түрі. Әсіресе, араб елдерінде көп қолданған. Әліде қолданады. Бірақ бұл емдеу тәсілін Ислам дінімен байланыстыру негізсіз деп санаймын. Жалпы медицинада ем жасауға болатын және ем жасауға болмайтын жағдайлар болады. Оған қоса, жаһанда хирургиялық құралдарды бір мәрте ғана қолданылады. Ал хиджама жасап жүрген адамдар құралдарын ауыстырып не жақсылап жуып жүр ме, бұл жағын қадағалап жүрген ешкім жоқ. Хиджама жасайтын орын санитарлық талаптарға сай ма, ол жағы да белгісіз. Сондай-ақ ем қабылдап жатқан науқасқа қапелімде жедел жәрдем көмегі қажет болса, дәрі-дәрмегі дайын ба? Алғашқы медициналық көмекті көрсете алады ма? Міне, осындай сұрақтар мені мазалайды, – дейді дәрігер Ғалымжан Жаңабеков.

   Денсаулық сақшысын мазалайтын сауалдардың жауабын біз тапқандай болдық. Жаңақорған кентінде 8 жылдан бері дәстүрлі шығыс медицинасын қолға алып, хиджама жасау, сүлік салу секілді ем-дом шараларын жасап жүрген маманға жолықтық. Есімі Қазбек. Тегі Апбазов. Өзінің айтуынша, бастапқы да 2 жыл Алматы қаласында хиджама жасаумен айналысқан. Шығыс медицинасының қыр-сырына қанығып, арнайы курстарға қатысқан. Курстан бөлек, оқыту семинарларынан тәжірибе жинақтаған. Әлі күнге оқуы мен ізденісін жалғастырып келе жатқан жас Қазбек бүгінде хиджамадан бөлек, сүлік салу, иглотерапия, омыртқа массажы сынды емдеу шараларын жүргізіп келеді.

  – Негізі хиджама ерте заманнан бар емдеу тәсілі. Бұрнағы бабаларымыз қан алдырудың сырқатқа шипа екенін біліп, шертпе, мүйізбен арам қандарын шығарып отырған. Хиджама – емдеудің исламдық әдісі. Бұл денедегі, жандағы барлық аурудан айығуға әсер етеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл жайында: «Үш түрде ем бар: бал ішуде, қан алуда және отпен күйдіруде. Ең жақсы ем жолы ол қан алу» деген. Ал, тазалық жағына тоқталсақ, хиджама кезінде пайдаланатын құралдар тек бір рет қолданылады. Яғни, бір кісіге қолданылған екіншісіне қолданылмайды. Ал қан құятын ыдыстарды жуып, тазалап медициналық спиртпен сүртеміз. Оны пациент келесі хиджама жасатқанында өзіне қолданады. Жалпы адам денесінде 200-ден аса нүкте бар. Әр дене мүшесінің өз нүктесі болады. Біз алдымызға келген науқасқа бірден хиджама жасамаймыз. Бәлкім, оған сүлік не инемен емдеу тәсілін таңдап, шөп дәрілер тағайындаймыз, – дейді Қазбек Шаммаханбетұлы.

   Сонымен қатар, Қазбек Апбазов хиджаманың кері әсері болмайтынын кесіп айтты. «Ағзаны қанның бір бөлігінен босатудың нәтижесінде, оның ішкі резервті қалыпқа келтіру функциясы қосылып, ағзада жаңа қан бөліне бастайды. Жаңа қан ағзаны жаңартып, көптеген ауруларды емдейді. Яғни, хиджама ағзаны дәрі қабылдамай, өзінің ішкі ресурстарымен емдеу тәсілі. Негізі медициналық сүлікпен емдеу де хиджама болып табылады». Бұл Қазбектің сөзі. Оған қоса, Қазбекке хиджама жасату үшін аудан төңірегінен бөлек, Қызылорда қаласы, Шиелі ауданы мен өзге өңірлерден ем қабылдаушылар жиі келеді екен. Бір қызығы, олардың арасында дәрігелер де бар болып шықты. Әуелі Алла, дертіне шипасын тауып, алғысын айтып кетіп жатқан тұрғындар аз емес.

   Бұдан бөлек хиджама алғаннан шыққан арам қан ешқандайда ауру таратпайтынын жеткізді. Тек хиджаманы білікті тәжірибесі бар мамандарға жасатқан жөн екен. Себебі, оның жасау жолдарын білмейтін, кәсіп көзі ретінде қарайтын «қасапшылар» керісінше адам саулығына зиян келтіруі бек мүмкін. Қан алдыру қандай ауруларға ем? Білгеніміз; қан қысымы, бедеулік, геморрой, простатит, жүрек аурулары, варикоз тамырлары және тері ауруларына тағы да басқа дерттерге таптырмас шипа екенін айтты Қазбек Шамманханұлы.
Әлгінде айтқандай, медицина мамандары хиджаманы көбіне Исламмен байланыстырып жатады. Бұл жөнінде дін өкілдері не дейді? Аудандық орталық мешіттің найб имамы Мейрамбек Баймұратовтың айтуынша, шығыс медицинасындағы маңызды ем-домның бірі – хиджама жасату.
– Хиджама Ислам дініде ғана емес, ежелден келе жатқан Шығыс медицинасындағы ем-дом саналады. Хиджама сөзі араб тілінде «сору, тартып алу, сіңіру» деген мағынаны білдіреді. Әбу Һурайра(р.а) жеткізген сахих хадисте Алла Елшісі(с.ғ.с): «Жәбірейіл маған қан алу – адамдарды емдеудің ең озық әдісі екенін хабарлады» деген. Тағы бір хадистерде қан алдыруға ең ыңғайлы күндер аталған. Бірден айта кету керек, хиджаманы арнайы оқыған, кәсіби біліктілігі бар маманға жасату керек. Өйткені ет пен терінің арасындағы арам қанды алу дұрыс. Бірақ ол дұрыс алынбаса адам ағзасындағы пайдалы қан да алынып кетсе, керісінше ауруға душар болуы әбден мүмкін, – дейді Мейрамбек Қайратұлы.

   Әрине, біздікі хиджаманы жақтау не даттау емес. Оқырманға ой елегінен өткізіп, ғылыми һәм медициналық тұрғыда нақтыланған нұсқасын айту болатын. Ары қарай емдеу шараларының қандай түрін таңдайсыз, ол сіздің өз еркіңіз. Бастысы – дертіңе дауа тауып, дені сау ұрпақ ретінде қалыптассақ болғаны.

Әбдісамат ӘБДІШ.

15 қаңтар 2019 ж. 2 457 0