№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚҰС ӨСІРУ – табыстың көзі

ҚҰС ӨСІРУ – табыстың көзі


Нарықта құс етіне деген сұраныс жоғары. Яғни, табысты бизнестің бірі. Алайда, Жаңақорғанда құс шаруашылығы әлі де болса ақсап тұр. Соның салдарынан жаңақорғандықтар құс өнімдеріне америкалық және Оңтүстік Қазақстан облысына тәуелді. Осыны ескерген шаруалар құс өсіруге ниет таныта бастады. Сондай ынталының бірі – Бексейіт Сәрсенбаев. Біз іскер азаматтың жұмысын білмекке М.Нәлібаев ауылына арнайы бардық.
Кәсіпкерлікті дамыту оңай жұмыс емес. Әсіресе, Түркістан мен Сарыағаштың нарығымен бәсекелесудің жолын табу қажет-ақ. Қазір іскер жандар кәсіпті бастағанымен, бәсеке бәсіне қабілетті бола алмай, ісін жауып жатады. Сондықтан, кәсіпкерліктің тетігін ұстаумен қатар нарықты зерделеуден ұтылмауы тиіс. Біздің кейіпкер кәсібін дамытумен қатар экологиялық таза өнімдерін өткізетін орындарды зерделеп, келіссөздер жүргізуде...
Бір байқағанымыз ел ағасы тазалыққа қатты көңіл бөледі екен. Себебі, қандай құс болмасын тазалықты жаны қалайды. Уақытпен санаспай, тынымсыз тірліктің бел ортасында жүрген кәсіп иесі құс шаруашылығынан бөлек, ағаш пен гүл өсіруді дағдыға айналдырғанын айтты.
– Аға, шаруа қалай жүруде?
– Әзірге жаман емес, жұмыс нәтижелі, нағыз шаруаның ширайтын кезі енді басталады. Себебі, тауықтардың балапан ашатын уақытысы жақындап келеді.
– Дұрыс екен. Құс шаруашылығын дамыту бағытында қандай қадамдар жасалынбақ.
– Биылға жоспар көп. Бірінші кезекте, тауық санын көбейтіп, Жаңақорған нарығын жергілікті тауықтармен қамтамасыз ету. Күзге дейін мыңға жуық құсты өсірсем деген ниеттемін, – дейді ол.
Кәсіп иесінің сөзінше, инкубатор құрылғысы өнімділікті арттырғанымен тиімсіз тұстары да барын жасырмады.
– Жалпы, ол құрылғыны пайдалану өте тиімді. Дегенмен, қолдан балапан аштырудың жөні бөлек. Өйткені, тауықтың бойындағы қасиеті жоғалады, – деді.
Былтыр «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасынан 2 млн. теңге қаржы алып, Бесарық пен Қыркеңседен 550 тауық, 100-ге жуық күрке тауық сатып алып, іске кіріскен Бексейіт аға құс шаруашылығының қыр-сырына қанығып үлгеріпті. Былтыр үй ауласынан құсты көбейтуге ыңғайлы қора салса, биыл сыйымдылығы 2000-3000 бас балапан ұстайтын жылы орын салмақшы.
– Жалпы, құстардың жем-шөбін қалай қамтамасыз етесіз?
– Әзірге сатып алудамыз. Ауыл-аймақтағы шаруа қожалықтарға жемге тапсырыс береміз. Жалпы, құрамында барлық дәрумендер мен минералды қоспалар қамтылған жем алу маңызды. Мұндай өнімдер Ресейден келеді, – деді ол.
Бекең басшылық ететін «Бейімбет» шаруа қожалығы жылда күріш дәнін егістікте сепсе, биыл ротация арқылы жоңышқа егуді жоспарлап отыр. Бір жағынан тауыққа да құнарлы азық.
Бүгінде басымдықты «несушка» тұқымды тауыққа беріпті. Бұл тауықтың ерекшелігі күн сайын жұмыртқа туа алады. Әрі, жергілікті ауа-райына бейімделген.
– Негізі балапандардың дұрыс өсуі мен дамуын қамтамасыз ету үшін құс қораның бірқалыпты температурасын ұстап тұру қажет. Егер бұл тауықты дұрыс күтіп-баптаса 3 айда ет бағытында пайдалануға болады. Өзім осыны басшылыққа аламын, – дейді ауыл тұрғыны.
Ал, күрке тауықтың пайдалы тұсы алдымен емдік қасиеті бар. Неге десеңіз, құрамында холестерин мөлшері өте төмен. Жем талғамайды және жаз мезгілінде көбіне жайылымда болады. Бағасы да қымбаттау. Келісі 1000 теңгеден кемде-кем. Бір күркетауықтан 7-ден 24 келіге дейін ет алуға болады.
Қалай десек те, құс шаруашылығының өнімдері қай кезеңде де үлкен сұранысқа ие. Бүгінде Қытай, Жапония, АҚШ құс шаруашылығы жөнінен жетекші елдер санатында. Мәселен, Қытай әлемдік нарықтың 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Ал, Қазақстан өз нарығының сұранысын қанағаттандыра алмай келеді. Ендеше, құс шаруашылығын дамытам деген Бексейіт Сәрсенбаевтың ісі құптарлық.
Түйіндей айтқанда, Елбасының Жолдауында көрсетіл­гендей, ауылшаруа­­шылық өнімдерінің сапасын арттыру бағытында байыпты бастамалар ауылда да жүзеге асырылып жатыр. Оның үстіне, өңір басшысы биылғы жылды «Кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялады. Ал, аудан әкімі жаңа кәсіпке грант бөлуге үлкен мән беруде. Сондықтан, кәсіпкер құс шаруашылығы бағытындағы жұмысқа сәттілік тіледік...

Әли ТЕМІРБЕК.
27 наурыз 2018 ж. 1 926 0