Әкім мәдениет саласына мән берді
«Өнер ұлы болмай, ұлт ұлы болмайды». Жазушы Ғабит Мүсіреповтің осы сөзінен таным мен тағылым тануға болады. Расында, елдің елдігін танытатын үлкен саланың бірі – өнер мен мәдениет саласы. Сондықтан руханият саласын ұдайы қолдап, уақыт талабына сай жаңғыртып, жаңартып отыру өте маңызды. Мұның маңызын Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемов жақсы түсінеді. Жаңақорғанды 2015-2016 жылдары басқарған кездері мәдениет саласында қаншама игілікті істердің атқарылуына бастамашыл болды. Сондай бастамаларды жалғастыру керек. Осыны қаперге алған әкім мәдениет нысандарына арнайы барды.
Алдымен М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде болды. 1982 жылы пайдалануға берілген мәдениет үйі 2013 жылы күрделі жөндеуден өтті. Мұнда Манап Көкенов, Есіркеп Қонқабаев, Бексұлтан Байкенжеев, Әмір Мажитов, Нұрберген Тастаев, Дүйсенхан Сыздықов, Махмұт Әуезов, Сауран Елеуов, Әбілқайыр Сыздықов және т.б мәдениет-өнер саласының қайраткерлері қызмет етті.
1886 шаршы метр аумақты алып жатқан мәдениет нысанында 46 бөлме бар. Десе де би залына қажеттілік бар. Мұны кездесу барысында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аякөз Айдосава айтты.
– Дыбыс жазу және видеомонтаж жасайтын студияға сұраныс артты. Ең бастысы, 6 жыл бұрын алынған өнерпаздардың сахналық киімі тозды, соңы жаңалау маңызды, сондай-ақ, жаз мезгілінде көрермендер залына кондиционер қажет, – деді Аякөз Нұржанқызы.
– 2021 жылдың бюджетіне өтінім беріңіздер. Қажеттілігіне қарай шешуге мән береміз, – деді Руслан Рүстемұлы.
Әкім Манап Көкенов атындағы ақындар клубын құрып, оны жандандыру маңызды екенін атады.
– Айтыс өнерінде Манап Көкенов, Есіркеп Қонқабаев, Нұрберген Тастаевтан кейін Әбілқайыр Сыздықовты танимыз. Одан кейін дәстүр үзіліп қалды. Осыны жандандыруда ақындар клубын құру керек. Осыған мән беріңіздер... – деді аудан басшысы.