Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сөз түзелсе, өзіміз түзелеміз

Сөз түзелсе, өзіміз түзелеміз

Қалам ұшына дүниені түгел төңкеріп тастардай қуат дарытқан Құдыреттің қалауын қамал етіп, кесімді уәжге кері тұрып көрмеген қазекем үшін бір ауыз сөздің киесі қымбат. Бір ауыз сөзбен бір рулы елдің тағдырын шешкен ақылды билер мен әділ қазылар даңқы бүгінге жеткен. Кешегі Асанқайғы, Қазтуғандарды сөз бастаған шешен ғана емес, қол бастаған көсем, ақиқатты алға ұстаған ақыл-парасатынан ұлы даланың ұстынын қалап кеткен даналықтың қахармандары десек те болар.

Сөз – ақылдың айнасы, ардың өлшемі, кісілік көркі. Кімнің болсын сөзіне қарап өзін танисың. Рухани әлеміне терең бойлай аласың.
Адамзат жаратылғалы бері онымен бірге жасасып, қатынас құралы болып келген сөз қара тасқа да тіл бітіріп, ғасырлар шежіресін бүгінге жеткізді.
Ата-бабадан бізге аман жеткен осынау маржандарымыз әлі де жанымызды көріктендіріп, көңілімізге сәуле құйып келеді. Тіпті әлі күнге дейін тұйыққа тірелгенде, шындықтың күні өлгенде, ғазиздың үнін таптап, күштілер түнергенде рухыңа дем беретін, ақылмен теңгеретін даналар сөзіне жүгініп, бір өліп, бір тіріліп, өз-өзіңді қайрап бір, жан сарайың жайнап бір, жігерді жанып отына үмітті алға жалғайсың, қатардан сөйтіп қалмайсың. Міне, бабалар сөзінің күші, құдіреті, қуаты осындай.
Ал біз ше? Ұрпағымызға азық болар сан ғасыр, бізден қалар нақ осындай бар ма асыл?
Иесін таппаған сөз киесінен айрылады.
Дуалы ауыздан шығар дана сөз дау орнына сайланып, жаман-жәутіктің жаулығына байланып, бас-басына би туғанның, ой емес, бой қуғанның сойылына айналып сорлап жүрсе оған кімді кінәларсың? Заманды ма, адамды ма?
Құдай алдымен ғаламды, сосын қаламды жаратқанда сол қаламды ұстап, көпке жөн сөзін айтар һах жолынан жаңылмас жан иелерін қоса жаратты. Жалғыз сөз ойға оралмай, күн сарылып, түн сарылып жүрекпен үнсіз тілдескен мұңлықтың тамырын басып, зердесін ашып ақиқаттың сөзін аузына салар сол тылсым Құдіреттің өзі ғой. Ал Құдай әдейілеп аузына сөз салмағанға қанша халықтың қамын жеген болып ханның қызына қарсы шықса – дағы қараша елдің жүоегінен орын табу қайда?
Әр нәрсенің өз орны болу керек. Сөздің де. Бұған дейін ақын-жазушыларымыз болып ардақтап,тілші біткен салмақтап асыл ниетпен оқырманға ұсынып келген сөз жауапкершілігі деген қайда?
Жеңіл сөз жалаға қиғанмен ақылға сыймайды Тасада тұрып, шәуілдеп үріп, бір күн діңкесі құрып, түбі тесілген астаудай далада қалары содан. Сайып келгенде, киелі сөзді қорлағанға құлақ құлдық ұрмайды. Ал тыңдалмаса сөз жетім.
Рас, бүгінгі бас білмес асаудай әлеуметтік желіні жаулап алған жазғыштардың айқай-сүреңінен аяқ алып жүре алмай қалдық. Дат иелерінің көбінің аты да, заты да белгісіз. Бірақ біздің қоғамда пікір айтуға кімнің де құқы бар. Сөз бостандығы соған ерік беріп қойды. Турасын айтқан жақсы, бірақ турап айтқан жаман. Мұндайлар жылт еткен жаңалықтың жаршысы болудан бұрын ізгіліктің өзінен ілік іздеп, өз басындағы жеке бір қиындықтарға бүтін қоғамды кінәлап, тығырықтан жол табуда қатардан қалмай еңбек етуден бұрын етекке жармасып есе қайтаруды қолай көретін ниет-пыйғылдарымен көпті ығыр етіп жүр. Қасиетті дат алаңын осындай құр тамақ жыртқан жартыкеш даудан, бос байбалам, айқай-шудан қалай арылтуға болады?
Бір мысал келтіре кетейік. Елге белгілі Жамал апаның соңынан садақа беруді жөн көрген Аблазимовтер әулеті республика бойынша 6300 отбасына азық-түлік таратуды ұйғарған еді. Бұл игі шара аясында Жаңақорған кентінде 150-дей отбасына қамқорлық жасалды.
Мұқтаждарға тізім бойынша мешіт қызметкері өздері жеткізіп беруді мойынға алған.
Нәтижесі не болды?
Дін өкілдері осы бергенді өздері ішіп қойды, жел қойды деген жөнсіз айыптауларға толы жалған мәліметтер әлеуметтік желіде желдей есіп, осы істің басы-қасында жүрген қанша адамның жүрегіне дақ салды. Құдай бәрін өзі көріп тұр, біреудің қаралағанынан жазықты болып қалмаспыз десең де, ет пен теріден тұратын пенде болған соң айтылған сөз атылған оқтай әсер етер ауырлығы да бар.
Бір қызығы, осындай бопса аралас бостекі постарды оқып қана қоймай оған өздерінше қолдау білдіріп, қоштайтындар көп. Мұны көріп есіріп екпінін еселей түсетін жазғыштардың жаудан бетер өршелене түсетіні жаман.
Кез-келген көзі ашық оқырман ондайлардың орашолақ сөйлемінің әр қатарынан түпкі пыйғылын жазбай танып, қатеден көз сүрінер сауатсыздығына налып, енді қайтып оның шала-шарпы шатпағына назар салуға ынтасының болмасы анық.
Сөзіңді ешкім көрмесе, айтқаныңа ермесе, өзіңе сәлем бермесе өз-өзіңнен үнің өшіп, көштен қалдың деген сол емес пе. Қазақ мұндайды "ит үреді, керуен көшеді" деп әдемі тауып айтқан.
Сондықтан да, өмір заңды­лығы кез келген нәрсені қалай сұрыптаса ақпарат әлемін де осылай сұрыптайды. Жасық кө­лең­кеде қалып, лидерлер алға шығады. Сөз сонда мәртебе ала­ды.
Ең алдыңғы қатарлы демо­к­ратияға қол жеткізген амери­кандықтар бекзаттық билік етіп, білімділік салтанат құрар зиялы қоғамға осылай қол жеткізгенін ұмытпайық.
Қалың орманда сайраған мың сандуғаш арасынан қияда қалықтаған қыранын артық көрген қазақ жұртының келешек мұраты да осы. Сөз түзелсе өзіміз де түзелеміз.

Баян ҮСЕЙІНОВА
12 қыркүйек 2020 ж. 548 0