Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әнет баба айтқан "Әкім" сөзі не мағына білдіреді?

Әнет баба айтқан "Әкім" сөзі не мағына білдіреді?


Халқымыздың небір асыл ақыл, терең мағыналы, көзіңді ашып, ойыңды тербетер аталы сөздері, мақал-мәтелдері сан ғасырлар өтсе де, қоғам өзгеріп, адам психологиясы сан алуан түрге енсе де, мәні мен, мазмұнын жоймай, тәрбиенің арқауы болып келеді. Десекте, өтпелі өмір, өзгермелі уақыт – тіршілік заңы. Қоғамның даму тетігіне жаңа технология – компьютер мен ғаламтор енгелі әдебиет пен тарихты оқу жүйесі ысырылып, жастардың ойлау түйсігіне кері әсерін тигізе бастағаны жасырын емес.


Халқымыздың ежелден ес-ақылға бай сөз өнері, арналы дәстүрдің арқауымен адасқанды жөнге сап, суырып салма шешендік талантымен, жетесіне жеткізіп, тентегін тұсап тоқтатып, мықтыларын мақтамен бауыздағандай бейбіт бітімге келтіріп отыруы, сөз жоқ дарынды қазақтың ұрпағы екенімізді дәлелдеп келеді.
Елдің жадында жүрген әңгімеде Төле би мен Қаз дауысты Қазыбек би бір кісінің құнын даулап Кіші жүзге келіпті. Дау келісімге келе алмай бірнеше күнге созылады. Бұл даудың бітпесін байқаған бір жас жігіт: «Асқар тау сенде бір мін бар-өткел бермейсің, Билер сендерде бір мін бар, басқаға сөз бермейсің» – деп орнынан тұрып кете барады.
Бұл қара жігіттің қара жаяу емес екенін байқаған Қазыбек би, ана жігітті қайтып алдырады да: Шырағым, қайдансың, аты-жөнің кім деген сұраққа жігіт іркілместен: Әкемді сұрасаң – жетесіз, шешемді сұрасаң – некесіз, туа салған бір баламын, тегімді сұрап не етесіз? дегенде билер: Сөзің жетті балам, енді даудың төрелігін өзің айт, – депті.
Бұл даудың иесі өзің бол, – деп Төле би сөз тізгінін қара жігітке берген екен дейді. Кіші жүздің биі Әйтекенің ең алғашқы төрелігі осылай басталған екен.
Халық аузындағы інжу маржандай асыл өсиеттердің өнегесі кеңдікке, мәрттікке, адалдыққа, төзімділікке, қайы­рымдылыққа тәрбиелеп, талай елге тарап, ауыз тайға басқан таңбаға айналғанына, біз үшін сарқылмас алтын қазына болып келе жатқанына күмән келтіре алмаймыз.
Айталық, белгілі сөз шебері, сонау он сегізінші ғасырда өмір сүрген Балаби шешен өз ортасындағы мықтыларды жиып, төрт сұрақ қойыпты. Уа жақсылар, көпті көргендерің бар, көп жасағандарың бар, айтыңдаршы жерден ауыр не? Судан ауыр не? Оттан ыстық не? Көктен биік не? деп сауал тастаған екен.
Отырғандар біріне-бірі қарап, санасы саққа, ойы ойға кетіп, жауап тауып бере алмапты. Сонда Балаби шешен жауапты былай берген екен.
«Жерден ауыр дегенім – ақыл, білім.
Судан ауыр дегенім – оқу, ғылым.
Оттан ыстық дегенім – фәни жалған адамның өмірі.
Көктен биік дегенім – тәкаппардың көңілі», деп жауапты өзі түйіндепті.
Саралап ой елегінен өткізсеңіз, қазақтың дарынды Балаби сияқты ұлдары ақылдың біліммен жетілетінін, оқу негізі ғылым шыңына жеткізетінін, адам баласына ең қымбаты – өмір, сол өмірге саналы ақылмен, оқумен, адаспай жол табатыныңды тәкәппар, менмен жандар өзін көктен биік санайтынын әдемі өрнектеген.
Заман өзгеріп, санамыз жаңарды десек те, адам бойындағы тәрбие мен түйсік әркімге әртүрлі мінез дарытады. Менменсіген, алдына барсаң шіреніп, маңғазданып зорға сөйлейтін пенделерді шіренген бай-дәулетті тұрмақ, кербезденген кедей арасынан да кездестіріп қаламыз.
Қазақ халқының, аталы-ақылды өнеге өсиеттері аңыз-әңгіме, жыр-дастандар арқылы бізге жетіп отыр.
«Қазақтың 1000 әнін» жинақтаған орыс ғалымы А.Затаевич «Азиядағы көшпелі халықтардың ең ірісі саяси экономикалық өмірдің аренасына шыққан халықтардың ішінде рухани қазынасы мол, ауыз әдебиеті, интеллектуалдық дархан дарындылығымен көркем өнердегі мазмұндылығымен дараланған халық – Қазақ халқы деп» атап көрсетуі жәйдан-жәй болмаса керек.
Сөзімізді дәлелдейтін ел аузында бүгінге дейін мәнін жоймай келе жатқан мына жағдайға мән берсек артық болмас.
Бірде Қазыбек би шешен жасы жеткен Әнет атаның жағдайын сұрай келіп, қариядан бір насихат айтуын өтінген екен.
Сонда Әнет ата: «Қазыбек қарағым, сен де елдің көріпкел биі болдың, өзің шешіп аларсың, «Әкім» деген сөзді жадыңда сақтарсың» деген екен.
Жолға шыққасын Қазыбек би бірге жүрген нөкерлерінен Әнет ата айтқан «Әкім» сөзі нені білдіреді дегенде айналасы тым-тырыс қалыпты. Бидің өзі былай деп таң қалдырған екен:
«Ә»- дегені – әділ бол.
«К»- дегені – күншіл болма, көпшіл бол.
«І»- дегені – ілтипатты бол.
«М»- дегені – менмен болма, мейірбан бол».
Әнет бабаның осы даналық өсиеті сан ғасырлар өтсе де ел аузында сақталып жәй халыққа ғана емес, қазіргі ел басқарып отырған әкім қаралар мен оның маңайындағыларға азбас ақыл.
Ел бірлігі отбасынан бастау алады. Халықтың ынтымағын жарастырып, бейбіт өмір мен берекеге негіз қалайды.
Қазағымның қаншама тапқыр сөздері мен ұшқыр ойлары, жарасымды сын-сықақ, әзіл әңгімелері «Сөз тапқанға қолқа жоқ» дегендей бірін-бірі мойындатып, тауып айтқанның тауын асқақтатқан. Бүгінгі ұрпақ та осы қағиданы естен шығармай, «өзіңді өзің жаттай сыйла, жат бойынан түңілсін» дегендей, күліп кездесіп, құшақ жая амандасып, жақсы сөзбен жігерімізді жанып, бір-біріміздің мерейімізді көтеріп жүрейік дегім келеді.

Мұзарап Махмұтұлы,
еңбек ардагері, ауданның «Құрметті азаматы».

10 желтоқсан 2019 ж. 3 908 0