Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сапалы білім болашақтың негізі

Сапалы білім болашақтың негізі

ХХІ ғасырда озық, әрі дамыған елдердің негізгі басымдығы білім саласында. Яғни білім деңгейі жоғары кез келген ел бәсекеге қабылетті мемлекетке айналатыны осыны аңғартады. Демек бізге де керегі білім саласының жетік болуы тиіс. Шыны керек, әлемді әбігерге салған індет осы саланың жүгін ауырлатты. Әсіресе цифрландыруға толық дайын емес мемлекеттердің бағыты кешеуілдеді. Осыны ескерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында негізгі міндеттерді жүктеді. Жолдауда қолжетімді әрі сапалы білім атты бөлімінде елдегі ахуал мен ұстаздар туралы айтқаны мен берген тапсырмалары көңілді серпілтті.

Ең алдымен мұғалімдердің материалдық жағдайына тоқталды. Яғни ұстаздардың жалақасы көтерілетін болады. Президент 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 процентке көбейту жөнінде шешім қабылдады. Бұл жолдағы бағыт алдағы уақытта да арта беретінін айтты. Әрине бұл педагогтар үшін қуанышты жаңалық. Өйткені ұстаз еңбегі өлшеусіз, оны қазіргідей қашықтықтан оқытуда түсініп жатырмыз. Мәселе мұғалімдердің мәртебесін көтеру емес, еңбегін елеусіз қалдырмау. Мағжан Жұмабаевтың «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға /қазақ жанына/ үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» деген қанатты сөзі бар емес пе.
Екіншіден, қашықтан оқыту ісін ұйымдастырудағы қолға алатын басты мәселелер назарға ілінді. Иә, шынын айту керек, әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформа жоқ. Мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар күндіз-түні «WhatsApp»-тан бас көтермейтін болды. Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет екендігі айтылды.
«Сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдермен және сыныптастармен араласудың орны бөлек. Сондықтан, санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеген жөн. Бұл, әсіресе, мектептер үшін маңызды». Президенттің бұл айтқаны өте орынды. Неге өйткені, ұстаз көрген баланың тәрбиесі мен білімі бөлек болады. «Шәкірт болып көрмеген, ұстаз болып жарытпас» демекші, дәстүрлі білім жүйесіне көшу де өте дұрыс шешім.
Білім деңгейі жетік көшбасшы елдер, мәселен Жапонияда ғылым жүйесі қатты дамыған. Әсіресе мектеп оқушыларының ғылыми жұмыстарға көптеп араласуы, жаңа дүниені ойлап тауып, қолданысқа енгізуі дағдыға айналғалы қашан. Яғни жоғары сынып оқушылары қандай бір технологияны игеріп немесе іс-тәжірибеден ғылымға тың өзгеріс енгізу дағдысы қалыптасқан. Сондықтан күншығыс елінде білім берудің озық жүйесі қалыптасып, дамушы елдерге үлгі болуда. Мемлекет басшысы ғылым саласына да көбірек көңіл бөлуді тапсырды.
«Бұл мәселе бойынша бізге тың көзқарас пен жаңа тәсілдер керек, сондай-ақ, халықаралық тәжірибеге арқа сүйеуіміз қажет. Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ, «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырамын» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Айта кететіні, біздің ауданнан да көптеген жас ғалымдардың тәрбиеленіп шығуы қуантады. Басылым беттерінен кейде байқап, оқып отыратынымыз бар, сондықтан Президент пәрмені осындай жас жеткіншектердің келешегіне үлкен үміт жағатынына кәміл сенімдіміз.
Жалпы қазақ халқы ежелден білімге ерекше мән берген халық. Мұны «Білім – ырыс қазығы», «Білім басы – бейнет, соңы – зейнет», «Білімдіге дүние жарық, Білімсіздің күні ғаріп» сынды мақалдардан аңғаруға болады.
Президент Жолдауында осы аталы сөздермен астасатын ойларын ортаға салды, әрі Абайдың айшықтық ойларымен нәрлей білді.
Бас ақынның ойларын стратегиялық құжатта қолдана білуі тапқырлықтан бұрын қажеттілік деуге болады.
Абайдың бір ғана «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінің философиясында ілім мен ғылымның мән-мазмұнын түсінуге болады.
– Адам болам десеңіз
Бес нәрсеге асық бол
Олар: Талап, Еңбек, Терең ой, Қанағат, Рақым.
Яғни адамды рухани кемелдендіріп, ой-санасын жетілдіріп, ғылымды меңгеруге қажетті дағдыларды көрсетті. 
Бес нәрседен қашық бол.
Олар: Өсек, Өтірік, Мақтаншақ, Еріншек, Бекер мал шашпақ.
Бұл – қоғамның негізгі керітартпа факторлары. Мұндай әдеттерден біз арыла алдық па?!
Көрдіңіз бе, ақынның бізге ұсынғаны – талап пен еңбек қылу үшін қайрат керек. Терең ой – білім-ғылым, қанағат пен рахым ол жүректен шығады.
Президент Жолдауында осыған үндестікті табуға болады.
Сондай-ақ, білім беру саласы уақыт сынына сай дамытуға басымдық беру қажеттілігі баса айтылды. Мұның бәрі педагогтар қауымының жауапкершілігін арттыратыны сөзсіз.


Ермағанбет ҚҰЛЫМБЕТОВ,
ардагер ұстаз
06 қыркүйек 2020 ж. 437 0