» » Тоқаев келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы қаншаға өсетінін айтты

Тоқаев келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы қаншаға өсетінін айтты


Алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысы екі есеге артатын болады
2020 жылдан бастап қазақстандық мұғалімдердің жалақысы 25 процентке өседі. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында айтты, деп хабарлайды
Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Мен тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын екі есе арттыруды тапсырдым. Бұл келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 процентке өседі деген сөз", - деді президент Қазақстан халқына арнаған жолдауында.
Тоқаев қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасы алшақтап бара жатқанын атап өтті. Оған себеп – ауылдық жерлерде білікті педагог кадрлардың тапшылығы.
"Сондықтан "Дипломмен – ауылға" бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын", - деді президент.
Ол дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарында дайындау керек екенін айтты.
"Тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларды қолдау үшін үкіметке дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырамын. Үкімет пен әкімдер осындай балалардың үйірмелер мен орталықтарға, жазғы лагерлерге баруы үшін мүмкіндік жасауы керек", - деді мемлекет басшысы.

02 қыркүйек 2019 ж. 1 003 0