» » «Адамның бір қызығы бала деген»

«Адамның бір қызығы бала деген»

Көп балалы болуды қалайтын халықтың бірі – қазақтың балажандық қасиетітарихтан тамыр тартқан. Отау құрып, отан боламын, перзент сүйіп, ұрпақ жалғаймын дейтін азаматтың арманын кілт үзіп, сүйіп қосылған жан-жарының жанжал шығарып, болмашы нәрсеге  құқымды аяқасты  етті депажырасуға талап қою сынды келеңсіз көріністердің  артып отыруы ерлердің басқарушылық ролін мойындамаудан туындап отырғаны жасырын емес.

Ерлердің әйелдерден үстем тұруы заңдылығына мына мысалды келтіре кетелік: «Бір күні Пайғамбарымызға (с.а.у) келген бір кісінің: – Я, Расулалла,  күйеу балам қызыма қол көтергенін естіп алып кеткелі барамын. Менікі жөн бе? – деген сауалына: – Ерлер әйелдердің басқарушысы. Оларды өз жөніне қалдырғаның дұрыс, – деген жауап алады.
Көп уақыт бөтеннің бұғауында әдеп– ибамыздан жеріп, еркек – әйел тең деген қағида төмен етектіні төрге оздырып, билікке тайталастырудан қасиетті қорған– қағидаларымыздың іргесі қақырап, бәрінен бұрын қазақ отбасының қарапайым дағды –талабына терең сына салды. Соның нәтижесінде жанұяда жарасым жоқ, ер мен әйел таласы көп, ата-ене қадірінің бағасы жоқ бір кезеңге тап болдық.
Отбасында сәл керіс, келіспеушілік орын алса ажырасамын деп шығатын нәзік жандыны арқадан тіреп, дем беріп тұрған заңның сиқы анау, ер азамат құқын да, ерлі-зайыптың бауырындағы баланың құқын да аяқасты етіп, болашағына бас қатырып тұрған райы байқалмайды. Бұл жерде заңға емес, арға жүгініп, өз тағдырымызды өз қолымызға алудың маңызын ешқайсымыз ұмытпағанымыз жөн.
Балаға әке де, ана да керек. Ол екеуінің бірінсіз жарым көңіл өмір бойы бір бүтінделмей өтерін әрбіріміз естен шығармағанымыз жөн.
Еліміз бойынша бас қосып, отау көтерген шаңырақтың үштен бірі жыл өтпей шайқалып, іргесі ажырап кетіп жатқан жағдайлар жаңақорғандықтарды да айналып өтпей, қармағына қаптырып отырғаны  қынжыларлық жайт. Бүгінгідей басқа түскен қиын шақта жалмауыз дертке жұтылып кетпеудің жайын күйттеп, етек-жеңімізді қымтап, отбасы беріктігін бекіте түсудің орнына жанұясында ұрыс-керіс қоздатып тәубасынан жаңылып талап арыз беріп жүргендерге таңырқамасқа шарамыз жоқ.
Аудандық сот кабинетінің меңгерушісі Бибайым Нәлібаеваның айтуынша, сот мекемесінің есігі жабық, онлайн түрде қызмет көрсетілетін карантин жағдайының өзінде оншақты отбасы ажырасуға арыз беріпті. Себеп–салдарларына үңілсек, жанұяда ауызбірліктің болмауы ерлі–зайыпты қойып ата-ене мен келін арасындағы кикілжіңге де толы. Өзара түсінісу, кешірімнің жоқтығынан бір-бірінен кек алуға ұмтылған олардың бірде біреуін бала тағдыры ойландырмағаны ма деп айран-асыр боласың. Осы ретте ерлі-зайып ақылға жеңдіріп сабыр қылса, ата –ана да балаларын бауырына тартып ынтымаққа баули білсе отбасы шырқы бұзылмас еді. Бәрінен бұрын өрімдей ұл – қыз  тастанды боп жетім қалмас еді.
Білікті заңгер, медиатор Ғалия Байтелиеваның әңгімелеп бергеніндей, өзіне талап арызбен тау жақ беткейдегі елді мекеннен келіп отырған келініміздің ажырасуға беріп отырған дәлелі түкке тұрғысыз, тіпті күлкілі естілді. Күйеуімен жанжалдың басы  былай өрбіпті. Бұл келіншек дастарханға әкеліп қойған вареньесін балдарым жесін деп алдарына қойса енесі бар болғыр бері тартып, өзінің баласының алдына жылжытатын көрінеді. Сосын бұл «сіздің балаңыз болса менің де балаларым» деп шыр-пыр болып ары тартып, осылайша  ерегісудіңсоңында күйеуі көтеріледі де мұны сабап тастайды. Соған ызаланып, ашумен шағымданп келіп отырған сиқы осы. Амалы құрыған апай болса «сол вареньесі түскірді неге екі жаққа бірдей салып қоймадың?» деп ақыл айтудан бастап барынша басу білдіріп, бітімге келтірумен әлек. Әрі тарт та бері тарт тірліктеріңе болайын, болмашы нәрсеге бас қатырып,деп қуып шығуға тұратын ақ жағдай. Бірақ қазір  мінін мойындап, сөз түсінетін жас  қалды ма, көп отбасынан кие кеткен, ата-ене ролі кеміген, жігіт – ынжық, келін – келсап, бала беттен алып тұр. Мұның түп – төркіні мейірімсіздік деген қатерлі құбылыстан. Өзінің ұрпағына мейірімділік таныта алмаған жаннан ұлағат қайдан табылсын?
Отбасы ажырасуының тағы бір себебі – ерлі зайыптың арасындағы айнымас серт пен адалдық кемшін. Айрандай ұйып отырған жанұяны бір ақ сөзбен ірітіп, ажырастырып жіберу оп–оңай. Бір-бірін күндеп көре алмайтын қызғаныштың құрбанына айналатын да солар. Осы жерде мына мысалды келтіру артық болмас.
Бір соқыр жігіт өмір сүрген екен. Тас қараңғыда тұсалып, түртінектеп, осы ғаріптік халіне жүрегі қанжылайды екен. Қос жанары жайнап көріп тұрғанымен екі аяғы кемтар, қарыс қадам баса алмайтын бір аруға тағдыр кезіктіріп, «екі жарты, бір бүтін болайық» деп үлкен жолда екеуі серт байлап бірге өмір жалғаған екен. Жігіттің арқасына отырып, дүниені шарлап, іс қылған қаракөз қайда бастаса да қажымайтын бұл ерің шын бақытына қауышыпты. Бұлардың терең сыйластық, қастерлі махаббатын қызғанып, азғыруды ойлаған сайтанның бұл екеуін адастыруға ақыл-айласы аспапты. Енді шайтандардың қожасы -  Ібіліс іске кірісіп, адам кейпінде ана екеуінің алдынан шығыпты да:  «Мә, мынаны екеуің бөліп алыңдар» деп бірнәрсе берген боп бос алақан кете барыпты. Есіл – дерті адал еңбекке ауған ару оны елең де қылмайды. Ал ері болса«әлгінің беріп кеткенін менен жасырғаны ма, неге үндемейді» деп күнұзақ күмәнді ойларға беріледі. Ақыры шыдамай ойындағысын серігіне айтады. Оның ешкім ешнәрсе бермеді, алаң болмай-ақ қой, деген жауабына қанағаттанбай, менің көзім көрмейтін шығар, бірақ құлағым сау, зердем түгел, анық естідім ғой, мені алдағысы келген екен деген күдіктің жетегінде жаман ашуға жеңдіреді. Бұған қатты назаланған  арудың да жаны жараланып екеуінің жолы екі айрылыпты. Міне, біреудің көзіне алданып, біреудің сөзіне арбалып, адасудың ақыры кісінің қарақан басын жалмарына осы мысалдың өзі үлкен сабақ.
                          
 
Баян Үсейінова
25 тамыз 2020 ж. 565 0