Соңғы жаңалықтар

Көк жөтел ауруы жайлы.

26 сәуір 2024 ж. 75

№32 (8743) 23

23 сәуір 2024 ж.

№31 (8742) 20

20 сәуір 2024 ж.

№30 (8741) 16

16 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Жедел жәрдем жұмысы қауырт

Жедел жәрдем жұмысы қауырт

Бірден айта кетейік, қазір жедел жәрдем қызметіне шағымданушылар аз болмай тұр. Біз бөлімде бірнеше сағат болып, шақыруларға бірге барып, олардың қызметінің ауыр екенін сезіндік. Расында көзге көрінбейтін дертпен күресуде дәрігерлер алғы шепке шығып, көзсіз ерлік жасауда. Жүрегінде түгі бар жандармен бірге өткен санаулы сағатта олардың қайсарлығына көз жетіп, халық саулығы үшін басын қатерге тіккен жандардың жанкештілігіне тәнті болдық.

Сәл мазамыз кетсе, жедел жәр­дем қызметіне жүгінетініміз рас. Қоңырау соғылысымен құстай самғап, жедел жететін ақ халаттылардың қадірін, қызметінің жауапкершілігін, адами мәдениетін біле бермейді екенбіз. Біздің Жаңақорғанда орна­ласқан №14 облыстық жедел жәрдем мекемесіне барып, санаулы шақыртуға қатысып, олардың біз ұға бермейтін тіршілігіне қанығып, жедел көмек көрсетудегі мәселелерді білдік.
Бөлім меңгерушісі Алибек Жиен­баев біздің ниетімізді құптап, жұмыс ережесімен таныстырып, жедел-жәр­дем қызметін бақылауға рұқсат етті. Мұнда күніне ең аз дегенде 40 қоңырау түседі екен. 24 маусымнан 6 шілдеге дейін күніне 70-80 қоңырау түсіп, жұмыс қарқындап, тұрақты 4 бригададан бөлек, қосымша 2 бригада қызметі іске қосылды. Штатта 57 медициналық қызметкер бар болса, оның 5-і жоғары дәре­желі дәрігер, 30-ы орта буынды медицина қызметкері, 6 диспетчер, 8 тазалықшы, 4 көлік жүргізушісі қызмет етеді. Оған қоса аудандық ауруханада 2 медициналық бригада қосымша қызметте. Осы екі түрлі жедел жәрдемнің айырмашылығын бөлім меңгерушісі Алибек Жиенбаев түсіндіріп берді.
– Біз облысқа тікелей бағынатын мекеме болғандықтан, біздің қоңы­рау Қызылорда қаласында қабыл­данып, бізге дабыл беріледі. Жедел-жәрдем көмегі 4 категорияға бөлі­неді. Біріншісі, жағдайы өте ауыр деп бағаланған науқастарға көмек. Естен тану, көп мөлшерде қан кету, ашық жарақат алған тұрғынға 5-10 минутта жету керек. Екіншісі, мұрын­нан қан кету, температура түспеу, өздігінен жүре алмау белгісі бар науқасқа 10 минутта, үшіншісі, қан қысымы өте жоғары не өте төмен болған азаматтарға 15 минутта көмек көрсетуіміз тиіс. Төртінші, мазасыздану, дене қызуы 38 градустан аспаған азаматтарға жедел жетуге тырысамыз. Төртінші категориядағы науқастарға (есін білетін, жағдайы орташа азамат­тарға) аудандық ауруханадағы дәрі­герлер қарайды. Біз жоғарыдағы 3 жағдайдағы науқастарға қызмет көрсетеміз, – деді меңгеруші.

Жедел жәрдемге жүгінушілердің көбі дене қызуының көтерілуі, пнев­мания, коронавирус белгілері, инсу­льт, ұстама кеселі, қанқысы­мының артуы бойынша шағымданады. Ауру­ларды 4 категорияға жіктеп, 4 түрлі жабдықталған бригадаға пәрмен беріледі. Олардың киімі де 4 түрлі болады. Коронавирус, пневмания, жедел респираторлық ауру түрімен күдікті болған науқасқа арнайы киетін киімнің өзі түрлі қабаттан тұрады.

Бұл киіммен сөйлеу тұрмақ, жүріп-тұрудың өзінде арнайы ереже бар. Қалған ауруларға жұқалау келген алжапқыш тәрізді қорғаныш киімі, не дәрігердің формасы, бір реттілік қолғап, маска қолданылады. Мұндай киімді күнделікті қызметте киіп үйреніп қалған дәрігерлер Мөлдір Байтілеуова, Әбітаев Асылбек, аға фельдшер Әсия Шерова киімді дұрыс киюдің маңыздылығын айтты. Жұқпалы аурулармен жұмыс жасап, өз денсаулығын қорғау үшін медициналық киімді тәртібіне қарай кию маңызды. Әйтпесе, өзіне, отба­сына, әріптесіне вирусты таратып жіберуі мүмкін. Мұндай қатерлердің жұмыс барысында орын алмауын қадағалау, қызметкерлерге түсіндіру жұмысы күнделікті жоспардан түскен емес. Жұмыстың жауапкершілігін субординаторлар Шорабек Айтекеев, Ләззат Қалбергенова, Сәуле Махмұд­жанова, Жанна Жамилова, Дина Аппақова түсіндіріп, жұмыста қате­ліктерге жол беру үлкен қатерге алып келетінін айтты. Диспечер Ұлбосын Мұхаметжанова, Сағымкүл Қасмағанбетова, Махаббат Идирисова, Анар Ербосынова, Сандуғаш Әбіл­хайырова, Ғалия Бердалиева күнделікті жұмысқа маниторинг жасалатынын, әр қоңырау есепке алынып, жүйелі жұмыс жасалатынын түсіндірді.
Жедел жәрдем жұмысының басты ережесін біліп, бақылаушыларға қойы­латын талаптарды ескере отырып, арнайы белгіленген қашықтықты сақтап, бірнеше шақыртуға бірге шықтық. Бірінші шақырту дәрігер Дина Аппақова, диспетчер Ғалия Бердалиева мен жүргізуші Ерғали Ахметовқа жүктеліп, тез арада жиналып, белгіленген мекен-жайға шықтық. Көлікте орнатылған JPS бағдарламасы арқылы кенттің көшелерінің электронды картасы бойынша мекен-жайға бет алдық. Әп-сәтте таба қою қиынға соқты. Картамен келіп тұрсақ та, мекен-жай басқаша жазылып тұр. Қоңырау соққан кісіге кері байланысқа қайта-қайта шығып, әзер дегенде таптық. Біз қатысқан шақыртулардың көбінде осы жағдай қайталанады. Із табу қиын болады. Науқас инсульт алыпты. Дереу қан қысымы, жүрек соғысы, қант мөлшері тексеріліп, тездетіп, ауруханаға жеткізілді.
Екінші шақыртуда жас нәрестенің мұрнынан қан кеткен екен. Жылдам қанын тоқтатып, тыныс жолын тазалады. Баланың жүрек қағысы, көңіл-күйі жақсы. Көп қимылдамай, тынығу қажеттігін ескертіп, қайталанған жағдайда хабар беруін ескертіп, келесі науқасқа аттандық. Үшінші науқас эпилепция ауруымен көптен бері ауырған. Қайта-қайта ұстауының салдарынан әлсіреген. Оны әбден тексеріп, ауруханаға алып келді.
Міне, бір сағаттың ішінде осылай жалғасқан жұмысты бақылап тұрудың өзі ауыр. Ал медицина қызметкерлері мұндай жұмысқа еті үйреніп, қорқынышы сейілгендей.
Айтып өту керек, жедел-жәр­демнің кешігуі тұрғындардың жауап­сыздығынан орын алады. Қоңырау­латқан жандар есі шығып, көп жағдайда адресті дұрыс айтпайды. Жедел жәрдемге хабарласқанда аптықпай, жақсылап мекен-жайды айтып, «мектептің маңында», «сауда үйіне қарама-қарсы» дегендей үйіңізге жақын белгілі объектілерді айтып, сипаттау мекен-жайды тез табуға ықпал етеді. Бұны бір деп қойыңыз.
Екіншіден, медициналық қызмет­керлерге құрмет барлық тұрғында бірдей қалыптаспаған. Аптап ыстықта қабат-қабат киім киіп, өз өмірін қатерге тіккен жандарға алғыс айтпақ тұрмақ, «Былжырап қайда жүрсің?», «Неге тез жетпейсің?» деп әдепсіздік танытатындар да табылады.
Үшіншіден, ауруы асқынған адамдар ауруханаға асықпайды. Жедел жәрдемді шақыртып, бір укол салдырып, «қарсылық хатын» жазып, үйінде қалуда. Жедел жәрдем қызметі емдеуші емес, алғашқы көмек қолын созушы. Осыны есте ұстаса игі.
Төртіншіден, Саяжай мен МАИ бекеті аумағындағы көшелердің атауы болғанымен, үйлері номерленбеген екен. Бұл да уақытты созуға әкеліп соғады. Сондықтан кімде-кім жедел жәрдем шақырса, бір адам күтіп алуға кіріскені жөн.
Бесіншіден, науқасты жатқызуға, не орнынан жылжытуға, қозғалтуға, отырғызуға көмектесуге ниет жоқ. Осының бәрі тек медбикелер жұмысы іспетті көреміз. Әсіресе, жол апаты жағдайында жедел жәрдем жұмысын жасауға атсалысу, науқасты қауіпсіз жерге көшіру кезінде қол ұшын созатын жандар кемде-кем. Жан-жақтан қаумалап, камераға түсіріп, есті шығарып, медперсонаждардың жұмысына кедергі жасаушылар тиылмай тұр.
Осы іспетті жұмысқа кедергілер кездесетінін №14 облыстық жедел жәрдем штабының меңгерушісі Алибек Жиенбаев тізіп айтты. Бұған бірнеше шақыруға барған кезімізде де куә болдық.

ТҮЙІН. Шілденің шіліңгір ыстығын­да қабат-қабат киімінен бір қысылып, елдің мәдениетсіздігінен екі қысылып жүрген жандардың қиындықты еңсе­рудегі құлшынысы оларға деген құрметімізді еселей түсті. Жаһанды жайлаған жауыз вирусты жеңу жолында қажыр-қайратын сарп еткен жандардың абыройын асқақтатар күн туғандай...


Мақпал ПАТЕНОВА
11 шілде 2020 ж. 636 0