№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ұлтқа қызмет етудің жолын таптым

Ұлтқа қызмет етудің жолын таптым

«Шабытымды оятшы, қалам досым,
Жақынырақ сұрастырып алам сосын.
Ең бастысы сезімімді жеткізейін,
Құда түсіп барады анам сосын».

Балалар әдебиетінің классигі Адырбек Сопбековше айтқанда, әдебиет әлеміне мен де осылай өлең жазумен келдім.
Қыздарға өлең шығарып, хат жолдамай ма сезімге ерік берген өспірімдер. Сол секілді 10 сыныпта бір қызға өлең арнап, жолдадым. Шабыттанғандықтан ба, әлде сезімге ерік бергендіктен бе, бір жылдың ішінде екі дәптерді толтырған жайым бар. Ойланып қарасам, бұл да бір қызық кезең екен.
Қара өлеңнен басталған шабыт журналистикаға жол көрсетті. Мамандықты экономика саласымен байланыстыруды жөн көрген мені ұстаздарым әдебиет бағытына бұрды.
... Әлі есімде 2008 жылы біздің сыныппен Адырбек Сопбеков кездесуге келіп, шығармашылығынан сыр шертті. Шабыт алғаным соншалық, ақынмен бірге келген Баян Үсейінова апайға жолығып, өлеңдерімді беріп тұруға рұқсат сұрадым. Бірақ...
Негізгі мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пінінің мұғалімі. Университет бітіріп, кесек құйып жүрген жерімде журналисттік жолым ашылды.
2015 жыл. Қыркүйек айы. Маусымдық жұмыс аяқталатын кез. Кенет ұялы телефоным шыр ете қалды. «Балам, қайдасың, тез редакцияға бар!» деді анам. Бардым. Мені сол кездегі бас редактор Қаныбек Әбдуов қабылдап, бүгін жұма, газет шығады, дүйсенбі күні жиналысқа кел деді. Таңғы сағат 9.00-де жиналысқа кірдім. Жиналыс біткен соң, жеке қалып «қандай тақырыпта жаза аласың?» – деді.
– Мен поэзияға жақындаумын, – дедім.
– Шығармашылықтан алыс емес екенсің, онда іске кіріс, – деді.
Қаныбек ағай қолыма фотоаппарат ұстатып, сол кездегі аудан әкімі Руслан Рүстемовпен спорттық жарыстың ашылу салтанатына жіберді. Өмірімде қолыма алғаш рет фотоаппарат ұстап, мақала жазуға аттандым. Жауапкершілік жүгі ауыр екенін түсіндім. Бірақ бұрын-соңды мақала жазып, суретке түсірмегенмін. Жүрексіну, қорқыныш бар...
Іс-шарадан келген бойда рекдатордың бас орынбасары (сол кезде) Нұрлат Байгенженің есігін қақтым.
Газет өндірісіне жауапты маман сұрақтың астына алып:
– Қандай газет оқисың? – деді.
– Көбіне ақындардың өлеңдерін оқимын, – дедім.
– Дұрыс. Поэзияға жақын болғанын... Бірақ журналист болу үшін мерзімді газет-журналдарды оқу керек... – деп бағыт-бағдар көрсетіп, мақаланы қалай бастау керектігі жөнінде кеңес берді.
Таңғы 7.00-де жұмысқа келемін. Тіпті таңғы сағат 6-дан өте «редакторың звондап жатыр» деп анам оятатын. Сол кезден бастап ұйқы дегенді ұмыттым. Көбірек ізденуге тура келді. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін журналистика саласында біраз оқиғаға тап болдым. Бір-екеуін сөз ете кетейін...
Бірде облыс әкімі (сол кездегі) Қырымбек Көшербаев ауданға көгілдір отынның тұсауын кесті. Жиын соңында тілшілерге сұхбат беріп, көлігіне мініп, кентке қарай бағыт алды. Жан-жағыма қарасам көліктер көз ілестірмес жылдамдықпен жүйіткім барады. Мен келген көлік жоқ. Не керек, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының бойындағы МАИ бекетінен жаяу келдім. Содан бастап журналист ширақ болу керектігін түсіндім.
Бірде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесінде аудан әкім (сол кездегі) Руслан Рүстемұлы және «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Байқожаұлымен перзентханаға бардық. Аналарды құттықтап, қайта көлікке отырғанымда аудан әкімі: «Ал бала, ақын екенсің, айта бер, қандай өлеңді жатқа білесің?» дегені бар ма?! Әйтеуір сасқанымнан аузыма Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңі келді. Терлеп-тепшіп айтып, алдымда отырған әкімнің көлік жүргізушісіне ымдап тез жүресіз бе деген сыңай таныттым.
Міне, менің журналистика саласындағы алғашқы қадамым осылай өрілді. Алғашқы ұстазым болған Қаныбек Әбдуов, одан кейін іні деп ізет көрсетіп, мақала жазудың сан қырын сілтеген Нұрлат Байгенже, Баян Үсейінова сынды алдыңғы толқынның жолымен келемін. Артқан сенімдеріне селкеу түсірмей, халыққа адал қызмет ету жолындамын. Ерубай Қалдыбек пен Әбдісамат Әбдіштен де көп нәрсе үйрендім.
Бұған да төрт жылдың жүзі болыпты ғой! Осы уақытта журналистиканың қыр-сыр үйреніп, қаламның қуатын терең түсіндім һәм ұлтқа қызмет етудің жолын бағамдадым.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
27 маусым 2020 ж. 755 0