Мұғалімнің қадірі
Карантинге байланысты қашықтан білім алу үрдісі жүруде. Енді ата-аналар ұстаздың қадірін жіте түсінгендей. Біз осыны сөз етпекпіз...
Сөздің құдіретін жақсы білген ата-бабаларымыз өмірдің түйдек-түйдек мәселесін бір ауыз сөзбен түйіп, бір ғана сөздің қауызына сыйдырды. «Көлде жүрген қоңыр қаз қыр қадірін не білсін, қырда жүрген дуадақ су қадірін не білсін...» деп әр нәрсенің қадірі болатынын меңзейді емес пе? Кезінде аты мен заты қадірлі, төрден орын алатын ұстазды нарықтық қоғам табалдырыққа жайғастырды.
Осындайда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың қақаған қыста ұстазын көріп, оның жолын кесіп өтпеу үшін күтіп тұрып, құлағы үсіп кеткенін естіген едім. Иә алдынғы буын мұғалімді айрықша қадір тұтты. «Мұғалімнің баласы» деген бір ауыз сөз де үлкен жауапкершілік жүктейтін. Олар сотқар болмауға, салдыр-салақ жүрмеуге, бейбастақ сөйлемеуге тырысатын. Өйткені өзіне тағылған айдарсөздің өзінде қадір бар. Сол атқа кір шалдырмау керек еді.
Бұл әріден келе жатқан құрмет еді. Қараңыз, алаш арыстарының, сол заманда ел басқарған, жұрт ісіне жұмылған қайраткерлердің қайсысы болса да бала оқытқан, оқулық жазған, газетте оқу жайының мәселесін көтерді. Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдердікі», деп ұстаздың мәртебесін көрсетті.
Расында карантин кезінде ұстаздың бейнеті ауыр екенін өзіміз сезіндік. Әр баланың қабілет-қарымы мен қабылдау деңгейіне қарай тапсырма беріп, сауатын ашып, көзқарасын қалыптастыру оңай шаруа емес. Мұның қиындығын көп ата-ана сезініп отырғаны даусыз. Сондай ата-аналар қатарында төрт баласын үйден оқытып отырған Динара Жарқынбекова:
– Таң атысымен таласа балаларыммен бірге сабаққа отырамын. Күнімнің көп бөлігі бала оқытуға бағытталған соң, күнделікті тіршілікке үлгермей жатамыз. Біз секілді ата-аналар ұстаздық жұмыстың қиындығын сезініп отыр. Шынымды айтсам, ұстаздардың қадірін жақсы ұғынып жүрмін, – деді.
– Қолымда баспаналары жоқ 2 балам отбасымен бірге тұрады. Былайша 3 отбасы біргеміз. Қолда 12 немере өсіп келеді. Келіндерім қызмет барысымен жұмысқа барады. Қысқасы, балалардың сабағын қарау, оларға бас-көз болып жүрмін. Немерелердің 8-і оқушы. Бұрын өз балаларымды оқытқанда еш қиындық бола бермейтін. Қазіргі заманда жаңа үрдіспен оқыту ата-әжеге оңай шаруа емес. Десе де, ұстаздары маған қолдау білдіріп, менің жағдайыма түсінікпен қарауда. Техникамен сабақ жүргізіп, өздері балалардың білімін тексеруде. Ұстаздар қай заманда болмасын мәртебесі биік, құрметі жоғары болатынын сын сағатта жақсы сезініп отырмын. Біз секілді әже-аталар тек баскөз, тілеулес болу, – дейді.
Кенттің өзінде аналары жұмыста болып, ұл-қыздарын үйде сабақ оқытып отырған ерлер де аз емес. Соның ішінде Мақсат Әмірбек:
– Карантин кезінде ұлдарыммен бірге үйде сабақ оқып, тиімді шаралар жасауды әдетке айналдырдық. Алғашқы кезде «мұғалім болу сөз бе?» деп едім, апта аспай-ақ, ұстаздықтың өз жауапкершілігі барын ұқтым. Өз балаң болса да, ашуланып, сабаққа мән беруін талап еттім. Ойлап қарасам, ұстаздардың бала тілін табудағы өз тәсілі болады-ау. Мейірімді де жанашыр ұстаздарына балалар да асық. Біз де тезірек карантиннің біткенін тілеп отырмыз, – дейді тұрғын.
Мақала жазу барысында ұстаздарымен тілдестім. Мұғалімдер ата-аналармен тілдесу қиындап бара жатқанын, жауапкершілікті толық сезіне бермейтінін алға тартты.
Олардың сөзінше, WhatsApp-тың ортақ чаттарында кемшілік іздеп, кінәңді бетіне басқысы келіп тұратын ата-аналар көп.
Рас әлеуметтік желіде ата-аналар контенті туралы мониторинг жүргізіліп отырған жоқ. Қашықтан оқыту басталады дегенді естіген ата-аналар әр жерден бір шу шығаруды әдетке айналдыра бастады. «Балама тегін компьютер немесе планшет бер!» деп талап етушілер бар. Сонда деймін-ау, балаларын сылтау етіп, «алып қалудың» қамына кіріскені ме? Дүниеге көз тоймаушылық па? Ақыры таратылатын құрылғыларды карантиннен соң, мектепке қайта өткізетінін білгеннен кейін, «алмайтын болдық» деп қайта өткізгендер көп болды. Ашынуға тұратын жайт пе еді?
Бұл-бұл ма, бірнеше ұстазды білем, ата-аналар WhatsApp желісіне бірлік салып беруін талап етеді екен. Сонда баласын оқытқаны аздай, бірлік талап еткеніне жол болсын. Рас, осындай ата-аналар кездеседі. Сондай ата-аналармен тілдесуге тырысқан едім. «Көп балалы ананың бар жайын жасау керек» деп сөзге келместен бажылдап жөнеледі.
Есесіне, ұстаздың шын қадірін білген, тынымсыз тіршілігін ұққан жандар аяулы апайларына алғыс айтуда. Соның бірі Айжан Асқарова: «Алғашында еліміздегі әрбір ата-ананы мектептердің қашықтан оқыту форматына көшу мәселесі толғандырғаны анық.Алайда, кейін індеттің алдын алуда бұл ең оңтайлы шешім екеніне көз жеткіздік. Сондықтан, басқа ата-аналар сияқты мен де балаларымды қашықтықтан оқыту жүйесіне біртіндеп бейімдей бастадым. Үйде 4 бала сабақ қарайды. Олардың тапсырмасымен күн ұзаққа отырамын. Әрине, ұстаздай тәлім-тәрбие беру өте шыдамдылық қажет етеді екен»,– деп ұстаздың еңбегін жоғары бағалайды.
Назгүл Шорабекова ұстаз, 2-сынып жетекшісі: «Әр бала өзінің тәтті қылығымен тартымды. Баланың қабілетін ашып, сабағына қызықтыра білгенде ғана ұстаздың еңбегі ақталады. Әрине, қашықтан оқыту жүйесінде баланы сабаққа қызықтыруға күш салғанымызбен, ата-ана қадағаламаса еш нәтиже болмайды. Сондықтан, ата-ана жауапкершілікті сезінген дұрыс. Менің сыныбымның оқушылары өте белсенді. Менің WhatsApp желісінен қашан байланысады деп күтетінін білгенде қуанып қаламын. Сабаққа қызықтыру, шығармашылығын ұштау, қабілетін дамыту міндетіміз. Біз де балалар да жақын жүздесуді асыға күтіп жүрміз!» – дейді.
Байыппен қарасақ, ұстаздар әр балаға өз білімін беріп, қоғамда өз жолын тапсын деп еңбек етеді. Өскелең ұрпаққа «ұстазыңды қадірле, айтқанын орында, тілін ал» деп құлағына құюдың реті келген секілді. Әйтпесе, «қадірсізден құт қашар» деп Махмұд Қашқари айтқандай, құтымызды қашырып аларымыз хақ.
Мақпал МАРҚАБАЙ