» » Карантин кезінде тәрбиеші жалақысы тоқтамайды

Карантин кезінде тәрбиеші жалақысы тоқтамайды

«Балабақша қызметкерлерінің айлығы карантин кезінде де толық сақталуы тиіс». Мұны Білім және ғылым министрінің орынбасары Шолпан Каринова онлайн-брифингте тәрбиешілер қауымының еңбегін бағалап, табысын тоқтатылмайтынын айтқан еді. Біз осы хабарға орай, жаңақорғандық тәрбиеші қауымның айлық-табысы сақталды ма? Ауылдағы балабақша қызметкерлері де табысын ала ма? Осы сауалды жауапты тұлғаларға қойдық.  
Кемел келешек ұрпаққа тәлімді-тәрбие беріп, қоғамда тұлға болып қалыптастыру үшін, балабақшаның тәрбиесі маңызды. Ел ертеңінің іргетасын қалап, бүлдіршіндерді баулып жатқан мектепке дейінгі білім беру мекемелері елдегі төтенше жағдайға байланысты жұмысын тоқтатқанына бір айдан асты. Еңбегі өлшеусіз маман иелерінің табысы сақталып, үй жағдайында отырған барша қызметкерге айлық табысы толық төленуі тиіс. Себебі жалпы мемлекеттік тапсырыстың бөлінгені жөнінде мемлекеттік комиссияның шешіміне сай, барлық балабақша қызметкерлері табысын талап ете алады. Балабақшаға балалардың келіп-келмегеніне қарамастан жалақы көлемі толықтай сақталады.
Сондықтан мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдардағы педагогтардан бастап барша қызметшілер жалақысын ай сайын алуға мүмкіндік бар. «Егер тәрбиеші жалақысы сақталмайтын еңбек демалысына жіберілсе, бұл дұрыс емес. Осындай нақты фактілер орын алса, бізді хабардар етулеріңізді сұраймыз. Біз сол білім беру ұйымдарымен жұмыс істейміз. Министрліктің алғашқы бұйрығында төтенше жағдай кезеңіне қызметкердің жыл сайынғы еңбек демалысына шығатын уақыты сәйкес келсе ғана жіберілуін көрсеткенбіз. Жалақысы төленбейтін еңбек демалысы туралы сөз болған жоқ» – деген Шолпан Каринова тәрбиешілердің табысы басты назарда болатынын айтты.
Ал, біздің аудан 3-6 жастағы балалар балабақшамен 100 пайыз қамтып, Сыр өңірінде көш басында келеді. Кезінде «Балапан» бағдарламасы аясында кенттің өзінде 50-ден аса балабақша іске қосылған еді.
Жалпы, деректерге жүгінсек, мектепке дейінгі ұйым саны – 123. Оның ішінде, мемлекеттік балабақшалар – 26, жеке балабақшалар – 76, шағын орталықтар – 21. Жалпы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы бала саны – 6213. Тәрбиешілер саны – 644, балабақшалардағы техникалық қызметшілер мыңнан астам.
Бізге карантиндегі қызметкерлердің табысы туралы аудандық білім бөлімінің әдіскері Фатима Туртанова сөз етті. Оның айтуынша, балабақшалар себепсізден тәрбиешілердің айлығын тоқтата алмайды. Карантиндегі тәрбиешілер табысы толықтай сақталып, әр ай айын жалақыларын алуда.
Ал, кент әкімінің орынбасары Нұржан Сүлейменов:
– Кенттегі барша мектепке дейінгі білім беру қызметкерлері толық айлығын алып отыр. Олар әр айдың 25-не айлық табысын аударылуда. Әзірге тәрбиешілер тарапынан ешқандай арыз шағым жоқ – деп тіл қатты.
Кенттегі бірнеше балабақшалардың тәрбиешілеріне хабарласып, айлығын алғандығы жөнінде білдік. «Болашақ» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі Ғалия Үсенова әріптестерінің айлығы сол қалпында сақталып, уақытында алып жатқанын айтты. Ал «Арнайы балабақша» меңгерушісі Жамал Нәлібаева: «Бұл да болса, тәрбиешілер үшін үлкен қолдау. Барша тәрбиеші қауым мемлекеттің тарапынан жасалған қолдауға дән риза!» – деген ойын жеткізді.
Ал, ауылдағы балабақша қауымы қалай? Оны да назарға алдық. Бесарық ауылдық округіндегі «Айгөйлек» балабақшасының тәрбиешісі Динара Үсенова, Сүттіқұдық ауылындағы «Гүлдер» балабақшасының тәрбиешісі Рабиға Әбуова, Келінтөбе ауылындағы «Құралай» балабақшасының тәрбиесіші Кенжегүл Тұрманова, Түгіскендегі №19 «Раушан» балабақшасының меңгерушісі Лаура Үсенбаевалар да табысының тұрақты екенін айтты.
Мақпал МАРҚАБАЙ
05 мамыр 2020 ж. 1 490 0