» » Онлайн жұмыс: қашықтан да қызмет алуға болады

Онлайн жұмыс: қашықтан да қызмет алуға болады


Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) коронавирус қауіпті індет деп жариялағалы елдер шекарасын жауып, қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында жұмыс жасау онлайн режимге көшті. Осы ретте, ауданда қашықтан жұмыс істеп жатқан мекемелердің басшылары мен қызметкерлерін сөзге тартқан едік.

Алдымен аудандық жұмыспен қам­ту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тір­кеу бөлімінің басшысы Жарасхан Мырзалиевке телефон шалып, тұр­ғындарға қандай қызмет түрін онлайн режимде көрсетіп жатқанын сұрадық.
– Мекеме қазіргі уақытта мейлінше қауіпсіздік шарасының алдын алу мақсатында жұмыс жасауда. Тұр­ғындар арасында төтенше жағдай кезінде берілетін 42500 теңге мен атаулы көмек алатындардың кезекті уақытысы ең өзекті мәселе болып тұр. Мынадай уақытта келушілерді мүлдем қабылдай алмаймыз. Бөлім бойынша көрсетілетін қызмет түр­лерінің арнайы мамандарының ұялы телефон нөмерлері аудан әкім­дігінің сайтында және әлеуметтік желілерде көрсетілген. Сол арқылы хабарласып, жұмыстарын бітіріп жатқандар бар. Ал АСП алуға өтініш беретіндер үйден отырып-ақ, eGov жеке кабинеті арқылы керекті құжаттарын тапсырса болады. Ал мүмкіндігі шектеулі жандарға INVO такси қызмет көрсетеді, – деді.
Азаматтық хал актілерді тіркеу (АХАТ) бөлімінің қызметкерлері тарапынан да тиісті қызмет түрлері заң аясында жүзеге асырылуда. Оны бізге аталмыш бөлімнің бас маманы Гүлнар Абдуллаева жеткізді.
– Қашықтан жұмыс істеу біз үшін аса қиындық тудыра қоймады. Тиісінше күнделікті көрсетілетін қызмет түрлері онлайн режимде көрсетіліп келеді. Мәселен, шаңырақ көтеруге ниетті жастар өтінішті онлайн түрде беруде. Жаңа туылған сәбидің туу туралы куәліктерін де қашықтан жеткізуге мүмкіндік жасап отырмыз. Бұл қызмет түрін кент ішінде өзіміздің қызметкерлер орындаса, ауылдық жердің құжат­тарын ауыл әкімдігінен келген мамандар арқылы жүргізілуде, – дейді маман.
Одан әрі халық ең көп шоғыр­ланатын 608-ден аса қызмет түрін көрсететін халыққа қызмет көрсету орталығына телефон шал­дық. Телефон тұтқасын алған маман Шолпан Сәруарова:
– Бізде қазіргі уақытта 5 ма­ман тұрғындарға онлайн кеңес беріп, қашықтан  қызметін көр­сетуде. Мен жеке кәсіпкерлерге ауылшаруашылық қолдау қорынан берілетін ақшаға кепіл шартын тіркеу қызметін атқарсам, Ғазиза Жантелова жеке куәліктер мен төлқұжаттар бойынша жұмыс істеуде. Куәлік иелеріне өзіміз хабарласып, арнайы уақыт белгілеп шақырудамыз. Осы ретте, ауылдық жердің тұрғындарының төлқұжаттары әкімдіктен келетін қызметкерлер арқылы жеткізілетінін айтқым келеді. Өйткені сақтық шарасын ұстану баршамызға ортақ. Ал уәкілеттік органға жолданған құжаттарды реттеумен Әмина Искакова айналысады, – деді.
Мамандар егер жеке куәлі­гіңіздің мерзімі аяқталған болса, еш уайымдаудың қажеті жоқ екенін ескертті. Өйткені әлемдік деңгейде жарияланып жатқан төтенше жағдай кезінде бұған кешірім барын айтты.
Халыққа қызмет көрсету орта­лығы наурыздың 26-сынан бастап онлайн режимде жұмыс істеуге көш­кен. Қазіргі күні төтенше жағдайға байланысты ғимарат есігі жабық тұр. Қажетті қызмет түрін енді қалай аламын деп уайымдамаңыз. Сіздер үшін арнайы 5 маман күні бойы 1414 нөміріне түскен талап-өтініштер бойынша қызмет етеді.
Сондай-ақ жеке куәлікті үйде отырып-ақ электронды цифрлы қолтаңба арқылы да жасатуға болады екен. Ол үшін үйде бар болғаны компьютер, міндетті түрде веб-камерасымен және оның интернетке қосылғаны жеткілікті. Бірақ бұл қызмет түрін халықтың 2-3 пайызы ғана орындайтыныны, қалғаны біздің қызметкерлерге жүгіну барысында жасалатынын білдік.
Одан бөлек екінші деңгейлі банктердің да қызметін онлайн пайдалануға мүмкіндік ашылды. Бұл дегеніңіз, карточканы үйде отырып тапсырыс беру арқылы жасатып алуға  болады деген сөз. «Қазпочта» АҚ да коммуналдық төлемдерді онлайн жүргізуді ұсынып отыр. Оған білім беретін мекемелердегі қызметті қосыңыз.
Қысқасы, карантиндік режимнің бізге тигізген пайдасы – үйден шықпай-ақ интернет арқылы жұмыс­тың бітетініне көзімізді жет­кізді. Бұл – цифрлық өмірдің жаңа дәурені басталып келе жатқанынан хабар беретіндей.

Лаура БИБАСАРОВА
22 сәуір 2020 ж. 746 0