» » Жаңақорған ауда­ны бойынша коронавирус індетін жұқтырғандар саны арта түсті

Жаңақорған ауда­ны бойынша коронавирус індетін жұқтырғандар саны арта түсті

   "Жаңақорған тынысы"  Қытайда қандастар көп. Солармен желі арқылы байланысып тұратыным бар-тын. Аньхуэй өлкесіндегі қандас бауырыммен (есімін атамауды өтінді) желі арқылы тілдестім.
Коронавирустың ошағы Қытайдағы Ухань қаласы.



  2020 жылдың 13 наурызындағы де­ректерге қарағанда, 82160 қытайлық вирусты жұқтырса, оның 3341-ы өлді, 77525-ы сауықты. Ал АҚШ-та – 561051, Испанияда – 161852, Италияда –156363, Францияда – 132591, Германияда – 127854 адам вирусты жұқтырды. Яғни Қытайдан асып түсті.
Мұның сырын қытайлық қандастан сұрадым.
– Қытай Үкіметі өте қатаң талаптар қойды. Біздің қалада 20 қаңтардан бастап катаң режим сақталды. Егер адам үйден шықса айыппұл салады немесе бір күн абақтыға қамайды. Сырттан кіргісі келген адам 14 карантинде жатады. Содан кейін ғана өлкеге кіруге мүмкіндігі болады. Мемлекеттік тәртіп сақшылары үй-үйге тағам әкеп береді. Халық соны тұтынды. Дүкенге барып қажетті тауарды алмағалы қашан? Дәмді сусынның дәмін сағынады екенсің. Көп қалада карантин бітті. Біздің жерде де бірнеше күнде карантин бітер, – деп түсіндірді жетістіктің сырын ол.
Ал бізде қалай басталды? 28 нау­рызда Кореяға іс-сапармен барып-қайтқан 65 жастағы азаматтан COVID-19 белгісі анықталды. Одан медициналық қызмет көрсеткен мейірбикеге жұғады. Мейірбикемен жақын байланыста болған жаңақорғандық інісіне вирус беріледі. Қаладан келген жаңақорғандық сту­денттен вирус жақындарына тарай­ды. Бірнеше күнде Жаңақорған ауда­ны бойынша коронавирус індетін жұқтырғандар саны арта түсті.
Таңқалатыны, бұған дейін жиын-той жасалмасын деп ескертілді. Бірақ бұған құлақ асқан адамдар аз болды. Соның салдарынан (13 сәуірдегі мәлімет) Жаңақорған ауда­нында – 18, Шиелі ауданында – 57 адамға жетті. Тіпті көрші ауданда тұтас бір ауыл карантинге жабылды. Жалпы облыс бойынша қауіпті вирусты жұқтырғандар саны – 119-ға жетті. Оның 12-і Қызылорда қаласына, 23-і Сырдария ауданына, 4-і Қармақшы ауданына, 4-і Арал, 1-і Қазалы ауданына тиесілі. Мемлекет басшысының өзі Қорқыт еліндегі ахуалға алаңдаушылық білдірді.
Расында Сыр өңірінде эпидемио­логиялық ахуал күннен күнге күрде­леніп келеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов: «Бір тәулікте 23 жағдайдың анықталуы – дабыл қағатын жағдай» деп бағалады, әрі: «Өңіріміздің тұрғындары бұл мәселені түйсініп, дұрыс шешім шығармағаннан кейін осындай оқиғамен бетпе-бет келіп отырмыз. Тұрғындар карантин тәртібін сақтауы керек. Түсіндіру жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан карантин талаптарына мән бермейтіндер көп. Шиелі ауданындағы 52-ші науқастың 43-і бір ауылда тіркелуі соған дәлел», деп ескертті.
7 сәуірде тұрғындардың қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында облыстың бас санитариялық дәрігері №7 қаулысын қабылдады. Енді карантиндік шаралар күшейтіліп, кейбір шектеулер талабы қатая түседі.
Жаңа қаулы бойынша тұрғындарға көшеде топтасып жүруге тыйым са­лынады. Тіпті өлім-жітім жағдайында жина­луға да шектеу қойылды. Жасы 55-тен асқандар үй карантинін қатаң сақтауы тиіс. Ал тіршілікке аса қажетті қызметтер мен теміржол, кен саласындағы мамандардың жұмыс тәртібі жергілікті атқарушы орган шешіміне қарай реттеледі.
Мұның бәрі індеттің таралу аясын шектеп, адамдардың амандығы үшін жасалып жатқан қадамдар. Бір адам бір әулетке, бүкіл ауылға жұқтырғанын көріп, естіп отырмыз. Мәселен, Жаңа­қорғанда бір әулеттің 8-не індет жұқса, Шиеліде 6 науқастың бір үйдің адамы екені анықталды. Жаңақорғанда көше­нің наурыз көжесі себеп болса, Шиеліде бір үйде өткен жиынның салдары әсер етті.
Қазір жауапкершілікті шынайы сезінетін кез келді. Себебі әрбір адам отбасын, әулетін, ауылын коро­навирустан сақтауға үлес қоса алады. Ал оның бір ғана жолы – үйде отыру.
Рас қазір ешкімге оңай тиіп отырған жоқ. Коронавирус инфекциясының сал­дарынан барлық жоспарды кейінге ше­герудеміз. Керек десеңіз, індеттің кесірінен ағайын-туыстың өлім-жітіміне қатыса алмай, жақсы көретін жақын­дарымызға бір уыс топырақ сала алмай қиналып отырмыз. Бірақ №7 қаулының талаптарына бағынуымыз міндет. Бауыр­жан Момышұлы айтқандай: «Тәр­тіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды».
Енді карантиндік талаптарға жүрдім-бардым қарауға болмайды. Аман бол­ғыңыз келсе, тәртіпті сақтауыңыз керек-ақ. Одан басқа жол жоқ, ағайын!

Нұрлат АЙТЖАН
14 сәуір 2020 ж. 357 0