» » «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілері де елмен бірге екенін іспен дәлелдеді

«Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілері де елмен бірге екенін іспен дәлелдеді

Бүгінде ауданда жұқпалы індет екпін алған тұста елдің ауызбіршілігі ауадай қажет. Елдің амандығын сақтау – екі есе ерлік. Бұл бағытта билік тарапынан бұқараны бейсауыт жүрістен, таусылмайтын тірліктен тыйылып, тазалық пен тәртіпке бағынуға үндеуде. Әрине, жаһанды алаңдатқан індеттің Жаңақорғанға да жеткені барлық жауапкершілікті сезінуге шақырады. Осындай сындарлы сәтте жұқпалы аурумен күресте алғы шепте жүрген ақ халатты абзал жандар мен тәртіп сақшыларына қолдау көрсету әрбіріміздің азаматтық борышымыз. Ол – үйде отыру.
Осындай сын сағатында «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілері де елмен бірге екенін іспен дәлелдеді. Ауданда қалыптасқан эпидемиологиялық ахуалға байланысты барлық сақтық шараларын сақтай отырып, ірі қара малын құрбандыққа шалып, ел амандығы үшін дұға жасады. Жаман індеттен жұртымыз сүрінбей шығуымызды Жаратқаннан тіледі. Себебі, дана қазақ «садақаны сауыңда бер» десе, хадисте садақа бәлені қайтаратыны айқын айтылған. Соңыра, ортақтасып шалынған құрбандық етін кенттегі тұрмысы төмен, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 17 отбасына үлестірді. Қасына картоп, пиязы мен күрішін қоса тарқатты. Бұл да болса, ерікті жастардың елге көмегі. Осы тұста, айта кететіні, соңғы күндері «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қорына көмек сұрап хабарласушылар қатары тым көбейіп кетті. Жасыратыны жоқ, қоғамдық қордың шамасы барлығына бірдей жете бермейді. Себебі, қордың негізгі демеушілері жергілікті жомарт жандар. Оған қоса, жылдық бекітілген жоспарға сай атқарылатын жүздеген шараларымыз бар. Оның барлығы қаржысыз алға баспайтыны тағы бар. Сондықтанда тұрғындарға қиын сәтте түсіністік танытуларын сұрайтынын жеткізді қор төрағасы Еркінбек Айнақожаев.
Сонымен қатар бұл күні ерікті жастар мен кәсіпкерлер, жомарт жандар шалынған құрбандық етінен бір қазан палау басып, кенттегі 5 блок-бекетте кезекшілікте тұрған қызметкерлерге таратты. Бұдан бөлек, кент көшелері мен обьектілерге зарарсыздандыру жұмысын жүргізіп жатқан шекара қызметінен келген 28 жасақ өкіліне ыстық тамақ пен азық-түлік үлестірді. Ондағы мақсат – елдің елдігін көрсету еді.
– Ел басына күн туған сын сағатта ерікті жастар құр қарап жата алмады. Барлық сақтық шараларын қатаң сақтай отырып, екі еріктіден бөлініп, ел тыныштығы үшін күзетте тұрған тәртіп сақшыларына ыстық тамақ үлестірдік. Сондай-ақ Шипажайда оқшауланып жатқан жаңақорғандықтарға жеміс-жидек пен жеке гигиеналық заттар жеткіздік. Сәтін салса, бұл қиыншылықты да ел болып, еңсереміз деген ниеттеміз. Бастысы – барынша сабырлық сақтап, отбасымен үйде отырып, елдің тынышытығын тілеу. Қазіргі таңда жаман індеттің алдын алудағы басты тәртіп осы. Сондықтан барша аудан тұрғындарын үйден шықпауға шақырамыз, – деді ерікті жастар көшбасшысы Еркінбек Айнақожаев.
Иә, «ауылына қарап азаматын таны». Қазақтың бұл даналық сөзі бүгінгідей қысылтаң шақта өзінің өміршеңдігін көрсетуде. Ауданда «елім» деп еміреніп, «жұртым» деп ерікті жұмыс істеп жүрген жаны жайсаң жомарт жандар жетерлік. Олар қашанда бұқараға жасаған жақсылығын жасырып, және бір ізгілікті істің ұйытқысы болуға дайын тұрады. Бастысы кәсібіне адал. Оның айқын дәлелі, «Жаңарған Жаңақорған жастары» ерікті тобының бастамасымен жасалған ізгі істе атын атамауды сұраған жаңақорғандық кәсіпкерлер қомақты үлесін қоса білді. Ал, еріктілердің қатарында: Қоғамбек Бейсенбиев, Қайрат Оралбеков, Дәулет Тұрабаев, Арман Мажитов, Нұрболат Аширов, Нұрхан Айдаров, Наурызбай Орынбасаров, Наржан Молдабеков, Бауыржан Орынбасаров сынды тағы да басқа еріктілердің еңбегі ерен.

Әбдісамат ӘБДІШ
07 сәуір 2020 ж. 634 0