» » Сақтық шараларын қатаңдату маңызды

Сақтық шараларын қатаңдату маңызды

Жаһандық жұқпалы індеттен Қазақстан да тыс қалмады. coronavirus2020.kz сайтының 26 наурыздағы мәліметінше, Қазақстан бойынша 109 адамнан коронавирус анықталды. Нұр-Сұлтан қаласында – 61, Алматы қаласында – 40. Қарағанды мен Шымкент қаласында екі адам, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облысында бір адамнан вирус жұққаны белгілі болды. Сондай-ақ, ресми дерек көздері екі қазақстандық коронавирустан айықты деген ақпарат таратты. Бұл – біз коронавирусты жеңдік деген сөз емес. Өйткені бір науқас вирустан көз жұмды. Бұл – сақтық шараларын әлі де қатаңдатып, қоғамнан оқшаулануды басшылыққа алу керек дегенді білдіреді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында осы турасында айтылып, карантин режимін бұзғандарға қатысты шараларды қатаңдатуды тапсырды.
– Қатаң санкцияларға көшетін уақыт жетті. Сонымен қатар тәртіп бұзушылықтың алдын алу мақсатында тіркелген деректерді БАҚ-та кеңінен жариялау керек. Халық баратын қоғамдық орындарда санитарлық тазалық талаптары сөзсіз орындалуы тиіс. Мұндай жағдайда «үнемдеуге» және «оңтайландыруға» жол жоқ. Мемлекеттік комиссия Қарулы Күштерді Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және басқа да ірі қалалардың көшелерін дезинфекциялауға тарту тәртібін айқындауы қажет, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдерден, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден келген барлық адамдарды карантинге жатқызуды тап¬сырды. Мемлекет басшысы Төтенше жағдай және карантин кезіндегі жұмыс тәртібін әзірлеп, оны барлық азаматтар мен бизнес өкілдеріне жеткізу, сондай-ақ, халыққа медициналық мекемелердің жаңа жұмыс режимін түсіндіру керектігін атап өтті.
Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктеріне жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін онлайн-режимінде жарыстар, дәрістер мен өзге де білім беру шараларын өткізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Мемлекет басшысы жұмыссыз жастарға «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында тиісті жалақы төлей отырып, оларды су тасқынына қарсы іс-қимылдарға, көктемгі егінге, құрылысқа және басқа да жұмыстарға тартуға ша-қырды.
Дағдарыс жағдайында жұмыс істеп тұрған әрбір кәсіпорын, әрбір жұмыс орны аса маңызды екені даусыз. Осыған орай фискалды органдарға дағдарыс кезінде кәсіпкерлерге ешқандай қысым жасамай, өздерінің жұмыс әдісін қайта қарауды тапсырды. Бұдан бөлек қауесеттер мен арандатушылық ақпараттарға тосқауыл қою жұмыстары ерекше бақылауға алынуы тиіс.
–Бүгінде алдыңғы шепте өз бастарын үлкен қатерге тігіп, демалыссыз жұмыс істеп жатқан біздің азаматтарымыз – дәрігерлер, полиция қызметкерлері және басқа да мамандар өз отбасыларын сирек көреді. Соған қарамастан, өздерінің азаматтық және қызметтік борыштарын толық орындап жүр. Сіздерге шынайы алғысымды білдіремін. Үкімет пен әкімдерге қосымша қаржы тауып, коронавирусқа қарсы күрес жұмыстарына тартылған дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне және өзге де мамандарға 1 айлық көлемінде сыйақы беруді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент төтенше жағдай кезінде айыппұлдар мен өсімпұлдарға қатысты бұған дейін қабылданған тыйымдардан бөлек, дағдарыстан зардап шеккен халықтың барлық займдары бойынша қарыздың негізгі бөлігін және сыйақысын тоқтата тұру қажет деп санайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайға байланысты табыс көзінен айрылған қазақстандықтарға ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (42 500 теңге) төлей бастауды тапсырды. Жалпы мұндай көмекке кемінде 1,5 миллион адам ілінеді.
– Мемлекеттік комиссияға төлемдер¬дің тиімді әрі ашық механизмдерін әзірлеуді тапсырамын. Арнайы құрылған өңірлік штабтар нақты көмек алушылардың тізімін жұртшылықтың және «Атамекен» ҰКП қатысуымен жасайды. Сонымен қатар бизнес, оның ішінде шағын және орта кәсіпкерлік жұмыс орнын сақтап қалу шараларын қабылдауы, қызметкерлерін жұмыстан шығармауы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ұялы байланыс пен интернетке, әсіресе, ағартушылық ресурстарға, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге қол жетімділікті арттыруды тапсырды. Төтенше жағдай кезінде тұрғындардың қарызына қара¬мастан, байланыс қызметін үзбеу керек. Бұдан бөлек мемлекеттік комис¬сия коммуналдық қызмет төлем¬дерін төмендету үшін жүйелі жал¬пыреспубликалық шаралар әзірлеуі қажет.
Президент сөзінің басым бөлігі кәсіпкерлікті қорғауға арналды.
– Қазіргі күрделі жағдайдан зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерліктің барлық несиелері бойынша негізгі қарыздары мен сыйақыларын төлеуді тоқтата тұру – оларды нақты қолдау механизмдерінің бірі. Іскерлік белсенділікті салық тұрғысынан ынталандыру және бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар әзірлеуді, шағын және орта кәсіпкерлікті барлық салық және міндетті төлемдерден 3 ай мерзімге босатуды тапсырамын. Осы кезеңде оларға айыппұлдар мен өсімпұл жүрмеуі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қаржы министрлігіне мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік органдардың келісім-шартта көрсетілген міндеттемелерін толық орындауын бақылауды күшей¬ту тапсырылды. Іс жүзінде көрсетілген қызметтер мен атқарылған жұмыстардың барлық төлемдері 5 күн ішінде аударылуы қажет. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялар орындаушыларға айып-пұл салмауы және сенімсіз орын¬даушылардың тізіміне қоспауы тиіс. Қысқа мерзім ішінде отандық тауар өндірушілердің реестрі жасалып, мемлекеттік сатып алулардың арнайы режимі енгізіледі. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арнайы бағдарламасы – іскерлік белсенділікті және жұмыспен қамтуды қолдаудың тағы бір құралы болуы тиіс. Президент теңгенің айырбас бағамын тұрақтандыру үшін Ұлттық банкке, Үкіметке және квазимемлекеттік компаниялардың басшыларына квазимемлекеттік сектордағы субъектілердің экспорттық пайдасын міндетті түрде еліміздің валюта нарығында сатуын қамтамасыз етуді тапсырды.
– Осындай күрделі жағдайда мем¬лекетті басқару түбегейлі өзгеруі тиіс, өзімізге жауапкершілік алып, батыл әрі тиімді шешімдер қабылдауымыз керек. Мен Үкіметтің әрбір мүшесіне, әкімдерге ерекше режимде жұмыс істейтін уақыт келгенін жеткізгім келеді. Қазіргі жағдайдың қаншалықты күрделі екенін түсінбейтін, ескі әдіспен жұмыс істеп, өз ісіне немқұрайлы қарайтындар орындарын босатуы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдерге шұғыл шаралардан бөлек, жағдайды тұрақтандырғаннан кейінгі уақытты ескере отырып, жүйелі бағдарламалар әзірлеп, қабылдауы қажет екенін айтты.
Бұл бағыттағы жұмыстар Жаңа¬қорған ауданында ұтымды ұйым¬дас¬тырылуда. «Алтын қамба» облыстық тұрақтандыру қорынан 20 тоннаға жуық әлеуметтік азық-түлік түрлері арзан бағада сатылды. Ұн (5 тонна) 6100 теңге, картоп (7 тонна) 90 теңге, пияз (5 тонна) 55 теңге, күнбағыз майы (2 тонна) 1625 теңгеге сатылды. Үйлестіру жұмыстарына жауапты болған аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің статис маманы Дәулет Оразбеков 300-ге тарта көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға ғана сатылғанын айтты. Аудан әкімінің тапсырмасына сай мұндай шаралар тұрақты өткізіледі екен.
Бұл – Президенттің тапсырмасы аудандық деңгейде жүйелі жүргізіле бастағанының айғағы.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

27 наурыз 2020 ж. 426 0