СӘН ӘЛЕМІНЕ САЯХАТ
«Сән дегеніміздің өзі уақыт өте келе сән әлемінен ығыстырылып жатқан нәрсе» депті француз модельер-дизайнері Коко Шанель. Бүгінде сән үлгісі әркімнің өзіндік стиліне сүйенуімен ерекше. Дегенмен сәнгерлер әр мезгілге сай сән үлгілеріне тоқтам жасап, ұсынып отырады. Біз осыған үңілген едік.
Мыңжылдықтар тарихына зерделесеңіз, өркениет көшіне Ұлы даланың байырғы тұрғындары қомақты үлес қосты. Әлем жұрты жабайы жылқыға сүйсініп жүргенде біздің ата-бабабыз көлік қылып тұтынып, сүтін сусын етті. Атқа ыңғайлы киім формалары сол кезде қалыптасып, бүкіл әлемге шалбар, етік, костюм және т.б тарады. Ғасырлар алмасып, уақыт озып, батыс өркениет көшін түзеді. Осылайша сән үлгісін тарататын орталыққа айналды. Мәселен, ХХ ғасырдың 40 жылдары әскери киім үлгілері жаппай белең алса, 50 жылдары Париждің сәнгерлерінің талғамы озды, 60 жылдары ағылшындық эксцентрика, 70 жылдары хиппизм, 80 жылдары италияндық тенденция басым болды. Ал 90 жылдары жапондық үлгідегі киімдер сәнге айналды. Сол кезеңдегі киім кию үлгісі сән әлеміне өзіндік стилін алып келді.
Хош. Енді өз еліміздегі бүгінгі сән, стилі жайын сөз етейік. Заманауи киім кию үлгісінің келбетін жасаушылар отандық Құралай Нұрқаділова, Берік Ысмайылов тәрізді сәнгерлердің есімдерімен қоса, бүгінде Қазақстанда өздерінің сән үйлері бар ресейлік Вячеслав Зайцев, Валентин Юдашкиннің есімдері ауызға оралады. Олар қазіргі таңдағы сән үлгісін қалыптастыруда өзіндік қолтаңбалары бар алдыңғы қатарлы сәнгерлер.
Заманауи сән үлгісіне шектеу қоюға келмейді. Әркімнің өзіндік талғамымен, көңілі қалаған затты таңдап киюмен сипатталады. Тіпті, ешқандай үйлесімсіз дейтін киім кию үлгісі жастар арасында «ерекше сәнді» деген атауға лайық болуы бек мүмкін. Бұл ретте атақты Коко Шанельдің жекелей талғам көп нәрсе шешеді, ал көпшілік талғам ештеңе шешпейді деген сөздері еске түседі.
«Киімге қарап қарсы алып, ақылыңа қарап шығарып салу» белең алып тұрған мына күнде үлкен буын аға-апайларды қойып, кішкентай бүлдіршіндердің өздері киім-кешекке, оның құнына аса мән береді. Әрине, өзінің қалауына сүйене отырып, өз стилін қалыптастыру әркімнің өз еркінде. Дегенмен, кейбір кезде жұртшылық естен шығаратын бір жайт, жас мөлшеріне, қоғамда міндеттейтін ережелерге сай белгілі бір заңдылықтар болатынын ескеріп, эстетикалық, ұлттық принциптер, адамгершілік көзқарас тұрғысынан киім таңдаған жөн сияқты. Бұл ретте киім кию үлгісі ұлттық идеологияны қалыптастыруда маңызды фактордың бірі екенін ұмытпау керек. Кезінде «советский» деген тауарлар сапалы саналса, бүгінде Түркияның туарына сұраныс артты. «Көк етікті алмай жүр, көне етіктіге бармай жүр» дегендей, бойжеткендер анағұрлым жұпыны, қарапайымдау киінген ер-азаматтарға қарап мұрнын шүйірсе, өз кезегінде, ер-азаматтар сәнқой қыздардың мінезін бір бөлек, қарапайым киінген қыздардың мінездерін бір бөлек көретін тәрізді.
Белгілі психолог Айнұр Қасымованың айтуынша, өзіміз ғұмыр кешетін қоғамдағы барлығы күнделікті көретін белгілі бір формада, костюмде жүрген жандардың мамандығын білгеннен бір бөлек, адамдардың киім кию стиліне, көбірек ұнататын түсіне қарап, мінез-құлқындағы ерекшеліктерін аңғаруға болады екен. Мысалға алғанда, салмақты мінезділер жасыл түсті, ал зейінді, ойлау қабілеті дамыған жандар сары, ақ түсті, ашушаңдар болса көбінде күлгін түсті ұнатса, шығармашылық топтағы жандар түрлі әшекейлермен әсемделген, көпшілік тәуекел етіп, таңдай бермейтін түрлі киімдерді киюмен қоса, сары, алқызыл түсті жақсы көреді екен. Флегматиктер мен холериктер қара мен көк түсті көбірек таңдаса, өзіне көпшілік назарын аударуды жаны сүйетін адамдар қызыл түсті киімдерді ұнатады екен.
Қалай дегенмен де, ертеңгі күні сән әлеміндегі киім кию стилінде қандай өзгерістер болмақ деген сұрақ көпшілікті ойландырғанымен, нақты жауабын ешкім дөп басып айта алмайды. Жылдың төрт мезгіліне сай, «жаздық», «қыстық», «көктемдік», «күздік» ауысым, алуантүрлілік пен өзгеріске толы, үнемі құбылу үстіндегі жиынтық үлгі бүгінгі «сән» ұғымымен түсіндіріледі және уақыт талабына сай өзіндік белгілерімен ерекшеленеді.
Ал 2020 жылы қандай киімдер сәнде болады? Айта кететіні, биылғы жылы Total look, яғни бастан аяққа дейін бір түсті киім кию үлгісі де ең сәнді үйлесім болып қала береді. 2020 жылы жағасы өте ұзын әрі үшкір жейделер сәнде болады. Мұндай жейдені жилеттің немесе жемпірдің ішінен киіп, жағасын сыртқа шығарып қоясыз. Сонымен қатар, денеге жабыспайтын, ашық түсті «oversize» көйлектерге мән беріңіз. Оның матасы жеңіл және жұқа түрін алып, алдағы көктемде өзін, ал қазір жемпірдің ішінен кисеңіз болады.
Дизайнерлер осы жылы көктем мезгілінде былғары сәнде болатынын, тіпті, былғары киімді бастан аяққа дейін киюді де ұсынып отыр. Сондықтан былғары шалбар (немесе белдемше) мен былғары жейдені батыл үйлестіріп кисеңіз де болады.
Бақытымызға орай, бүгінгі күні біз өзіміздің ұнайтын кез келген түсімізге ие бола аламыз. 2020 жылғы сәнде сары, жасыл, қызыл түстер санымен қатар көк, ақ, қызғылт түсте кез келген киіммен үйлестіріп киюде сәнде болмақ.
Лаура БИБАСАРОВА