Тәңір қосқан тағдыр
Бүгін сөз етіп отырған отбасы туралы әңгімелегенде өмірдің терең мәнін ұғынып, болашаққа деген ерекше шабытың оянады. Ол кімдер?
Біз 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай аудандық азаматтардың хал актілерін тіркеу мекемесіне арнайы маңдай тіредік. Мақсатымыз – өмірге көзқарасы ерек, өз қиындығын жеңген, көпке үлгілі боларлық ерекше отбасыларын тауып, насихаттау еді. Біздің ниетімізді қолдаған бөлім меңгерушісі Гүлнар Абдуллаева аудан тұрғындары арасынан Еспенбетовтер отбасын ерекше атады. «Серік пен Алтыншаштың шаңырағы көпшілікке үлгі болады деп санаймын. Олай дейтінім, олар мүмкіндігі шектеулі жандар болса да, 7 баланы дүниеге әкеліп, ешкімнен кем етпей, бағып-қағып, көппен иық теңестіріп, ешкімге алақан жаймай, ризығын адал маңдай термен тауып жүрген ерекше жандар. Осы отбасының жігері мен қайсарлығы көпке үлгі, ал, жас отбасыларға таптырмас мотивация», – деген соң, әлгі отбасының басты құндылықтарымен танысуды жөн көрдік. Үйінің мекен жайын тауып, дидарласуға асықтық.
Бізді «Алтын алқаның» иесі, өңі жылы, жайдарлы ана есік алдында қарсы алды. Қонақжайлылығы өз алдына, отбасында отағасын ерекше құрметтейтін әдебі әр қимылынан аңғарылып тұр. Жұмыстан келген жолдасын жылы қабақпен қарсы алып, көңілін бағып әлек. Жайланып отырып, әңгіме құра бастағанда да, ерінен аспай, «Отағасы айтсын» деген ишара білдірді. Бұл үйдегі ең бірінші құндылық ері тұрып, әйелі сөз бастамайды екен.
– Сен іздеген жеңгең осы. Есімі – Алтыншаш. Осы үйдің шуағы. Балалардың жайын жасап, өсіріп, бағып-қағып отыр, – дейді Серік Еспенбетов.
Әрі қарай, отбасылық суреттерге толы альбомды ақтара отырып, әңгімесін жалғай бастады. «Мынау жұбайымның келін болып түскен сәті. Алып қашу операциясы болған» деп қалжыңдап қойды. «Алғашқы баламыз өмірге келген күн. Қасымызда жақын туыстар мен достар. Ал, келесі ұлымның тұсау кесері, мынау сүндет тойы. Мына кезде жеңгеңнің туған күнін атап өткенбіз», – деп бірінен соң бірін айтып, қуаныштарын еске алып, мәз. Әңгіме барысында «Ағам сізді бағанадан бері мақтап отыр, өзі үйде қандай азамат?» – дедім.
– Бағыма орай, ақжарқын азаматым әрдайым қамқор, жанашыр, тірегім болып жүр, – деді Алтыншаш Сыздықова.
Сарғая бастаған суреттерде осы отбасының бақытты күндері, қиындыққа қарсы тұра білген жандардың қайсарлығы, болашаққа деген сенімі өткен күн қимас естелігіндей.
Ең бастысы, қатардан қалмай, біреуден ілгері, біреуден кейін күн кешкен жандар ешқашан өзгеден көмек сұраған емес.«Шаңырақтың тірегі – әке, жүрегі –ана» десек, жұптасқан жандар тағдырдың талай сынына төтеп бергенін, қиындықты бірге жеңгенін сөз етті. Бір аяғынан айрылып, жүріп-тұру жеңіл болмағанына қарамастан, ерге тән мінезімен еңбек етіп, ұрпағын жетілдіру жолында қызмет етіп жатқан Серік Еспенбетовтің қайсарлығын нағыз батыр ердің ісі деуге болады. Ол бүгінде жеке фирмалардың бірінде бас есепші болып қызмет етеді.
Тұңғышы Толғанай әке жолын жалғап, Көктөбе ауылдық клуб үйінде есепші, екінші қызы Ұлданай Қызылорда қалалық емханада медбике, үшінші перзенті Есімхан әскерде отан алдындағы азаматтық борышын атқаруда. Оның мамандығы да есепші және аудит. Аружан «Болашақ» университетінде бастауыш мұғалімі мамандығын оқып жүр. Дастан Қызылорда мемлекеттік университетінде заңгерлік мамандығын алуда. Мирас пен Аяулым №110 мектеп лицейінің үлгілі оқушыларының қатарынан көрінуде. Елу жасқа келген елағасы 2 немере сүйген ата.
Шаңырақтың шаттығын сәби үнімен толтырып, бақытын отбасынан тапқан жандармен өткен бір сәттің өзі бойымызға толассыз қуат сыйлап, шабыттанып қайттық.
Мақпал МАРҚАБАЙ