Соңғы жаңалықтар

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ерекше жандарды жұмыспен қамту жағы қарастырылса

Ерекше жандарды жұмыспен қамту жағы қарастырылса

   Адам баласының тағдыры түрлі түсті жіппен тоқылған өрнек секілді. Кейде сол өрнектің жібі аяқ асты қара түске боялып, тағдыр жазуы тәлкекке салып, пендесін қиындықпен сынаққа алып жатады. Бірі жазатайым оқиғадан жапа шексе, енді бірі туабітті кемістікке тап болып, қазіргі қоғам тілімен айтқанда «мүмкіндігі шектеулі» деген топқа жіктеліп жатады. Басқа түссе, пенде тағдырдың кез келген сынағына шыдайды, көнеді. Бұл бағытта мемлекет олардың өзгелермен тең дәрежеде, өзін қоршаған ортада кедергісіз өмір сүрулеріне қажетті жағдайларды жасап жатыр.

Осы тұста Жаңақорғандағы ерекше жандармен жұмыс қай деңгейде жүргізілуде? Қандай қолдау шаралары жүзеге асуда? Бұл жөнінде біз аудандық мүгедектер қоғамының және «Жебеуші» қоғамдық қорының төрағасы Нурдин Исмайловпен тілдестік.

Оның айтуынша, қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандарға көзқарас өзгерген. Қашанда көмек қолын созуға даяр тұратын демеушілер де бар.
– Елімізде мүмкіндігі шектеулі аза­мат­тардың тұлға ретінде қалып­тасуына, қоғамдық сананың ашық­ты­ғына, мемлекеттің дамуына үлес қосуына қолайлы жағдай жасалған. Аудан бойынша 2350 мүмкіндігі шектеулі жан тіркелген. Оған қоса, 6 ымдау мұғалімі мен 150 жеке көмекші бар. Жергілікті әкімдіктің қолдауымен бүгінге дейін көптеген шаралар өткіздік. Жыл басында бұрынғы аудан әкімі Ғалым Әміреевтің тікелей бастамасымен біздің қорға қайырымдылық мақсатта «СКЗ-U» ЖШС мен «Жаңақорған-транзит» мекемесінен 2 млн 600 мың теңге түсті. Бұл қаржының әрбір тиынына дейін шын мұқтаждар мен мүгедек жандарға қаржылай қолдау көрсетілді, – дейді Нурдин Өтеуұлы.
Сәуір айында аудан әкімдігі мен аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімімен бірлесіп, 70 тұрмысы тұралаған, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының әрқайсысына 20 мың теңгенің азық-түлік өнімі үлестірілген. Сонымен қатар емделу мақсатында Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына барған 10 мүмкіндігі шектеулі жанға жол қаржысына 50 мың теңгеден берілген. Оның арасында қатты қиналып, көмек сұраған бірнеше жанға 10-20 мың теңгеден көмек көрсетіліп отырған.
– Жақында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан туындаған «Туған жерге тағзым» жобасы аясында 10 ерекше жанды Түркістан қаласына апарып, саяхат жасадық. Қожа Ахмет Ясауи мавзолейіне бардық. Өзге де қасиетті орындарға зиярат жасап, ерекше жандардың танымдық көкжиегін тарихи дүниелермен толтырдық. Саяхат жасаған балалардың барлығы қатты қуанып, мұндай экскурсиялар жиі болып тұрса деген тілектерін жасырмады. Шыны керек егер біздің қоғамдық қорға жомарт жандар тарапынан қаржылай қолдау болса, біз ерекше жандарды қуантуға қашанда дайынбыз, – дейді Нурдин Исмайлов бізбен әңгімесінде.
Расында қоғамдық қор төрағасы тілдесу барысында жаңақорғандық меценаттардан көп көмек күтетінін тілге тиек етті. Себебі қандай шара болмасын қаржыға келіп тірелетіні тағы бар. Осындайда қайырымды жандар демеп жіберсе, ерекше жандардың өмірге деген ұмтылысы мен құлышынысы арта түсері айқын. Сондай-ақ Нурдин Өтеуұлы жеке кәсіпкерлер мен мекеме басшыларына бұйымтайын жеткізді. ІІІ топ мүгедектерін жеке балабақша, мектеп, кәсіпкерлік нысандарға күзетші, бағбан, компьютер терушісі сынды жұмыстарға қабылдаса деген тілегі бар. Бәлкім қоғаммен араласқасын ерекше жандардың екінші бір қабілеті ашылып, өмірге құштарлығы одан әрі арта түсер ма еді? Айтқандай, Нурдин Өтеуұлы төрт жылдан бері мүмкіндігі шектеулі жандарға инватакси қызметін ұсынып, олардың мекемелер мен емханаларға баруына дәнекер болып жүр. Әрине оған мемлекет тарапынан қаржы қарастырылған.
Жақында 3-желтоқсан мүмкіндігі шектеулі жандар күніне орай «Ордакент» ардагерлер және жастар ресурстық орталығында спорттың 5 түрінен жарыс ұйымдастырылыпты. Елуге жуық ерекше жандар қатысқан жарыс өте тартысты өтті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Диплом мен бағалы сыйлықпен марапаттағанын тілге тиек етті. Сұхбат соңында аудан әкімдігіне және аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегеновке айрықша алғысын білдірді.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ
22 желтоқсан 2019 ж. 696 0