Көре білгенге көлеңке де жарық
Әли Тұрғанбеков. Қазақстанда өмір сүретін 18 миллион адамның ішіндегі ең ерекше жасөспірім. 2008 жылы дүниеге екі аяқсыз келген өреннің өресі биік, арманы мен мақсаты айқын. Тек армандап қана қоймай, нақты нәтижеге жетудің жолын жақсы біледі. Өмірден үмітін үзбеген Әли бүгінгі күнге дейін жаһандағы ең танымал мотиватор Ник Вуйчичпен, футбол королі Диего Марадона мен, әлемдік футбол жұлдыздары Неймар, Эдисон Каванимен кездескен. Жүздесіп қана қоймай, Әли оларды футболдағы қабілеттерімен таңғалдырған.
Тақырып ауаны түсінікті болған шығар. Бүгін біз ерекше жандандардың ерек істерін арқау етеміз. Әрине жер бетінде қилы-қилы тағдыр бар. Бірі басына қонған бақты көтере алмаса, енді бірі саулықтың қадірін білмей жатады. Ал енді бірі айналасындағы ортасымен сыйыспай, өмірдің қадірін білмей ұқпайды. Керісінше, туабітті тағдыр тауқіметімен мүгедек болған жандар өмірге құштар келеді. Жаратқан бұл жандардың бір мүшесін кем жаратып, мүмкіндігін шектегелімен, мұқалмас ерік-жігер, қажымас күш беріп, жан жарасын жеңілдеткендей. Себебі, олардың келешекке құлшынысы, алға ұмтылысы, бір сөзбен айтқанда өмірге деген көзқарасы ерекше. Сондықтан біз мүмкіндігі шектеулі балаларды ерекше жандар деп атағанды жөн көрдік. Әрі Жаңақорған да тұрып, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде есімін асқақтатып жатқан жандарды мақалаға кейіпкер етпекпіз.
Әуелі сауалатты өмір салтын серік еткен ерекше жандардан бастасақ. Білікті бапкер Шыңғыс Азнабаевтың айтуынша, бүгінде Жаңақорған спорт клубында жиырмадан астам мүмкіндігі шектеулі жан спорттың 7 түрімен шұғылдануда. Олардың арасында халықаралық дәрежедегі спортшы деңгейіне жеткен жастар бар. Азияны бағындырып, бірнеше мәрте әлем чемипионатына жолдама алған ерекше жанның бірі – жаңақорғандық Әбусейіт Реметов пен Радбек Фазылов. Олар – қол күрестен Азияның қос дүрін жүлдегері. Әбусейіт көру қабілеті төмен спортшылар арасында, ал Радбек есту қабілеті төмен қол күрес шеберлерінен айласын асырып жүр. Ерік-жігері мықты екі спортшының ендігі арманы – әлем чемпионатына қатысу. Себебі, бұл мүмкіндік бұған дейін екеуін де екі рет болды. Алайда қаржы қолбайлау болып,мемлекеттің мүмкіндігі мен жомарт жандардың қолдауы жетіспеді. Аядай ғана ауылда шынығып, Азияны бағындырған қосспортшыға қолы ұзын меценат табылса, бәлкім әлем чемипонатында Қазақстанның көк туын арена төрінде желбіретер меді.
Оған қоса, күні кеше Нұр-Сұлтан қаласында қол күрестен мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдер арасында тұңғыш рет ұйымдастырылған спартакиада да жаңақорғандық Нұрасыл Дәуренұлы мен Бауыржан Оразбаев күміс жүлдеге ие болды. Сәтін салса, қос жасөспірім келер жылы Қазақстан чемпионатына қатысады. Сондай-ақ қол күрестен Қуаныш Әбибуллаевта жыл соңына дейін халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына қол жеткізетіні белгілі болды. Айта берсек, спорт саласында ерекше жандар жетерлік. Тек, қолдау һәм демеу тұрақты болса бағындырар белестері бір төбе.
АЙМАҚҚА ТАНЫЛҒАН ҚАЙСАР ҚЫЗ
Қолөнердің ерекше түрін кәсіп еткен аққұмдық қыздың өмірге деген талпынысы көпке үлгі. Әсіресе, ертелі-кеш смартфонның бетін сипап, телефонға телмірген замандастарының құлағына «алтын сырға». Тумасынан сәл қалт қимылдаса сүйегі сына беретін Қасиеттің қолынан келмейтіні жоқ. Тіпті, төл туындыларын теңгеге пұлдап, сатып алған балбақша мен мектеп ұжымдары жетерлік. Оның қатарында: қыз-келіншектердің сәндік мақсаттағы әшекей бұйымдары көптеп табылады. Жылтыраған майда мойыншық (бисер) пен гипс, ермексаз, лента сынды заттар Қасиеттің қолданатын басты құралдары.
Айтқандай, Қасиет «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» аясында қайтарымсыз қомақты қаржыға ие болды. Қызылорда қаласында өткен «Өзіңе сене баста» атты мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлердің өнімдерінен облыстық көрме-байқау нәтижесінде Қасиет Орал үздік деп танылып, байқаудың 1 миллион теңге қаржысын қанжығасына байлады. Бүгінде ол тігін машинасын алып, тігін тігумен айналысуда. Осы тұста, ауыл әкімі Бақтияр Тоқтыбаев ағамыздың да еселі еңбегін айта кеткен жөн. Үнемі биік мінберлер мен алқалы басқосулар да ізденімпаз қыздың бұйымдарын баяндамасына арқау етіп, азда болса қолдау көрсету жөнінде сөз көмегін аяған емес. Бір сөзбен айтқанда, аядай ғана ауылда тұрып, аймаққа танылған Қасиеттің еңбекқорлығы өзімен қатар замандастарына үлгі.
Әбдісамат ӘБДІШ