Хайп айыпсыз қалмауы тиіс
Иә, бүгінде әлеуметтік желіде орынсыз хайп қуып, ұлт құндылықтарын аяққа таптағандар енді айып арқалауы мүмкін. Кезекті талдауымыз виртуалды әлемдегі өресіздердің қымсынбай мемлекеттік рәміздерді әжуалаған челленджі жайлы болмақ.
Ұлт ұстазы Абай Құнанбаев «Егер есті кісінің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмысында бір, ең болмаса айында бір, өмірді қалай өткізгенің жайында өзіңнен өзің есеп ал», – дейді. Яғни, адамның өзгені емес өзін-өзі тәрбиелеу мәселесіне ерекше тоқталады.
Тақырыпқа тұздық. Әлеуметтік желіде әнұранды қор қылып, өздері зор болған ессіздердің дені өзге емес өз қаракөз қазағымыз. Аз уақыттың ішінде мыңнан астам жас қайталап үлгерген хайп қуғандардың іс-әрекеті нақтылай айтқанда, қазақтың Әнұранын бұрмалағанымен қоймай рэп жанрына айналдырып би-билегендердің бейнежазбасы таралып кетті.
Әшейін атын шығару үшін хайп қууға құмартқан жастардың бұл ісін тәрбиесіздікке теңемеске амал жоқ. Алпамыс пен Қобыландыдай өр батырдың ұрпағы отан алдындағы патриоттық борышын өтер, тепсе темір үзетін жасында беймаза тірлік істеп жүргені қоғамға бей-жай қарамайтын кім-кімнің де көңіліне қаяу салатыны анық.
Қарап отырып секең қағып құлағына сырға таққан жастардан қандай үміт күтетініңді ойлаудың өзі қорқынышты. Жастарды қойшы, теріс қылығы басым кейбір алдыңғы буын ағаларды кім түзей алатыны тағы да беймәлім. Мұның бәріне заңдық тұрғыдан тыйым болмаса құр насихаттан нәтиже шықпайтындай.
Белгілі қоғам белсендісі Полатбек Жоланов: «Бұл ұлтқа келген қасірет. Тәрбиенің төмендігі. Шет елге еліктеушілік пен азғындықтың кесірі. Сондықтан да тәрбиені мектепте бастау керек», дейді. Иә, ағамыздың айтқанындай ұстаз тәрбиесімен қоса үйдегі ата-ана тәрбиесі де ауадай қажеттілікке айналып тұр.
Басқасын қайдам, Әнұранды келемеждегендер орынсыз хайп қуамын деп айып арқалауы мүмкін. Заңгер Айдос Шәріпжановтың айтуынша оларға қылмыстық кодекстің 372 бабымен 200 АЕК мөлшерінде айыппұл төлету және 2 жыл мерзімінде бас бостанығынан шектеу немесе сол мерзімде бас бостандығынан айыру жазасын қолдануға болады. Алайда заңгерлер жазаның жай ескертумен ғана шектеліп қалуы мүмкін екенін де жасырмайды.
Бұл істі тиісті министрлік қолға алып бейнежазба авторларына іздеу салғанынан қандай да бір жаза түрі қолданылатынына сенім жоқ емес. Тоңып емес, тойып секіріп жүргендерге сабақ болар жаза керек. Болашағымызға балта шаппайық десек заңды қатаңдатып, бүгіннен бастап өресіздікке құрық салмасақ кеш қаларымыз анық.
Майра ҒАНИЕВА