» » ҰЛТТЫҢ ДАҢҚЫН ҰЛЫ ДӘРІПТЕЙДІ

ҰЛТТЫҢ ДАҢҚЫН ҰЛЫ ДӘРІПТЕЙДІ

Артық туған адамзат әлемнің қай қырында да қадір-қасиетін мойындата алады. Мұндай жандарға лайықты құрметтің көрсетілуі соның айғағы. Бүгінгі зерттеуімізде жат елде де даңқы асқан қазақ бауырларымыз
жөнінде біле аласыздар.
Көрші ел Ресей астанасы Мәскеу қазақтан шыққан ағартушыларды назардан тыс қалдырмаған. Кезінде Кеңес халқының астанасы болған Мәскеу қаласындағы  Чистопрудный саябағында қазақтың Ұлы ақыны Абайдың ескерткіші орнатылған. Сонымен қатар, бас ақынның ескерткіші тек Мәскеуде ғана емес, Венгрияның Будапешт, Қытайдың Пекин, Иранның Тегеран, Беларусь елінің Витебскі және Өзбекстанның Ташкент қалаларында да бар. Сондай-ақ тәуелсіздігімізді алғашқылардың бірі болып мойындаған Түркия елінің Стамбул қаласындағы мектепке Абай Құнанбайұлының есімі берілгенін біреу білсе, біреу білмес.
Үндістанның астанасы Делидің Лаченсов деп аталатын ауданында хакім Абай құрметіне аталған көше бар. Көше «Абай Мардж» деп аталады. Оның ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысқан, Үндістандағы Қазақстан елшілігінің мәлімдеуінше, Нью-Делиде Абай көшесінің болуы Үндістан мен Қазақстан арасындағы тығыз байланысты білдіреді.
Айталық, Душанбеде де Абай есімімен аталатын көше бар. Тәжікстанның басты шаһарындағы бұл көше 1963 жылы қазақ әдебиетінің онкүндігі аясында таныстырылған. 1988 жылы Киевте де бас ақын атына көше берілген. Сондай-ақ Украинаның Краматорск, Днепропетровск қалаларында да бар. 1995 жылы 15 ақпанда әлемнің орталығы саналатын Лондон қаласында Роллан Сейсенбаевтың бастамасымен «Абай үйі» ашылды. Каирде Абай атындағы көше 1998 жылы пайда болса, Берлинде 2000 жылы 18 ақпан күні Абай-штрассе ашылған. Әзербайжан астанасы Баку қаласындағы көше атауына ғұлама бабамыздың есімі берілген. Себебі жергілікті тұрғындар Абай ақынның шығармаларын сүйіп оқиды. Бұл үрдістен француздар да қалыс қалмады. 2016 жылы Францияның Ренн қаласында ақынның құрметіне ескерткіш орнатылған. 2014 жылы наурызда Қытай астанасы Бейжіңнің орталығындағы «Чаоян» саябағында да ескерткіш ашылды. Мүсіннің авторы – Юань Сикунь.  Тағы бір Абай мүсіні 2007 жылы қазан айында Иран Ислам Республикасының Тегеран қаласындағы Ұлттық кітапхана саябағында ашылды.
Осындайда төрткүл дүниенің бірқатар елінде ойшылдың құрметіне арнап ескерткіш ашылып, есімі көше атауларына берілуі ақын еңбегінің әлдеқашан мойындалғанын аңғартса керек. 
Сонымен қатар былтыр 2019 жылы Жеңіс күні қарсаңында Санкт-Петербургте жастығы мен ерлігін Отан үшін құрбан еткен Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың ескерткіші ашылып, көше аты берілді. Биіктігі 3 метр болатын қоладан құйылған мүсіннің авторы – Едіге Рахмадиев. Ескерткіш қоятын орын арнайы таңдалған. Өйткені осы жерде орналасқан сол кездегі №46 балалар үйінде батыр қыз тәрбиеленген болатын. 1942 жылы балаларды қауіпсіз жерге эвакуациялаған уақытта жап-жас Әлия өз еркімен Қызыл әскер қатарына жазылып, соғыс майданына аттанып, ерлікпен қаза табады.
Ал Ресейдің Астрахань түбіндегі шағын ауылда атақты күйші Құрманғазы 16 жыл тұрып, сол жерде жерленген. Астрахань облысының Алтынжар ауылында қазақ өнеріне сүбелі үлес қосқан күйшінің рухына арналған кесене мен шығармашылығына арналған мұражай бар. Мұражайына барған адамдар түрлі жәдігерлер арқылы қазақ халқының тұрмысымен таныса алады екен.
Франция мен Қазақстан тарихын ортақтастыратын себеп жоқ дейміз, алайда дәл осы елді кезінде гуманист, қоғам қайраткері және Түркістан тәуелсіздігі үшін күрескен Мұстафа Шоқай пана тұтты. Ол жарымен бірге Париж қаласының маңындағы Ножан-сюр-Марн деп аталатын қалашықта тұрған және осында ескерткіші орнатылған, денесі Берлиндегі түрік зиратында жатыр.
Мысыр тарихына сүйенсек, Қыпшақ даласының перзенті, атақты Бейбарыс қолбасшы Мысыр аумағында сұлтан болған. Сондықтан, осы елдегі Каир қаласы, Аз-Захир аумағында Бейбарыстың атына берілген мешіт бар. Өкінішке қарай, 1269 жылы салынған бұл мешіт қалпына келтіру жұмыстарын қажет етеді. Польша 2006 жылы «Астана күніне» орай Варшавадағы көшелердің біріне «ҚАЗАҚША» деген атау берген. Ел билігі осылайша күштеп жер аудару кезінде Қазақ халқының поляктарға көрсеткен ықыласы мен қолдауына алғыс білдірген.
Тәуелсіздігімізді алып, егемендігімізді бекіткеннен кейінгі еліміздің дамуы, оның әлем алдындағы беделінің өсуінде, танылуында тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолтаңбасы бары анық. Осы орайда Елбасының да атына берілген көшелер мен ескерткіштер баршылық. Мәселен, Ресей құрамындағы Шешен Республикасында Қазақ елін барша әлемге танытқан Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне аталған көше мен мектеп-лицейі бар. Кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған шешендер Қазақ халқының жасаған жақсылығын ескеріп, бірауыздан осы шешімге келіп, құрмет белгісі ретінде сый жасаған.
Сондай-ақ, Анкарада Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған биіктігі 2,6 метрді құрайтын, жалпы аумағы 5 метрден асатын қоладан құйылған ескерткіш бар. Осы елдің Невшехир және Қыршехир қалаларында біздің Елбасы атына берілген көшелер мен құрмет тақтайшалары тағы бар. Иордания мемлекеті де бауырлас ел болғандықтан, 2010 жылы Амман қаласының орталық көшелерінің біріне Нұрсұлтан Әбішұлының есімін берді.
Қырғызстанның Чолпон-ата қаласында Ыстықкөл жағалауындағы «Шыңғыс Айтматов атындағы Рух-Орда» кешенінде 2005 жылы қоладан құйылған Елбасының жүріп келе жатқан сәулет өнері орналасқан. Оның екі жағында барыс пен тұлпардың бейнесі мүсінделген.
Украинаның Днепродзержинск қаласындағы Елбасының өзі аяқтаған техникалық училищесінің алдында 2005 жылы тұңғыш президент құрметіне арнап бюст-мүсін қойылған.
Молдованың Гагаузия автоманиясында Назарбаевтың құрметіне қойылған ескерткіш 2012 жылы ашылды. Автономия басшысы Михаил Формузалдың айтуынша, Нұрсұлтан Әбішұлы – елін ең қиын кезеңдерден алып шыға білген, білікті басшы деп бағасын берген. Ал бұл бюсттің жобасымен танымал мәскеулік мүсінші Константин Константинов айналысқан екен.
Әлемнің бірнеше мемлекетінде Елбасы атында көше, ескерткіштермен қатар  қорлар мен құрмет белгілері бар. Тіпті, 2011 жылы Сәтпаев университеті ғалымдары өзері ашқан жаңа минералдың атын "Нұрназен" қойған екен.
Сонымен қатар көрші Ресейдің 14 қаласында көшелерге Қазақстан қалаларының атаулары мен қазақтың әйгілі қайраткерлерінің есімдері берілген. Саратовта Ақтөбе даңғылы, Ақтөбе жолы бар. Түмен мен Омбыда Қарағанды және Қазақстан көшелері орналасқан. Қазақстанның алғашқы астанасы – Орынборда көшелерге Ақтөбе, Алматы, Алтынсарин, Жангелдин, Қазақ және Қарағанды атаулары берілген. Астрахань тұрғындары  Арал, Балқаш, Жамбыл, Қазақстан, Түркістан, Целиноград, Қостанай және Алматы көшелерімен күнде жүреді. Ресей Федерациясының астанасы – Мәскеуде көне даңғылдардың кейбіреуі Ұлы Отан соғысы батырларының есімдерімен аталады. Мұнда Әлия Молдағұлова және И.В. Панфилов, Алматы және Қостанай көшелері бар.
Бұдан басқа, Невельде Ибрагим Сүлейменов, Мәншүк Мәметова, Пермьде, Зеленоградта және Нахабино кентінде – И.В. Панфилов, Санкт-Петерборда – Жамбыл Жабаев және Әлия Молдағұлова,  Самарада – Алма-Ата және Ростов-на-Донуда – Қазақ даңғылы орналасқан.
Өзбекстан астанасы – Ташкентте – Мұхтар Әуезов, Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев көшелері, сондай-ақ Сайрам, Шымкент және Қостанай даңғылдары. Қырғызстанда Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов, Шоқан Уәлиханов және И.В. Панфиловтың есімдері құрметтеледі. Түркіменстандағы Акдаш кентінде де Абай Құнанбаевтың есімі берілген көше бар. Тәжікстан көшелерінен Шымкент, Казакон және Казако атаулары жазылған тақташаларды көруге болады.
Қазақша атаулар тек жақын шетелде ғана емес, бізден қаншама километр қашықтықта орналасқан мемлекеттерде бар екені қуантады. Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрінің мәліметінше, әлем елдеріндегіқазақша атаумен аталатын 70-ке жуық көше бар екен.
Иә, жаңғыру жолындағы жаңарған Қазақстанды әлемге танытуда мұндай құрметтің орны бөлек.
Лаура БИБАСАРОВА
01 наурыз 2020 ж. 778 0