№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Шетелдік көліктерді қалай тіркеуге болады?

Шетелдік көліктерді қалай тіркеуге болады?

Бүгінге дейін Қазақстанға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден 200 мыңға жуық көлік кіргізілген. Бірақ соның ішінде 40 мыңға жуығы ғана заңды тіркеуге құқылы. Қалғаны полиция есебінде тіркелмеуі мүмкін. Соның салдарынан 2019 жылдың өзінде жол ережесін бұзу 27 мыңнан 97 мыңға өскен. Көліктің полиция есебінде болмауы қылмыс жасауға да тиімді болып келеді. Осындай жолсыздыққа тосқауыл қою үшін жаңа заң күшіне енді. Оларды қалай және қайда тіркейді? Тіркеу құны қанша? Осының анық-қанығын зерделеп көрген болатынбыз.
Көліктерді тіркеу үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) бір ай бойы демалыссыз қызметке кірісті. Шетелдік көліктерді уақытша тіркеуге тұрғызғандарға сары түсті нөмір беріледі. Уақытша тіркеуге қою акциясы 2020 жылдың 29 ақпанына дейін жалғасады. Тіркеуге алынған нөмірлер келер жылдың бірінші наурызына дейін ғана жарамды. ХҚКО аудандық бөлім басшысының орынбасары Қуаныш Мәуленов:
– Біздің мамандандырылған бөлім құжаттарды, өтінімдерді қабылдауға дайын. Мамандардың барлығы қандай тізім керектігін біледі. Бүгінгі күнге қызмет алушылар жағынан өтінім болған жоқ. Біздің ауданда тіркеуге енгізілген автокөліктер жоқ десек те болады. Қазақстандықтар шетелдік нөмірі бар автокөліктерді келесі жылдың 1 наурызына дейін тіркеуі керек. Бұл тізімге Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттерден әкелінген көліктер жатады, – деді.
Тіркеуге өзге елден келген қай жылғы көліктер ілінеді? Мамандардың сөзінше, 2014 жылдан бері шыққан автокөліктер ғана тіркеледі. Яғни жылы жаңа кез келген көлікті мемлекет уақытша тіркеуге мүмкіндік жасауда. Ал одан әрі шыққан көліктердің жай-күйі не болмақ? Мәселе осында. Өйткені Қазақстандағы шет елдік көліктердің 90 проценттен астамы жылы ескі көліктер. Олар туралы әзірге нақты заң күшіне ене қоймады, көптің күтіп жүргені де осы емес пе? Бір өкініштісі, жылы ескі көліктер келер жылдан бастап елден шығарылады немесе бөлшек саудаға айналады.
Жаңа тәртіптің енгізілуіне автокөлік иелері неге қарсы? Мұны өздерінен сұрап көруді жөн санадық. 20 жылдық жүргізушілік тәжірибесі бар жаңақорғандық Әділ ағамыздың пікірінше, барлық мәселе баға мен сапада болса керек. Ол барлық азаматтардың бірдей Қазақстанда жинақталатын темір тұлпарды сатып алуға қалталары көтермейтінін, сол себепті жылжымалы мүлікті сырттан алуға тура келетінін айтады. Мәселен, 2014 жылы шыққан көлікті сатып алдыңыз делік, оның құны кем дегенде 5 миллионның жобасы болсын, ал оны тіркеуге миллионға жуық қаржы кетеді. Сонда әр қазақтың қалтасында 6 миллион ақша болса, онда кез келген тұрғын өзіміздің көлікті сатып алмай ма?
Шетелдік көліктің шығарылған жылы ескі болғанымен сапасы біздікінен әлдеқайда жақсы. Қазақстанда құрастырылатын көліктердің бағасы тым қымбат және өзінің құнына татымайды. Жеңілдіктер қарастырылмаған. Кейін өзіндік құнына сата алмайсыз.
Бұл ретте полиция қызметкерлерінің де талабын түсінуге болады. Жол ережесін бұзған шетелдік көліктерге айыппұл салу мүмкін емес. Өйткені біздің елдің тіркеуінде емес, сырттан келген көліктің басым көбінің құжаты жоқ, өйткені олар көрші елдерде утилизацияға шығарылған. Тағы бір факті, мұндай көліктер басқа елде кепілдікте не болмаса іздеуде тұрады. 2019 жылы шетелдік көліктердің қатысуымен 90 мыңнан аса жол қозғалысы ережелері бұзылып, айыппұл көлемі 1 млрд теңгеден асқан. Айыппұлдың дені жылдамдық режімін асыру, сондай-ақ жол белгілері талаптарын сақтамау сынды құқық бұзушылыққа көрілген.
Көлікті тіркеу үшін белгіленген қандай құжаттар керек? Алдымен жеке куәлік, транзиттік нөмір, көлік құралын тіркеу туралы куәлік, меншікті растайтын құжат, алғашқы тіркеу үшін төлемнің түбіртегі мен мемлекеттік нөмір, техникалық төлқұжатты жасау үшін салық төлемінің түбіртегі керек. ЕАЭО елдерінің автокөліктеріне берілетін мемлекеттік нөмір сары түсті және «18» нөмірімен белгіленеді.
Сондай-ақ Одаққа мүше елдерден әкелінген көлікті уақытша тіркеуден өткізгеннен кейін бір жыл ішінде барлық тиісті салықты төлеп, кедендік рәсімдеуден өткізу қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында Қырғызстан, Ресей мен Армениядан әкелінген көліктерге қатысты пікір білдіріп, көлік иелеріне көлікті ресімдеу немесе елден шығару үшін 2021 жылдың 1 наурызына дейін уақыт берілетінін мәлімдеген еді.
Автокөлік Қазақстан мен Еуразия экономикалық одағының автокөліктерге қатысты техникалық талабына сәйкес болуы керек, яғни автокөліктің «Еуро-4» немесе «Еуро-5» стандартына сәйкестік сертификаты болуы қажет. Одан соң, кеден салығын төлейсіз. Одан кейін утилизациялық алым тағы бар. Осының бәрі көліктің құнын өзіндік бағасынан екі есеге қымбаттатады. Егер көлік талапқа сай келмесе, автокөлік иесіне оны ел аумағынан шығаруға немесе бөлшектеп сатуға тура келеді.
Шетелдік көлікті есепке қою үшін кететін шығын көліктің шығарылған жылына, қай елден әкелінгеніне және қозғалтқыштың текше сантиметріне байланысты. Тіркеудің төрт шарты бар, әуелі кедендік баж салығын төлеу керек. Бастапқы тіркеу, зауыттан шыққанына 2 жыл болған көліктерді бастапқы тіркеу үшін 0,25 АЕК көлемінде (662,75 теңге), 3 жыл болған көліктер үшін 50 АЕК (132 550 теңге), 3 жылдан асқан көліктер үшін 500 АЕК (1 325 500 теңге) көлемінде төлем төлейді. Бұл төлем қозғалтқыштың күшіне емес, жылына байланысты белгіленеді. Биыл айлық есептік көрсеткіш – 2 651 теңгеге өсті.
Қазақстанда автокөліктерге салынатын утилизация алымы әр түрлі. Мәселен, жеңіл автокөліктер, қозғалтқышының жұмыс көлемі 1000 және 3000 текше сантиметрге дейінгі көліктің алымы – 397 650 теңгеден 3 048 650 теңгеге дейін барады. Ал жүк көліктерінің төлеу құны – 927 850 теңгеден 5 434 550 теңгеге дейін жетеді. Автобустардың да құны шарықтап тұр. Оған төленетін төлем – 3 578 850 теңгені құрайды. Көлікті онлайн тіркеуге де болды. Ол үшін көлікті Egov.kz порталы сізге көмектеседі, бірақ электрон-цифр қолтаңба қажет. Толық мәліметті порталдан алуға болады.
Егер автокөлікті тіркетпеген жағдайда заңмен қудаланады. «Жол жүрісі туралы» заңының 63 және 65-бабы бойынша шетелден әкелінген көлік 10 күн ішінде тіркелуі керек. Егер берілген уақыт ішінде тіркелмесе, автокөлік иесіне 10 АЕК (26 510 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Көлік тіркелмеген жағдайда мемлекеттік органдар, атап айтқанда, полиция көлікті елден шығаруға тырысады. Ал көлік шетелдіктен сенімхат арқылы алынған болса, Қазақстанда бір жыл бойы кедергісіз жүре алады, бірақ көлікті жыл сайын Қазақстан аумағынан кемінде 30 күнге шығарып тұру керек.
Жалпы алғанда жағдай осылай, заң үкім етті, енді ол орындалуы тиіс. Сондықтан өзге елдің темір тұлпарларын тізгіндегендер амалы нешік заңға бағынуына тура келеді. Қалғаны уақыт еншісінде...
Әлібек ТЕМІРБЕК
               
09 ақпан 2020 ж. 2 042 0