Теңдік пен кеңдік
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған маңызды бағыттың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салды. Аудан басшысы Сұлтан Мақашов та бұқараға барынша жақын болуды бір сәт назардан түсірмей келеді.

Осылайша өткен ашық есік күнінде барлығы 13 азамат қатысып, оның 3-еуінің өтініші қанағаттандырылса, қалған 10 азаматқа заңға сәйкес түсіндірмелер беріліп, жол-жобалар көрсетілді.
Президент өз Жолдауында халыққа әлеуметтік қолдау көрсетуге, ел аймақтары арасындағы теңсіздікті жоюға және халықты толғандырып жүрген басқа да мәселелерге ерекше көңіл бөлуді тапсырған болатын. Оған нақты мысалдар келтіріп, проблемаларды шешудің тиімді жолдарын да ұсынды.
– Әрине барлық тұрғынның жүрегіне жол табу оңай емес. Ол үшін билік пен халық арасында ашық диалогқа құрылған алтын көпір болуы керек. Ал сол алтын көпір мына біздер. Яғни сала басшыларының міндеті. Жұмыс барысын уақыт тауып бұқарамен кездесуге, ашық-жарқын пікір алмасуға, елдің жағдайымен жақыннан танысуға арнасаңыздар, – деді аудан әкімі Сұлтан Мақашов.
– Жүректерге жол табу, кісінің көңілінен шығу – қазаққа тән қасиет. Бір ғана өтінішпен келген едім. Уақытша болса да жұмыстың реті табылғанына қуаныштымын. Жүктелген міндеттерге жауапкершілікпен қарап, көрсеткен сенімдерін ақтауға тырысамын, – деді қуанышын жасыра алмаған Ақниет Бегімбетова.
Жалпы, азаматтық қоғам қалыптастырудың алғышарттары міне осындай іс-әрекеттерден бастау алу керек. Кез келген адамға теңдік танытып, кеңдік көрсету ең алдымен адамның биік саналылығының белгісі.
Лаура БИБАСАРОВА