Планшет, смартфон және бала
Ойдан ой туады емес пе? Пернетақта батырмаларын басуыма таяуда орын алған мына бір оқиға себеп болды: Комуналды төлем жасау кезегінде бір ана мен екі жас шамасындағы бала тұр екен. Кезек ұзаққа созылып кетті, алайда, бала мүлде мазасызданар емес. Қолындағы смартфоннан әлдебір ойынның дауысы шығады. Ал ол сол әлемге толықтай еніп кеткен. Қысқасы, мен бақылаған жарты сағаттың ішінде ана мен бала бір-біріне мүлде тіл қатқан жоқ...
Жалпы мұндай оқиғаларды тізіп жатудың қажеті шамалы. Талайының куәсі болып та жүрміз, ал енді біріміз кейіпкеріміз... Осындайда танымал мультфильмдегі: «Техниканың жеткен жері не болды?» деген сөз тіркесі еске түседі. Жоооқ, бәлкім өзіміз дұрыс бағытта емес шығармыз?
Балаға планшетті не үшін алып береміз?
Планшеттер мен смартфондар – «мылтық кезейтіндей» біздің дұшпанымыз емес. Алайда, сапасыз ұрпақ – болашақ қоғамның қаупі бола алады. Алаш арысы Мағжан Жұмабев: «Бала таба білсең, баға да біл» деген екен. Смартфон, планшет секілді техникалармен баланы алдау – бағу ма? Осы туралы сөз қозғайықшы.
Ең алдымен балаға мұндай құрылғыларды қандай мақсатта сатып алып береміз? Ақшамыз асып-тасып, жұмсайтын жер таппағандықтан емес, әрине.
Мұның бірінші себебі: «балам көштен қалмасын» деген ой немесе «балаға алып берген дүниемен мақтану»;
Екінші – «заманауи техниканың көмегімен танымын арттыру»;
Үшінші: «Жұмыстан шаршап келгенде мазаны алмасын, яғни, балам тыныш болсын»;
Бәлкім, біз атамаған тағы бір себептер бар болар, алайда, ең негізгілері – аталған үш нұсқа.
Дұрыс тәрбие беру үшін – өз тәжірибесі жетпейді
Әркімнің бала тәрбиелеуде өз әдіс-тәсілдері, амалдары, мақсаттары бар. Және ешкім оған қол сұға алмайды. «Сіз балаңызды дұрыс тәрбиелеп жатқан жоқсыз» деуге біздің де, басқаның да құқығы жоқ. Алайда Мағжан тағы да айтады: "Бала тәрбиесi – бiр өнер, өнер болғанда, ауыр өнер, жеке бiр ғылым иесi болуды тiлейтiн өнер. Баланы дұрыс тәрбие қылу үшiн өз тәжiрибесi жетпейдi. Басқа адамдардың тәжiрибесiмен танысу керек. Бала зағип болса, баладан емес, тәрбиешiден, бала тар ойлы ақымақ болса, бала кiнәлi емес, тәрбиешi кiнәлi, бала сұлулықтан ләззат ала бiлмейтiн мылқау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиешi жазалы. Қысқасын айтқанда, тәрбиеден мақсұт – адам деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару". (М. Жұмабев, "Педагогика"). Шын мағынасындағы адамның қалыптасуына қоғам мүдделі болғандықтан, көптеген ғалымдардың, дәрігерлердің пікірлеріне сүйене отырып, тәжірибелерін жинақтай отырып, техниканың зияны мен залалын атап өтейік.
Таным артып жатыр ма, тарылып жатыр ма?
Баламның танымын заманауи техникамен арттырамын деген ата-ана, танымының артып емес, керісінше, зиянға ұшырап жатқанын ескерсе екен. Таяуда ресейлік электромагниттік қауіпсіздік орталығының ғалымдары заманауи коммуникация құралдарының орталық жүйке жүйесіне кері әсер ететіндігін дәлелдеді. Әсіресе, жас сәбилердің ағзасы ересектерге қарағанда артығымен зақымдалған. Мектеп оқушылары арасында жүргізілген сараптама смартфон мен планшетті жиі қолданатын оқушылардың алаңғасар, ұмытшақ келетінін және IQ дәрежесі төмен болатындығын анықтады.
Экранға үңілген сағаттардың жемісі
Балам көштен қалмасын деген ата-ана, баланың көштен емес, денінің саулығынан айырылып жатқанын есте ұстаса екен. Бұл туралы дәрігерлер қауымы не дейді? Біріншіден, сенсорлы экран алдында сағаттарын өткізген балаларда бас миы мен қол қимылының әрекеттерінің координациясында қиындықтар пайда болады. Мұндай балалардың допты түзу лақтыра алмайтындығы дәлелденді. Екіншіден, смартфон экранындағы ұсақ бейнелерге жиі қарап отыру – алыстан көрушілік қабілетін жояды және көздің талуы, құрғауы қабынуға, індет жұқтыруға соқтырады. Үшіншіден, техникаларға үңілу омыртқаға (әсіресе, мойын бөліміне) зиян. Мойын дөңгелектеріне (шейный диск) ота жасаумен айналысатын дәрігерлер мұндай оталар бұрын тек қырықтан асқан адамдарға жасалғандығын, ал қазір жас сәбилер мұқтаж екендігін айтады. Адам күніне сағаттап үңіліп отырғандықтан, олардың мойын дөңгелектеріне зиян келіп, нәтижесінде жасандылармен алмастырылады. Сондай-ақ, басты үнемі түсіріп отыру, иекті мойынға қысу қабыну үдерістеріне, терінің тез қартаюына ұшыратады. Мұндай зиянды тізе берсең, айтып тауысу қиын-ақ...
«Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі»
Балам тыныш болсын деген ата-ана, баласына өз әкесі, өз анасы емес, ғаламтор беттеріндегі бейтаныс адамдардың, ойын кейіпкерлерінің үлгі болып жатқандығын ұмытпаса екен. Балаларымызға түрлі бағдарламалармен Құран оқуды үйреткіміз келеді. Сонда сауапты сіз емес, планшет жинап жатыр ма? Баласына Құран үйреткен ата-ана Қияметте нұрдан тәж киеді емес пе? Тәжіңізді кімге беріп жатырсыз? Сондай-ақ, техника көмегімен көлік жарыстырып, атысып ойнаған бала ертең соны жасап жүрмесіне кім кепіл? «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Оның үстіне соңғы кезде қоғамда «ойын автоматтарының құлы» деген ұғым пайда болды. Біле білсеңіз, адам бір күнде құл болмайды, оның дәнін планшет пен смартфон егеді.
Қателік тудыратын қателік
Баланың қарны-тоқ, көйлегі көк, қажеттеліктерінің жоқ болуы – оның жақсы тәрбие алып жатқандығының белгісі емес. Мұндай қателікке ұрынған ересектер өзінің ғана ұтылып жатқандығын емес, өзгелерге зиян тигізіп жатқандығынан бейхабар. Ол қалай? Мәселен, сіз балаңызға қымбат планшет сатып алып бердіңіз. Ал ол мақтанамын деген оймен өзінің достарына алып барады. Баланың мақтаншақ боп өсуі оп-оңай. Өйткені кішкене күнінде мақтаншақтық оның бойында болады. Бірақ осы әдет қалып қойса ше? Екінші жағынан, планшеттің қызығын көрген өзге балалардың бойында «мен де болса ғой» деген құштарлық оянады. Халықтың әлеуметтік жағдайы бірдей емес, оның ата-анасы нанға ақша таппай отырған болуы мүмкін. Мұны түсінбеген баланың ата-анасына деген қанағатсыздығы, тіпті, жек көрушілігі, дүниеге деген қызығушылығы арта бермек.
Планшетті дұрыс қолданудың әдісі
Енді қайтпек керек? Планшет пен смартфонның да пайдалы жағы бар емес пе? Қалай ұтымды пайдаланамыз? Қоғам қайраткерлерінің бірі өзі тәжірибеден өткізген мынадай әдісті ұсынады. Бәлкім, қажетіңізге жарап қалар...
«Мен барлық құрылғыларды балаларымның қолынан оқу күндері жинап аламын. Дегенмен демалыс күндері қолдарына ұстатамын, алайда, құптан намазының уақыты кірісімен, жинап алуға тырысамын. Және пайдасыз ойындардың болмауын күн сайын жіті қадағалап отырамын. Құран тілін қызықты әдіспен үйрететін бағдарлама көңілімнен шықты. Сөйте тұра, демалыс күндерін басқа нәрселермен толықтыруға тырысамын. Туыстарымен қарым-қатынас жасауларын қадағалаймын. Себебі, қазір «тірі» қарым-қатынас жойылып барады. Ал Рамазан айында мүлде бермедім. Кітаптың әрбір тарауын оқыған сайын пайдалы сыйлықтар беріп отырдым. Иә, бастапқыда олар қынжылады, мазасызданады, наз айтады. Алайда, адамның еті бәріне де үйренеді екен...».
Расымен де, көп тәрбие, білім, рухани азық – кітапта, салиқалы, білімді адамдардың сөзінде емес пе? Ендеше, тәуелсіздік кепілі болатын ұрпақты, планшет пен смартфонның құзырына беріп қоюдан тосылайықшы...
Материал Төлеуғали Есетұлының парақшасынан алынды.