Нұрханның өнерін ел біле ме?
Нұрхан Жақсылық. Диагнозы ДЦП. Ақынжанды өрен бүгінде бозбала шаққа қадам басып, студент атанды. Өзінің мүмкіндігі шексіз екенін дәлелдеді.
Өзге замандастары секілді оқуға түсті. Кентау қаласындағы арнаулы колледж де есеп-қисап мамандығы бойынша дәріс алуда. Нұрхан жастайынан нағашы атасы Мұсабек Ашимовке еліктеп, қолына қалам алды. Шабыты келсе, шаттана өлең жазды. Түрлі мәнерлеп оқу сайыстары мен ән байқауларын да бағын сынады. Көбінде оза шауып, бәйгенің алдыңғы қатарынан көрінді. Сөзіміз дәлелді болсын. 2013 жылы «Жүрек жылуы» атты мүмкіндігі шектеулі балалардың облыстық фестивалінде І-орын алды. Республикалық балаларды оңалту орталығының облыстық филиалы ұйымдастырған «Сөз жұмбақ» сайысында бірінші орын алып, «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Ал 2013 жылы Елорда төрінде ақын Қалқаман Сарин қазылық еткен өнер додасында «Алтын қауырсын» номинациясы бойынша үздік үштікке ілінді. Биыл «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Анаға хат» аудандық шығармашылық байқауында үшінші орыннан көрінді. Бұл да болса, Нұрханның қаламының қуаты мұқалмағанын меңзейді. Бұдан бөлек, «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ұйымдастырылған біірнеше қайырымдылық шаралардың «Алғыс хаты» тағы бар.
Әбдісамат ӘБДІШ