Жар таңдауда қателеспес үшін...
Қыздар болашақ жарын таңдар алдында оны мінсіз адам етіп елестетеді. Осындай талаптарыма сай болсын деп шектен тыс армандарын айтып, жігіттерді шошытып алып жатады. Сіз жар таңдауда қандай қасиетіне басымдық бересіз?
Тартымды түрі Иә, адамның сырт келбеті аса маңызды. Алғаш көргенде түрі тартымды болмаса, жан дүниесі қандай сұлу екеніне терең бойлағымыз келмейді. Болашақта балаларыңыздың да сол адамға ұқсау ықтималдығы жоғары. Басқаларға, міне, менің болашақ жарым деп суретін көрсеткен кезде де ұялмайтындай болуы үшін түрін бірінші орынға қоюыңыз мүмкін. Алайда өзгелердің көзқарасы уақытша нәрсе. Адам қартаяды, уақыт өте келе түр-әлпет те өзгереді. Сұлу – сұлу емес, сүйген сұлу. Егер шын жүрегіңізбен сүйіп қалсаңыз, қандай адам болса да көзіңізге сүйкімді көрінеді.
Қалың қалтасы Ол маңдай тері арқылы тапқан табысымен қалтасын қалыңдатып жүр ме әлде ата-анасының ақшасымен алшаң басып жүр ме – осыған көз жеткізіңіз. Ақылы жоқ балаға ата-ананың малы байлық боп жарытпайды. Нарық заманында көп нәрсе ақшаға келіп тіреледі дегенмен, қу құлқынның қамын ойлаймын деп адамдықтан аттап кетпесіне сенімді болыңыз.
Қызығарлық қызметі Барлық адам бастық болса, бәрі бірдей креслода шіреніп отырып алса, кім тер төгіп еңбек етеді? Кездесіп жүрген жігітіңіздің арба айдайтынына арланбаңыз. Көше сыпырса да, қара терімен нан таба алса болды. Жұмысында мәртебелі мырза болуынан бұрын, еңбекқорлығына, жауапкершілігіне баса мән беріп, болашақта қызметінен көтеріле алатынына, «ақылы мен еңбегі екі жақтап кез келген жерден алып шыға алатынына» көңіл бөліңіз.
Терең білімі Қазір қалай, қай жерде болса да білім қуу сәнге айналған заман. Қос-қостап диплом ұстап жүрсе де, өз қалауынан тыс оқыған мамандықтары өзіне қызмет ете алмаған адам қаншама. Білімдінің бәрі ақылды емес. Ақыл мен білімді шатастырмаңыз. Оқыған-тоқығаны көп адамдар кей жағдайда мұрнын көкке шүйіріп, өзін зор, өзгелерді қор санауы да ықтимал. Мұндай адамның досы аз, араласатын ортасы тым тар болады. Сіздің де жақындарыңыз бен туыстарыңыздың арасына сыйыса алмайды.
Ұйыған отбасы Болашақта өзіңіз, балаларыңыз сол әулетте өсетіндіктен, төрт құбыласы түгел, туыстары түсіністікпен өмір сүретін болуы маңызды. Бірақ жағымсыз адам әр ортада болады. Туыстарына, жақындарына қарап, болашақ жарым деп таныған адамнан бас тарту ағаттық болар. Олардың көңілінен шығып, тату тұру тікелей өзіңізге байланысты. Тым адам төзгісіз жан болса да, үндемей, қайта оған мейіріміңізді төгіп қана жеңе аласыз. Сүйген адамыңыз үшін мұндай «құрбандыққа бару», барлығына шыдау түкке тұрмайды. Өмірге көзқарасы Міне, екі адамды біріктіретін – осы ұғым. Егер ол ауылды аңсап тұрса, сіз қалаға тартсаңыз; ол өз елінде, сіз шетелде тұрғыңыз келсе; ол шулы ортаны жақсы көріп, сіз өлі тыныштықты, оңашалықты қаласаңыз, онда бір шаңырақ астында бірге тұру қиындай түседі. Не өз ыңғайыңызға бағыттайсыз, не оның дегеніне көнесіз. Ал сіз төзе алмайтын жағдайларды жігіт пен қыз боп жүрмей тұрып-ақ аңғаруыңыз керек. Оған дейін көз жеткізе алмасаңыз, кеш. Бәріне мойынсұнуға тура келеді, таңдау жасаған – өзіңіз.
Тағылымды тәрбесі Тектілік – қазақтың ең асыл қасиеті. Жігіттер анасына ұқсайтын қыз, қыздар әкесіне ұқсайтын жігіт іздеуі осы тәрбиеге байланысты. Бір-бірінің үйіндегі менталитет, тәртіп ұқсас болса, таңдауда қателескен жоқсыз. Ертеңгі күні балаларыңыз тура сол адам сияқты болуын қалайтын жанды таңдаңыз. Әйтпесе өзіңіз қайта тәрбиелеуге тура келеді. Бұл оңай емес.
Болашақ жар таңдауда оның бойында сіз қабылдай алмайтын қасиеттер болмауына мән беріңіз. Оны өзгертем деп босқа терлемеңіз. Ер адам өзі қаламайынша, ештеңе де өзгермейді. Сіз кемшілігін де сол күйінде қабылдап, минустарымен бірге жақсы көретін болсаңыз, мұның дұрыс емес екенін өзі түсінсе, сонда ғана өзгереді.