Қайтарымсыз грант құдалық шақыру үшін беріле ме?
Мемлекеттік қайтарымсыз грант. Пайызы аз несие. Бұл құдалық шақыратын немесе үйдің шатырын жабатын қаржы ма? Әлде өзгеде мақсаттарға мақсатсыз жұмсалатын сұрауы жоқ ақша ма? Жастарға кәсіп баста деп берілген 505 мың теңгеге қаншалықты бақылау бар?
Аудандық жұмыспен қамту орталығының мәліметіне сүйенсек, жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін берілетін мемлекеттік грантқа ағымдағы жылға республикалық бюджеттен 400 адамға 151500,0 мың теңге бөлінген. Ал Ұлттық қордан 100 адамға 50500,0 мың теңге қаралған. Жыл басынан бері мемлекет тарапынан берілген қайтарымсыз 252 000 теңге мен 505 000 теңгені 329 адам алып үлгерген. Бұл дегеніміз – 329 кәсіп. Ол қандай кәсіп? Бізде «анадай бар, мынадай бар» деп айқайлап айтатындай жаңашыл бизнестің түрін байқамадық. Үш жүз жиырма тоғыз кәсіпкердің тізіміне сұрау салып, тізбектеп шықтық. Басым бөлігі – мал шаруашылығы. Бордақылау ісі. Сонда Жаңақорғанда атакәсіптен басқа бизнестің жаңашыл түрі жоқ па? Өткенде бір танысым «Осыдан 505 мыңға қол жеткізейін. Үйімді жақсылап ремонттаймын. Комиссия келсе, шалдың үйіндегі (қарашаңырақ) сиырларды көрсете салам» дегені санамда жаңғырады да тұрады. Мұндай психология – қоғамға қауіпті. Қайтарымсыз деген аты болмаса, оның да сұрауы бар дүние. Кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалында арнайы маман бөлінген. Есім-сойы Нұрлан Қалиев. Қайтарымсыз грант алып, кәсібін бастағандарға мониторингтік талдау жасап, бақылау жүргізеді. Қадағалайды. Өзінің айтуынша, қаржының мақсатты жұмсалуын тексеріп, көршісінің сиырын көрсете салатын пысықайлар болса, акт толтырып, прокуратураға жолдайды. Бірақ бұл қызметке келгеніне екі апта ғана уақыт болғандықтан әзірге мұндай алдайтындар тіркелмепті. Негізі қаржыны мақсатсыз жұмсайтындар болатынын жасырмады. Өйткені, бес саусақ бірдей емес. Түрлі жағдайын айтып, қаржыдан қиналып жүргенін желеу ететіндер табылады екен.
Десе де «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» демекші, бір емес, бірнеше жерден естідік. Қолына тиген қайтарымсыз қаржыға жер сатып алған және өзге де мақсатсыз дүниелерге жаратқан. Нақты фактіге жүгінейін десең, 505 мың теңгенің құжатын заңдастырып қойған. Кіл пысықайлар. Бірі әкесінің, енді бірі ағасының атындағы кәсіп түрлерін көрсете саламыз дейді.
Сөзіміз дәйекті болсын деген ниетте Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында бизнес-тренер Жеңісбек Әбсаттарұлын сөзге тарттық. Бүгінде ол облыс орталығынан арнайы келіп, «Бастау» жобасының қатысушыларына дәріс жүргізуде. Түсінікті болу үшін айта кетейік, әлгі біз айтқан 252 500 теңге мен 505 000 теңгеге қол жеткізу үшін міндетті түрде мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы аясында «Бастау» не «Жас кәсіпкер» курсын оқуы керек. Сертификат болмаса, сіз қайтарымсыз қаржыға қол жеткізе алмайсыз.
– Бір айлық оқуға алғашқы күні келген қатысушылардың ішінде «менің көкем анда бастық, мұнда тіреп тұр» деп, курсқа қатыспайтындығын айтатындары бар. Өзімде осыған сай басындағы сыңаржақ психологияны алып тастау үшін, алғашқы бес күнді психологиясын өзгертуге арнаймын. Көбісі көзі ашылып, қателескенін түсініп жататыны бар. Яғни мәселе 505 мыңда емес. Білімде. Бизнесті бастаудың тың тетіктерінде. Бұл мемлекеттік бағдарлама – үлкен қолдау. Көпшілігіне қандай бизнес-идея бар десең, мал шаруашылығын айтады. Жоқ. Ауылда кәсіптің кез келген түрін дөңгелетуге болады. Зерттеп, ауылда қай сала кемшін. Сол бағытта бизнес ашуға мүмкіндік мол. Тек еріншектіктен арылу керек. Ізденіп, алдыға қарай ұмтылуы тиіс, – дейді Жеңісбек Әбсаттарұлы.
Тақырыпқа тұздық болсын. Күні кеше, «Астана» арнасында жаңалықтардан тыңдаған боларсыз. Сенатор Дана Нұржігіт ауылдағы ағайын үкіметтен несие алып, ақыр соңында ақшаны той-тоймалақ пен құдалыққа жұмсап тауысатынын биік мінберде айтты. Онысын «Даму» қорында істейтін әріптесінен естігенін тілге тиек етті. Сенатордың айтуынша, «Даму» қорына түскен сұрақтардың басым бөлігі қаржылық сауаттылықтың төмен екендінін көрсетеді.
– Әріптес маман «Тек несие аламын ба, осыған дейінгі несиелерімді сіз арқылы жаба аламын ба?» деген сұрақтар жиі қойылатынын айтты. Бизнес бастайтын болдым деп ақшаны алып, кейін үйіне жөндеу жұмысын жүргізіп, болмаса құда шақырып, қаржыны жеке басына жұмсап жіберетіні бар екен. Ал кейін үкіметке есеп берер кезде көршісінің бұзауын көрсете саламын деуден тайынбайды, – дейді Дана Нұржігіт.
Әрине мұндай мысалдарды айтатын адам көп. Алайда аты-жөнін айтшы газеттің бірінші бетіне шығарайық десең, қашқақтайды. Мұндай пасық психологияны емдеудің бір жолы – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынған һәм жүзеге асырған жобасы бар. Ол – оқушыларды бизнеске мектеп партасында бейімдеу керек. Бизнес һәм қаржылық сауаттылықты арттыратын бұл пәннің болашағы зор. Бүгінгі таңда пилоттық жоба негізінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Кәсіпкерлік негіздері» пәні министрлік тарапынан қолдау тапты. Пәнге деген оқушылардың қызығушылығы қандай? Мұны білмекке кенттегі №163 орта мектепке бардық. Технология пәні мұғалімі Зәуреш Омарованы сөзге тарттық. Себебі, ол «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» дәрісін жүргізеді.
– Биылдан бастап 10-сынып оқушыларына «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні факультатив ретінде оқытылуда. Аптасына бір мәрте. Мақсат – шәкірттерге кәсіпкерлік ұғымына түсінік беріп, алғашқы капитал жинау тәсілдері, қаржылық сауаттылық, маркетинг саласының әліппесін үйретудеміз. Өзім бағытта біліктілік курсына қатысып, Ұлттық кәсіпкерлер палатасына дайындаған «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» әдістемелік құралын меңгеріп шықтым. Пән өте қызықты. Оқушылардың ынтасы зор. Оған қоса, аудандық кәсіпкерлер палатасынан айына бір мәрте мамандар келіп, дәріске қатысады. Түрлі тренингтік және тақырыптық ойындар ұйымдастырып, оқушылардың бизнеске деген дүниетанымын кеңейтіп кетеді, – дейді Зәуреш Омарова.
Мұндай қаржылық сауаттылықты артыратын һәм кәсіптің қыр-сырын үйрететін пәндер шетел тәжірибесінде ертеректе қалыптасқан. Біздікі тек бастамасы. Бүгіннен бастап, «маңдайы терлемегеннің, қазаны қайнамайтынын» мектеп партасынан үйретсе, үлкен өмірге қадам басқанда пайдасы тиері айқын.
Түптеп келгенде, қаржылық сауаттылық қазіргі қоғам қажеттілігі. Банктен алған миллиондарды төлей алмай, үйінен айырылып жатқан қаншама адам барын есептеудің өзі қиын. Бірақ осыған қарамастан несиені оңды-соңды алушылар саны азаяр емес. 2018 жылғы ресми статистикалық мәліметке сүйенсек, қазақстандықтардың қаржы ұйымдарына берешегі 6 триллион теңге. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 15 пайызға жоғары көрсеткіш. Бір өкініштісі, 6 триллион теңгенің 54 проценті тұтынушылық несие. Яғни қымбат телефон, жұмсақ жиһаз, су жаңа көлік, тағысын тағы. Бұл өз кезегінде тұрғындардың басым бөлігі несиеге өмір сүретінін айғақтайды. Банкке несиесін уақытша тоқтатуға өтініш жазатындардың көбі жұмыссыздық пен жалақысының төмен екендігін алға тартады екен. Қысқасы, үйдегі көңіл күйді ақыры базардағы нарық бұзып тынады. Не десекте, көрпеге қарап, көсілген ұтады бұл заманда. Сондықтанда бүгін болмасада, ертеңгі күні мемлекеттің қайтарымсыз бағыттағы гранттары тоқтайды. Сонда сіз пайда көріп, мақсатсыз жұмсаған 505 мың теңгеңіз көзден бұлбұлдай ұшады. Ал аталмыш қаржыға кәсібін бастағандар ұтады. Олардың қолында талғажау етерлік тірлігі қалады. Мемлекеттің де діттегені сол – халықтың қолын аузына жеткізу. «Қимылдағанның қыр асатынын» қаперіне салу. Салып қана қоймай, өміріне азық боларлық балық аулайтын қармақ береді. Алайда осыны тереңінен түсіну үшін Кембридж университетін тәмамдау міндет емес.
Әбдісамат ӘБДІШ