Соңғы жаңалықтар

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Жұрт осы, Тойлыбайды таныды ма?

Жұрт осы, Тойлыбайды таныды ма?

Қаратаудың қойнауын мекендеген шағын ауылды ол кездерде «Ынтымақ» деп атайтын. Түкпірдегі ауылдың қоңырқай тіршілігі Кеңес өкіметі орнағаннан кейін барып сәл өзгергендей еді. Ақүйіктің өзінен нәр алып, егін егіп, мал жайғап жадағай күн кешкен шашырай орналасқан отбастарының тіршілігі де өте қарапайым болатын. Жылдың төрт мезгілін ауданнан жырақ жатып өткізетін.Бұл ауылға жылт еткен жаңалық, хат хабар болса орталыққа араға апталап, айлап салып барып келетін пошташы Пәзілбектің көңіл-күйіне тікелей байланысты болатын. Бір қызығы, ауылдың бірлігі мен  ынтымағына көз сүйсінер еді.
Міне Тойлыбай да осы Ынтымақта 1904 жылы дүниеге келген. Шағын шаруамен айналысатын, қарапайым Тұрсынның отбасына Тойлыбай келгендегі оның, қуанышын айтсаң. Түкпірдегі ауылда Тұрсын болса шама-шарқынша шілдехана тойын өткізген. Көнекөз қариялардың батасын алып ырымдап елде молшылық, тойлы болсын деп дүниеге келген баланың есімін Тойлыбай деп қойған. Көпшілік азан шақырып атын қойып, ақ батасын беріп, тау ұлының ертеңіне бақытты өмір тілеп тарасқан. Сол Тойлыбай өзгелерден зерек болып,табиғатынан кіші пейіл, еңбекқор, ізденімпаз болып ер жетеді. Мұны сезген ата-анасы ұлына деген ризашылығын жасыра алмай «көз тимесе екен», «құдайым тіл-көзден сақтай гөр» деп жатса-тұрса тілейтін. Әке үміті алдамапты. Тойлыбайда қол қанат болып, отбасының қиындығын бөлісіп, көптің көзіне түсе бастайды.
Бұл кезде тау етегіндегі ауылда мектеп жоқ еді. Оқу үшін Жаңақорғандағы қыш мектепке баруға тура келетін. Тойлыбайды де әкесі Жаңақорғандағы ағайындардың бірінің үйіне жатқызып, мектепке орналастырғаны бар. Осылайша алғашқы білімді аудан орталығындағы мектептердің бірі – қыш мектепте сауат ашып, білім есігін ашқан еді. Зеректігі мен құйма құлақтығы арқасында оқуын 1929 жылы Ташкент қаласындағы РАБФАК-те жалғастырып, үлкен қаланын тыныс-тіршілігіне үйреніп орта білім алып шығады. Жасыратыны жоқ,   ол жылдар жоқшылықтың шеңберіне шатылған кезең-ді. Қалықтың жағдайыда онша емес еді. Бірде бар, бірде жоқ аш құрсақ жүретін кездер. Тойлыбай болса елдегі қиындықтардың барлығында көппен бірге көріп, бірге қарсы тұрып, мойымауға тырысатын. Ташкенттен алыстағы Ынтымаққа келіп кетуі де ол үшін қиынның қиыны болатын. Бірақ төзуге, шыдауға, жеңіп, қарсы тұруға тура келді. Жастық жігерін жанып, дегеннен қайтпай, мұратына жетуді мақсат етті. Ақыры жеңіп шығудың алғашқы қадамдарын жасап, ерте ер жетіп, азамат болып қалыптасты. Ол үлкен шахар Ташкенттен көп үйреніп, өзіне азық боларлық талай нәрселерді меңгерді. Тұлға болып қалыптасып, жігіттік жолдың жоралғысын үлкен қалада жасап үлгерді.
Орта білім алғаннан кейін Тойлыбай өмір ағымына сай жоғары білім алу үшін  1932 жылы САГУ-дің (Орта Азия мемлекеттік университетінің) тарих факультетіне түсіп, оны 1938 жылы бітіріп шығады. Диплом алғаннан кейін арнайы жолдамамен Қарақалпақстанның Нүкіс қаласына жіберіледі. Қызметке енді тұрып жұмыс істей бастағанда 1939 жылдың күзінде Кеңес армиясы қатарына алынып, атты әскер полкінде қызмет етеді. Әскер қатарында жүрген шағында Бесарабияны (қазіргі Молдавия) азат етуге қатысып, ерлік көрсеткені үшін «Қызыл жұлдыз» орденіменмарапатталады.
Әскерді 1941 жылы аяқтайды. Бұл ол үшін күтпеген жағдай еді. Елге оралған сол жылдардан 1947 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облысының Сарағаш ауданында аудандық партия комитетінде үгіт-насихат бөлімін басқарады. Әрине, Тойлыбай үшін бұл жұмыс оңай болған жоқ. Өйткені, Оңтүстікте көп ұлтты халық тығыз орналасқаны белгілі. Ал олардың арасындағы мәдени-көпшілік, идеологиялық жұмыстарды партия талабына сай жүргізу өте күрделі құбылыс болатын. Институтта оқыған, әскерден алған тәжірибесі өмірден көрген-түйгені оның халықпен жұмыс жасауына көп көмегін тигізеді.
Жоғары орындарға жағдай айта жүріп оңтүстіктен туған ауылға келуге 1948 жылы қол жеткізеді. Жоғары білімді, әскери сыннан өткен, ысылған, тәжірибесі мол кадрға бұл кезде Жаңақорғанда тапшы болатын. «Іздегенге сұраған» демекші Тойлыбайды аудандық партия комитеті мен білім бөлімі де қуана қарсы алып  №161 Ынтымақ мектебіне директор етіп жібереді. Оны ол 1954 жылға дейін атқарады.
Әрине, бұл мектептің тарихы әріде жатыр еді. Алғаш рет 1934 жылы Ақтөбе ауыл Советіне қарасты «Ынтымақ», «Талдысу», «Қосүйеңкі» колхоздарының балалары үшін бастауыш мектеп болып ашылған. Алғашқы мектеп директоры Мусин Қалтай, мұғалімдері Елеуов Сәрсенбай, Сейтпенбетов Сәрсен болған. Мектепте үш колхоздан 83 бала тартылған. Содан 1939-1940 жылдары бастауыш мектебі жеті жылдыққа айналады. 1950 жылы «Ынтымақ», «Талдысу», «Қосүйеңкі», колхоздарын біріктіріп «Қазақстанның 30 жылдығы» атындағы колхоз деп аталады. 1954 жылы колхоздың орталығы Қосүйеңкі болып, мектеп орталыққа көшіріледі. Ол жылдары колхоз төрағасы Мырзахметов Нұртаза болатын. Ойлап қарасаңыз түкпірдегі ауылдағы мектептен бүгінге дейін, елге белгілі докторлар Әбжан Құрышжанов, Роман Жанпейісов, Жарылқасын Тұрлыбеков, жазушылар Дүкенбай Досжан, Тынымбай Нұрмағанбетов, композитор Бексұлтан Байкенжеев, желаяқ Совет Исамбаев, белгілі ұстаздар Әбләсан Әшірбеков, Мамырай Үсеновтер түлеп ұшып, елге қызмет еткен екен. Әрине тізе берсе оқып-білім алып, өмірге қанат қағып ұстаздармен мектептің абыройын көтеріп жүргендер қаншама.
Тойлыбай болса соғыстан соңғы қиын кезеңдерде мектеп ұжымын басқарып келешек ұрпақтарға сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында уақытпен санаспай жұмыс жасаған болатын. Педколлективтегі Смағызм Досболов, Адырбай Өміров, Мамырай Үсенов секілді ұстаздармен кеңесіп, ортақ ойда жұмыс жүргізіп мектептің атын «жаман» жағынан көрсетпеуге тырысатын. Жасыратыны жоқ ол кезде мектеп қарапайым соғылған ғимарат болатын.  Бүгінгі замандай оқу құралдары, оқыту техникалары мүлдем болмайтын.Керек десеңіз оқушының дәптері мен қалам ручкалары тапшы кез. Оқулықтарда жетіспегендіктен екі-үш балаға бір кітап берілетін.Дегенмен оқыту процесі сол кездің талабына сай, министрліктің белгілеп берген шарттары мықтап сақталатын. Оқыту жүйесін талапқа сай жүргізу, мектепке қажеттілікті қамтамасыз ету ол үшін тынбай тер төгуді қажет ететін.
Бірқатар қызметтің басын қайырған Тойлыбай мектептегі басшылықта да көп сенімнен көріне білді. Жоғары ұйымдарға іскерлігімен танылған оған,  оқу-тәрбиедегі белсенділігі мен ұйымдастырушылығын ескеріп «Қазақ ССР-не еңбегі сіңген мұғалім» атағы беріледі. Кезінде жоғарғы жақтың марапаттарына ие болған ұстаз Тойлыбайдың үлкен ұлы Амангелді  көп жылдар шофер болып жұмыс жасаса, қызы Мағираш белгілі журналист, бүгінде Келінтөбеде тұрады. Елмен егіз болған, қиын кезеңдерде елдің қамын жеп, ерік-жігерін аямаған ағартушы, яғни ұстаз Тойлыбай Тұрсыновты туған жері бүгінгі ұрпақтары қастерлеп, құрмет тұтып ұлықтайтындай шаралар жасаса артық болмас еді. Ендеше, Ынтымақтан тараған ұрпақтар Тойлыбайды ұмытпаса керек-ті.
Файзулла САХИЕВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы»
03 қараша 2019 ж. 630 0