№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БАЮДЫҢ БЕС ЖОЛЫ

БАЮДЫҢ БЕС ЖОЛЫ

Ойтолғам

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде, әкімдердің жұмыс рейтингісі жаңа жұмыс орындарын құру бағыты бойынша бағалануы тиіс деген болатын. Елбасының тапсырмасы қандай деңгейде, қалай орындалар екен? Оны уақыт көрсетеді...
Алайда осы міндетті қолға алса талай адамның екі қолға бір күрек ұстауына жағдай жасар ма еді?! Жаңақорған жер асты рудаға, жердің үсті нығметке бай өлке. Жаңақорған ауданының халқы Қызылорда қаласынан кейінгі орынға шықты. Демек, істің көзін тапқанға байлықта, оны жүзеге асыратын еңбек ресурсы да бар. Тек үйлестіру, ұйымдастыру ісі кемшіл. 
Біріншіден, ең жеңілін айтсақ. Жаңақорғандағы үлкен мекемелерге сүт өнімін ауылдан келіп тапсыратындар жоқ емес. Бірақ, көптеген отбасылар бірнеше сиыр ұстап, одан сүт алып, айран мен құрт жасап отырса да, сүт өнімін өткізіп, пайда табатын жолы жоқтың қасы.
Павлодар облысында Успен ауданындағы Қазақстанға 30 жылдық ауылында шағын балмұздақ жасайтын цех бар. Әлгі ауылға жол түсіп, бірнеше рет барғанымызда, жұртының тұрмысы түзу екенін байқадық. Онда егін екпейді. Тек әр үйде 2-3 сүтті сиыр ұстайды. Таңертең сиырды сауып, цехқа өткізеді. Сосын ай сайын өткізген сүтінің ақшасын алып отырады. Ол ауылдың мұғалімінің де, дәрігерінің де қосымша табыс көзі болса, қарапайым тұрғыны нан, тамағын осыдан айырып отыр. Сонда бір ауылдың тұрғыны дәулетті тұруына, бір балмұздақ жасайтын цех жағдай жасап тұр. Тәжірибені шетелден іздемей-ақ, өзімізден табуға болатындай.
Екіншіден, бізде не көп, көл көп. Біраз көл сатып алынған, біраз көл қараусыз жатыр. Шіркін, осы көлдерді балыққа толтырса қандай жақсы? Кешегі Кеңес Үкіметі аптаның бейсенбі күнін «балық күні» деп неге атады? Себебі адамның физиологиялық дамуы үшін, балықта көл-көсір пайда бар. Оны медицина әлдеқашан дәлелдеп қойған.
Тағы да Павлодарды сөз етсек. Солтүстік өңірдегі Қашыр ауданында балық шаруашылығы қалыпты дамыған. Олар жасанды көл жасап, сазан және бірнеше ақ балықты будандастырып, майлы, дәмді балықтың түрін алған. Оны өздерінің көлінде ұстап, көбейтеді. Жылына екі-үш рет базарға шығарады. Балық шаруашылығының өнімі базарға түскенде-ақ, әп-сәтте өтіп кетеді. Дәмін көрген адам жыл бойы тапсырыс беріп, алып тұрады. Бізде өркендетуге бола ма? Болады. Себебі бізде көл көп. Бірақ оған құлықты кәсіпкер аз немесе жоқ.
Сырдарияда жыл өткен сайын балықтың қоры азайып барады. Оған бірінші себеп, бұрынғыдай өзен суы жайылып, шашылған уылдырық ағысы жоқ жерлерде дамып үлгермей жатыр. Екінші себеп, электр қармақты пайдаланушылар балықтың көбеюіне жол бермей отыр. Демек, алдағы бірнеше жылда балыққа деген сұраныс өсе түседі. Яғни, пайда шаш-етектен болғалы тұр.
Үшіншіден, жұрт асыл тұқымды сиыр мен қой алып, өрісін малға толтыра бастаған еді, жайылым тарыла бастады. Тау жақта су көзі бар жерлер көп деп айта алмаймыз. Сырға түссе егістік. Енді не істеу керек? Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, Қызылқұмды игеру қажет. Қызылқұмның игілігін пайдалану қажет. Ол үшін су көздері шешімін табуы тиіс. Қазір Жаңақорған қой басының саны жағынан облыста бірінші орынға шықты. Демек, ерте ме, кеш пе алар бағыт – Қызылқұм болмақ.Бұл бағытта мал иелері ойланып, сексеуілді даладағы өрісті пайдалана да бастады. Сондықтан бізді толғандыратыны мал өрісі емес, мал өнімін өткізетін жерлерді құру. Аудан орталығында алыпсатарсыз ет өткізетін халықаралық стандартқа сай орынның жоқтығы болып тұр. Қазір базардан сиыр алып, семіртіп сойып, етін жіліктеп сататындар баршылық. Алайда олар қаңтар айында қара малын сойғанда наурыздағы жалақыға есептеп сояды. Бұдан қаншалықты пайда барын кәсіпкердің өзі біледі.
Төртіншіден, Жаңақорғанның өзіне ғана тән кәсіп түрлері бар. Мәселен, Кеңес үкіметі кезінде аудан киіз үй жасайтын орталық болған жоқ па еді? Сыр бойында иіні суға қанған сәмбі талдан киіз үйді Қандөзде жасалатын. Соны жолға қойса қайтеді?
Бесіншіден, МанаппенШалқия арасында көк саз жатыр. Ертеректе осы саздан керамикалық ыдыс-аяққа, құрылысқа пайдаланған екен. Осы табиғи байлықты кәдеге асыруға әбден болады.    
Түйін. Ақиқатын айтқанда жаңақорғандықтар шағын және орта бизнес жайлы сөз еткенде, сауда туралы айтады. Осы түсінікті өзгертетін күн келген секілді.
Нұр-Кенже.
11 наурыз 2018 ж. 1 194 0