№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңақорғанда Қобыланды жырын жатқа білетін Ерасыл

Жаңақорғанда Қобыланды жырын жатқа білетін Ерасыл

Екінші сыныптан қолына қалам алып, өлеңнен өрнек іздеген Ерасылдың ақындық өнерден таласы бар. Биыл ол алғаш рет ұйымдастырылған «Тұлпар мініп, ту алған» атты республикалық байқаудың аудандық кезеңінде бас жүлдені жеңіп алды. Қобыланды батыр жырын мүдірмей жатқа айтып, қазылар алқасын таң қалдырған 6 сынып оқушысымен тілдесіп көрдік.
Қожамберді ауылындағы №162 мектепте оқитын Ерасыл Қобыланды батыр жырын жатқа айтудан байқау болатынын естіп небәрі екі айдың ішінде өлең жолдарын толық жаттап үлгерген. «Qazaq Epos» респуликалық ағарту жобасы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында ұйымдастырылған сайысқа елдің кез келген өңірінен 6-10 сынып оқушылары қатыса алады.
Облыс бойынша жарыс мәресі Жаңақорған ауданынан басталды.
– Байқау өтеді деген күннен бастап ұлымның қолынан кітап түспеді. Күні-түні жыр жаттап, бар ойы осы сайыста жеңіске жетемін деп жүрді. Алғашқы қадамын сәтті бастады, қуаныштымыз. Аудандық кезеңді еңсерді, енді облыстан да үздік шықса деп тілеулес болып жүрміз, – деп анасы Жанар қуанышын жеткізді.
Байқауға аудандағы 41 мектептен 401 оқушы қатысты. Сайысқа қатысушылар іріктеу кезеңінде «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтты. Әділ қазылар алқасы оларды жан-жақты сынап, жырды толық жаттағандарын ғана келесі кезеңге өткізді. Екінші кезеңде оқушылар жырдың кез келген жерінен жалғастырып, көнерген сөздердің мағынасын ашты.
400-ге жуық қатысушының арасынан Көркем Жаил жетекшілік еткен Ерасыл үздік шықты.
Жас жеткіншектердің Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру және ұлт болып ұйысуға тәрбиелеу бағытында ұйымдастырылған сайыстың облыстық кезеңіне Ерасылдан бөлек екінші және үшінші орын алған оқушылар барады.
Жалпы отбасында сегіз баланың бесіншісі Ерасылға мұндай дарын әжесі мен анасынан дарыған. Екеуі де өлең шығарады, ал ағасы Ретбек қазір облысқа танылып келе жатқан жас ақын. Бірнеше жыл бұрын балалар ақыны Адырбек Сопыбековтың батасын алған Ретбек шығармашылық кешін де өткізіп үлгеріпті. Ал Ерасыл былтыр жаңа мектептің лентасы қиылған сәтте сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен жазушы Бақыт Сарбалаевтың батасын алған болатын. Иә, «болар бала алысқа қарайды» демекші, Ерасылдың әрбір сөйлеген сөзі, ойлауы үлкендерше.
– Менің арманым көп, болашақта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі боламын. Мен қазір ұялы телефон ұстамаймын. Өйткені ол менің есте сақтау қабілетімді төмендетеді. Мен кітап оқығанды жақсы көремін. Қазір тарихи кітаптарды оқып жүрмін. Мен әдебиет пәнінен бөлек, математика және тарих пәнін сүйіп оқимын, – дейді дарынды өрен.
Ол Махамбеттің, Мұқағали Мақатаев пен Ілияс Жансүгіровтың өлеңдерін жаттап үлгердім. Абайдың қара сөздеріне де қызығады.
Мектепалды даярлық тобында жүргенде Ерасыл есепке жүйрік болған. Бастауыш сыныпта бірнеше олимпиадаға қатысып жүлдемен оралды. Былтыр Алпамыс батыр жырын жатқа айтудан өткен республикалық сайыста да бас жүлдені иеленген. Енді тарих пәнінен байқаулардан бағын сынап көрмек.
– Ерасыл өте ақылды бала, әрі ақкөңіл, достары да көп. Сабақта да, өмірде де алғыр. Әдебиет пәнінен өтетін жарыстарға қатысу үшін өзі сұранып тұрады. Жаттау десе қуана қабылдайды. Міне, осындай шәкіртім болғанын мақтан тұтамын, – деді Гаухар апайы.
«Тай тұяғын ат басар» демекші, кешегі жыр маржанымен сусындаған ұлы тұлғалардың салып кеткен сара ізімен жүріп келе жатқан жас буынның болашағынан үлкен үміт күтетініміз рас. «Болар бала он бесінде баспын дер» дегендей бұл жас ақынның алар асуы алда. Қаламынан туған төл туындысы ертеңгі елге рухани азық, поэзияға шөлдеген жандарды сусындатар деген сеніммен қараймыз. Бір сөзбен айтқанда, туған өлкеден тағы бір жас ақын өсіп келе жатыр.

Әлібек ТЕМІРБЕК
24 қыркүйек 2019 ж. 871 0