№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Марат Тайбекұлының ауыл халқына жасаған қолдаулары мадақтауға лайық

Марат Тайбекұлының ауыл халқына жасаған қолдаулары мадақтауға лайық

 Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деген болатын. Бұл сәулелі сөзге өзіндік үн қосқан жанның бірі – Марат Мантаев. Жуырда ғана «Жомарт жүрек» лауреаттарының ішінен «Жыл тұлғасы» атанған қыркеңселік кәсіпкердің туған жердің дамуы үшін, ауыл әлеуметі үшін жасаған игілікті істері көп. Соған тоқталсақ.
 Әркімнің өз биігі бар. Бірі кәсіптің көзін тапса, енді бірі білімнің шырағын жа­ғып, түрлі еңбектен өріс тапқан. Ал біздің кейіпкер Марат Мантаев – ерінбей еңбек ету­дің іздену, дұрыс бағдарлаудың табысты болудың жолын тапқан. Әрі маңдай терімен тапқан ризығын игі істерге бағыттап, қайырымды шараларға белсенді қатысып жүреді. Олай болса, «Жыл тұлғасы» атағын иемденуі де бекер емес.
Ол жастайынан іске епті, жауапкершілікті сезініп өседі. «Ержетсем, ауылдың дамуына, көркеюіне күш жұмсаймын» деген мақсатпен шыңдалып, өмірден өз орнын табады. Әуелі егін шаруашылығында тер төгеді. Яғни «Шөгірлі» шаруа қожалығын құрып, 2007 жылы өнімділікке жұмыс жасайды. Нарықтық қатынастарды меңгеріп, шаруашылықты шалқытады. Қазір аудандағы ірі шаруа қожалық құрылымының бірі «Тайбек ата» есімімен аталған.
Марат Тайбекұлын әбдіғаппарлықтар іскер азамат ретінде ғана емес, атымтай жомарт ретінде таниды. Өтініш айтқан тұрғынның сөзін жерде қалдырмай, қолынан келгенінше жәрдем береді. Дәл осы тұста «Жыл тұлғасы» ретінде дараланған азаматтың игі істерін саралап өтсек.
Ол – «Тәжібек» шаруа қожалығының төра­ғасы, «Тайбек-ата» дара кәсіпкерлігінің иесі. Жекеменшік «Нэйла» балабақшасын ашып, 19 адамды тұрақты жұмыспен қам­тыған кәсіпкер. Биыл халық игілігіне бері­летін Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып жатқан 150 орындық спорт кешенінің де қолдаушысы.
– Өзіңе жетіп, отбасыңнан артылса, неге қоғамға көмектеспеске? «Малымды алсаң ал, пейілімді алма» деген бағзы бабамыз. Әуелі адамның пейілі мен ықылас-ниеті оң болса, бақ та, дәулет те басқа келіп қонады. Сол ырыс-несібені көптің ризалығы үшін жұмсай білу де керек. Көптің батасын алғанда ғана көгереді, – дейді алпысты алқымдаған азамат.
Туған ауылына жанашыр азаматтың «оң қолым берген садақаны сол қолым көрмесін» деген тәмсілді ұстанатынын да білдік. Әңгіме барысында жасаған жақсылығын жасырып, жария етпеуімізді де өтінді. «Жақсылық жасасам өзім үшін, артымдағы ұрпағымның амандығы үшін» деген ел ағасының салиқалы сөзінен-ақ атаққұмарлық пен мансапқорлыққа қарсы екенін ұқтық. Есесіне ауылдастары арқылы оны тани түскендейміз.
– Марат Тайбекұлының ауыл халқына жасаған қолдаулары мадақтауға лайық. Әрқашан әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына, жалғызбастыларға қолғабыс болып жүреді. Ауыл жастарының облыстық, республикалық байқауларға қатысуына материалдық қолдау көрсетеді, – дейді Қыркеңсе дәрігерлік-емханасының дәрігері Бахауиддин Шүкіров.
«Ауылына қарап азаматын таны» деген ой болса керекті. Ауылдың әлеуметтік дамуы үшін заманауи нысандар салып қана қоймай, ауылдың спортшы жастарының жол шығынын көтеріп, спорттық додаларға дем береді. Әсіресе ауылдағы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына жыл бойы азық-түлікпен қолдау көрсетіп, тұрмысқа қажетті құрылысын жүргізіп беретін іскер тұлғаның балалары да әкеден көрген өнегемен өсіп келеді. Үлкен ұлы Ізбасар Мантаев та кәсіпкерлік етіп, қайырымдылқтан қалыс қалмай жүрсе, ортаншы ұлы Тәжібек Тайбеков ауылдық әкімшілікте жастар ісі жөніндегі маман.
Отанасы Қаламқас Манбаевамен бірге бес баланы өсіріп, оқытып, қоғамда өзіндік кірпішін қалайтын тұлға болуға жетелеген Марат Мантаев – әкелік міндетін жоғары қоятын тұлға. Ендеше оның «Жыл тұлғасы» аталуы кездейсоқ емес, лайықты таңдалған шешім екені анық.

Ханзада Дошан
21 тамыз 2019 ж. 468 0