САЛЫҚ МӘДЕНИЕТІ – ӨРКЕНИЕТТІҢ БЕЛГІСІ
Салық мәдениеті демекші, халықтың салық мәдениеті қалыптасуы – мемлекет дамуының негізі. Осыны тұрғындар терең түсінсе дейді салықшылар.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «біздің санамыз ісімізден озық жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деген ойды алға тартты. Демек, санамызды жаңғыртуымыз керек. Сондықтан, кәсіпкерлердің заң талаптарын бұзып, табысын жасырып, салықтан жалтару мақсатында түбіртек бермеу әрекетіне бей-жай қарамау керек. Бірінші кезекте мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала қызметкерлері халыққа үлгі болып, осы іске ұйытқы болғаны дұрыс. Мәдениеті жоғары елдің мәртебесі қашанда биік қой. Сондықтан, бізге адами қарым-қатынаста да, қаржылық сауатты¬лықта да, рухани-мәдени салада да мейлін¬ше мәдениетті болуымыз міндет, – деді мекеме басшысы Берік Ниеталиев.
Енді заңға енгізілген өзгерістер мен атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала кетсек. Иә, қазір барлық жүйе электрондық бағытқа көшті. Қазір кәсіпкерлікке тіркеліп, салық төлеу электронды түрде жүзеге асады.
– 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірыңғай жинақтық төлем енгізілуде. Оның өзіндік шарттары бар. Қазір салықтық өтініштерді қағаз жүзінде емес, үйде отырып cofd.kz сайты арқылы ала алады. Ең бастысы, қағазбастылықтан құтылады, әрі уақыт жоғалтпайды, – деді бас маман Жасұлан Ергешов.
Елбасы Жолдауындағы тапсырма бойынша негізгі міндет – көлеңкелі экономиканы барын¬ша азайту. Осы бағытта Жаңақорған ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы бірқатар шараларды жүзеге асыруда. Мәселен, ҚР Қаржы министрінің 2018 жылғы 16-шы ақпандағы №206 бұйрығымен Қазақстан аумағында жұмысын жүзеге асыратын салық төлеу касса машиналарын қолдану қызметін төрт кезеңмен атқару міндеті бекітілді. Яғни, жаңа үлгідегі кассалық аппараттарға 2019 жылдың 1-сәуірінен бастап 323 қызмет түрі енгізіледі. Ал, 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап 86 қызмет түрлері онлайн кассаға көшірілсе, 2019 жылдың 1-қазанынан бастап 224 қызмет түрі осы үлгіге көшуі тиіс. Нәтижесінде кассалық аппараттар 633 қызмет түрлері бойынша қызмет көрсетуге қабілетті болады. Мекеме жыл басынан бері салық төлемгерлерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің 281 бабында бақылау-кассалық машиналарды қолдану тәртібін бұзу бойынша алдымен ескерту жасалады. Заңды тұлға бір жыл ішінде қайталаған жағдайда – жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 15, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 30, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл салуға әкеп соғады. Қазіргі кезде АЕК шамасы 2525 теңгені құрайды. Отыз мың теңгеден астам айыппұл төлегенше заңды тұлғалардың 21 мың теңгеге кассалық есеп машиналарын сатып алып, ресми тіркелгені өзіне де қолайлы.
Жалпы жергілікті бюджетке түсетін салық түсімдерінің жартысын өндіріс ошақтары құяды. 2018 жылы аудан бюджетіне түсетін салықтық түсімдер 101,3 пайызға орындалса, оның ішінде 49,6 процентін өндіріс орындарының қаржысы құраған. Мәселен, өткен жылы өндіріс орындарынан аудандық бюджетке 1 244 199 000 мың қаржы салды. «БАЙКЕН-U» – 15,6 процентін, «Қызылқұм» ЖШС «Хорасан-І» кеніші – 20,9, «СКЗ-U» ЖШС – 9,9 және «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ – 3,4 процентін құрайды. Өндіріс орындары салық төлеуге сергек қарап, уақытылы төлеп тұрады, – деді жауапты мекеме.
Қорыта айтқанда, жыл сайын салық өсімінің артуы аудан экономикасына оң әсерін тигізуде. Әсіресе, кент келбетінің кемелденуіне үлкен мүмкіндік береді. Ең бастысы, қазынадағы қаржыны тиісті жұмсай алсақ, онда қала көркі бүгінгіден де көркейе түсері анық...