№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңартылған оқу бағдарламасы – жаһандық даму жолы

Жаңартылған оқу бағдарламасы – жаһандық даму жолы

Ел тәуелсіздігінің нығаюы орта білім беру жүйесімен тығыз байланысты. Қазақстан Республикасы білім беру бағытының 2016-2019 жылға арналған тұжырымдамасында «Оқытудың инновациялық технологияларын пайдалану арқылы білім сапасын арттыру, оқушының алған білімін өмірлік жағдайларда қолдана білуіне қол жеткізу» талаптары басшылыққа алынып отыр. Жаңа оқыту бағдарламасының ауданымыздағы бағыт-бағдары, жоба-жоспарлары жөнінде ой бөлісу мақсатында «Жаңақорған тынысы» газеті редакциясында «Көзқарас» пікірталас клубы мына төмендегі ағарту саласы өкілдерінің ой қазығын бір арнаға тоғыстырды.

Мейірхан ОСПАНОВ,
аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары:
– Жаңартылған оқу бағдарламасына Қазақстан мектептері кезең-кезеңімен көшуді бастағанына биыл үшінші жыл. Алғашында бірінші сыныптан бастасақ, 2016-2017 оқу жылында 2, 5, 7 сыныптарды, биыл 3, 6, 8 сыныптарды жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша оқытуға ден қойылуда. Мұны ақпараттандыру кезеңінің нақты көрінісі деп айтуымызға болады. Кешегі кеңестік кезеңде балаға фундаментальды білім беру үрдісін ешкімнің үзуге қахысы болған жоқ. Жоғарыдан бірыңғай стандартта бекітілген бағдарламамен толқын-толқын шәкірт тәрбиеленіп жатты. Ал өмір бір орында тұратын нәрсе емес, ол жанды организм, ұдайы өсіп, өзгеріп, жаңарып отырады. Оны қатып қалған қағидаға, догмаға айналдыруға болмайды. Сол кезеңде небір үздік оқыған, қабілетті балаларымыздың кейін нағыз өмірмен бетпе-бет келгенде алған білімінің кәдеге аспай, қайнаған тіршілікте қабілетсіз болып қалуының себебі содан.
Жаңартылған бағдарламаның басты ерекшелігі, білімгерлерді мына өзгермелі әлемде бәсекеге сай ақпаратпен қаруландырып, жаңашылдыққа бейімдеу, өзінің ойын еркін айта алатын, өздігінше шешім қабылдай алатын, жеке тұлға қалыптастыру болып отыр.
Жаңартылған білім бағдарламасының екінші артықшылығы, оқушы білімін бағалау жиынтық нәтижеге бағытталады. Оның күнделікті сабақтағы белсенділік деңгейін, оқу бағдарламасын қаншалықты игергенін электрондық журнал арқылы ата-анамен бірлесе сараптауға мүмкіндік туады. Жаңаша білім беру бағдарламасына көшудің тағы бір тетігі – үштұғырлылық тіл саясаты. Бұл қазірде Назарбаев зияткерлік мектептерінде толықтай қолға алынды. Жалпы білім беретін орта мектептерде информатика, физика, химия, биология пәндерін ағылшын тілінде оқыту мәселесі өзекті болып отыр. Осы мақсатта аудан мектептерінде пән мұғалімдері арнайы курстарда оқып, маманданып жатыр. Бүгінге дейін елудің үстінде ұстаз өз пәнін осы бағытта жүргізуге дайын. Ел арасында онсыз да күрделі пәндерді ана тілінде қарқ қыла алмай жүргенде ағылшынша оқытып, бала білімін одан әрі төмендетіп алмаймыз ба деген қауіп бар. Бұл жерде мәселенің мәнісі, аталған пәндер бойынша терминдерді ағылшын тілінде меңгеру талабы тұр. Бұл жаһанданған білімге бастайтын қадам. Осы бағыттағы ғылымға ұмтылған талапкер ертең әлемнің кез келген мемлекетінде өзі қалаған пәннен хабардар болып, еркін игерудің алғышарты бұл. Осы орайда сабақты жаппай ағылшынша өту емес, терминдерді нақтылы меңгерту талабы өзекті болып отыр. Вариативті – факультативті жобадағы бұл сабақтар тереңдетілген сыныптарда оқытылады.


Есенгелді Ержігітов,
ардагер ұстаз, Қазақ ССР Оқу ісінің үздігі:
– Біз дәстүрлі оқыту тәсілімен шәкірт тәрбиеледік. Жаңаша оқыту бағдарламасының да шет жағасын көрдік. Өйткені бұл бүгін қолға алынған бастама емес, бұл бағытқа бет бұрып, байлам түйіп келе жатқанымызға 10-15 жылдың жүзі болды. Нақтылы түрде 2015-2019 жылдарға арналған Білім тұжырымдамасына енді. Бастамаға ықылас бөлу аз, оған ең қажетті алғышарттары дайын болуы қажет. Ол қажеттілік мектептердің материалдық-техникалық базасы. Қазақстанда 17 жарым мыңнан астам білім ошағы бар болса, соның барлығында жаңаша оқыту бағдарламасына қажетті технология сақадай-сай деп айта алмаймыз. Компьютер, планшетпен кешенді жабдықталу былай тұрсын, интернетке қосылмаған, байланыс желісі толық шешілмеген мектептер де жоқ емес. Бұл Үкіметтің тікелей жауапкершілігіндегі мәселе. Елбасының алдымызға қойып отырған цифрландыру талабының астарында осындай таудай міндет жатыр.
Жаңаша оқыту бағдарламасының оқушы білімін бағалау турасындағы тұжырымын қуаттаймын. Кешегі дәстүрлі оқытуда бала біліміне күнделікті баға қойып отырдық. Жақсы жауап берген бала «бес» деген баға алса, нашар оқитындар «үштікті», «екілікті» еншіледі. Бұл бала психикасына зор қысым екенін зерделемедік. Жақсы баға көтермелейтіні, білімге құштар етері рас, нашар баға баланың талабын кейін тартып, қатарынан кем санауға соқтырарын, ақырында өз пікірін ашық айтуға арланатын жасқаншақ, өз-өзіне сенімсіз ұрпақ тәрбиелеп жатқанымыз қаперімізге кірмеді. Ал шындығында өмірге икемділік стандартты жүйедегі мектеп бағдарламасын жатқа білуден тұрмайтынына сол балалардың болашақтағы өміріне қарап тағылым түюге болады. Мектепте өте нашар оқыған бала бүгінде ең бай, шаруаның көзін тапқан тамаша бизнесмен болып шығуынан бұрынғы жақсы баға мен нашар бағамыздың аражігінің ақиқатына сын көзбен қарауға тура келеді. Біздер кешегі күні балаға теориялық тұрғыдан білім бердік. Бүгін оны практикамен ұштастыруға негіздер жасалып жатыр. Басты міндет – білімгер бүгінгі күн ырғағынан қалып қоймауы керек.


Әділмырза Таждинов,
№110 мектеп-лицейі директоры:
– Жаңаша оқыту бағдарламасының негізгі қағидасы – бала қиялында білім көкжиегіне ашық кеңістік қалыптастыру. Ол одан қалағанын табуға ұмтылуы тиіс. Оған сенімі биік. Қасындағылары да көмекке келеді. Сабақты топтап оқыту, жұптап оқыту әдіс-тәсілдерінің астарында баланы қоғамға баулу, томаға-тұйықтықтан арылтып, тәуекелшілдікке тәрбиелеу талабы тұр.
Жас өрен мектеп партасында тұтас әлем туралы ақпарат алып, ой қорыту үшін алған білімінің бір-бірімен өзектесіп, өміршең арна қалыптастыруы маңызды. Мәселен тарихты оқытуда оны әдебиетпен, математикамен байланыстыра зерделеуге күш салудағы мақсат, теориялық білімді күнделікті өмір құбылыстарымен бекемдеп, тізбекті түрде қарапайымнан күрделіге қарай санада қорытып отырғанда 5-сыныптан бастап сұрақтар қамтылатын ҰБТ сынағында оқушының қиналмасы хақ.
Өмірде де, ғылымда да дұрыс, бұрыс деп бөлетін нақты баға емес, сыни тұрғыдан ойлау үлкен мақсаткерлікке жол ашады. Білім ресурстары да үнемі жетіліп, дамып отыратын прогресс. Білімгер бойында әлдебір теореманы, ережені жаттау ғана емес, алған білімді өмірде шынайы пайдалана білу дағдысы қалыптасуы керек.
Мемлекет алдына қойып отырған өзекті мәселе – үштілділік қағидасы мектебімізде нақты қолға алынып отыр. Филиппиндік ағылшын тілі маманы шәкірттерімізбен тұрақты жұмыс жасап келеді. 1-сыныптықтар ағылшын тілінде тап-таза сөйлеп отыр. Бұл ана тілін ұмытып қалу деген сөз емес, бүлдіршін кезде сәби санасы балама тілді де тез қағып алатынын көрсетеді.
Үштілділік қағидатын қалыптастыруда, жекелеген пәндерді тереңдетіп оқытуда, ҰБТ-ға дайындық мәселелерінде көп ізденіс, тың тәсіл, жаңаша бетбұрыс бар. Бұл бағытта мектептерге дербестік берілуі серпін береді. Оқу ошақтарында жетсітікке жету жолдары түрліше болғанымен мақсат біреу. Ол жаңа заманға сай интеллектуалды тұлға қалыптастыру.


Батырхан Жоланов,
№221 негізгі мектеп директорының орынбасары:
– Жаңа бағдарлама нақты ғылымға сүйенуімен де маңызды. Балаға не қажет? Бала сол білімін алумен қатар оны өмірге пайдалануы керек. Оны оқулықтың көлемінде жүргізу міндет емес. Бұл жерде ұстаздың шығармашылық әлеуетіне де, тақырыпты жан-жақты игеру бағытында сынып қана емес, кез-келген ыңғайлы ортаны (өндіріс орны, табиғат аясы, т.б.) таңдауға да ерік беріледі. Басты мақсат – баланың толыққанды түсінік алуы, теориялық тұрғыдан ғана емес, тәжірибе жүзінде де көз көріп, көңіл қанықтырған орнықты білімге қол жеткізу. Бұл жерде мұғалім бағыт беруші. Оқушы қалай ізденді? Балаларда ұмтылыс қалай?
Осы тұста әттеген-ай дегізер кемшілік, оқушыға көмекші әдістемелік құралдары жеткіліксіз. Тендер дегеннің дұрыс жүргізілмеуі таңдауымызға қол жеткізуге кедергі болуда. Мәселен, «Мектеп» баспасынан шыққан оқулықтарға ықыласымыз басым. Қолға тиіп тұрғаны «Атамұра» баспасының оқулықтары. Ол да жетімсіз, балалар қосымша жұмыс дәптерлерімен толық қамтылмай отыр. Оқушы зілдей ауыр кітапты арқалайды.
Жаңаша оқытудың мазмұны нақтылыққа негізделетінін айттық. Осыны өзім сабақ беретін қазақ тілі пәнін оқыту тұрғысынан түсіндірер болсам, алдағы кезеңде тіл ғылымының мәні балаға дұрыс сөйлеуді, дұрыс жаза білуді меңгерту. Оқшау сөздерді қалай пайдаланамыз, қандай тыныс белгілерін қоямыз, осылай жалғасып кете берер сөйлеу және жазу сауаттылығына баулуға негізделеді.
Дәстүрлі оқыту бағдарламасындағы әр дыбысты талдау, жіктеу, ашық-қысаң, жуан-жіңішке, сабақтас, салалас сөйлем деген сияқты таусылып бітпейтін талдаулардың барлығы – ғылымның міндеті.
Мұндай ықшамдаулар сабақ жүктемесін де азайтып, жүйелі білімге жол ашады.


Райхан Кадирова,
№54 Жүсіп Қыдыров атындағы мектеп директорының орынбасары:
– Қазіргі цифрланған қоғамды ақпараттық технологиясыз елестету мүмкін емес. Бүгінде работотехника саласы өте қарқынды дамып келеді. Ал ақпараттық техника мамандарын мектеп қабырғасынан бастап дайындау керек. Қажетті құрал жабдықтармен қамтамасыз ету қолға алынды. Мектебімізде работотехника кабинеті жасақталды. Мұнда арнайы сабақ өтіліп, оқушылар робот техникасымен танысады. Мектептің информатика пәні мұғалімі Құрмет Өтемісов ауыл балаларының жаңалыққа деген құштарлығын құптап, сабақ кестесіне робототехника пәнін ендірді. Бұдан бұрын Корея еліне барған делегация құрамында ол елдің білім беру құндылықтарына көз жеткізіп оралған едім. Алған әсерім ұшан-теңіз. Оқушы еркіндігіне баса көңіл бөлінеді. Сабақтарына ендік, біздегі ашық сабақтағыдай алдын ала баланы дайындап қоймайды. Біз сабаққа тосыннан ендік, мүлде жаңа, тың әсер алдық.


Мөлдір Қалдыбаева,
№3 мектеп-интернат директорының орынбасары:
– Ең үлкен мамандық – тұлғалық дәрежедегі «Мен» мәртебесін сақтап, болмысын бағалауға бел бууымыз керек. Бұған дейін білімгерлерді басқару пультін мұғалімге басыбүтін беріп қойдық та, оқушыны еркіндіктен, ой тереңдігінен ажыратып алғанымызды өзіміз аңғармай келдік. Тек ұстаздың нұсқауын күтіп, қас-қабағын бағып, оның ықпалынан шықпайтын «тілалғыш» баладан ертең жалтақ маман, жағымпаз басшы шығарына да мән бермедік. Ал шындығында жеке тұлға ретінде әр өреннің өзіндік ойы, пікірі, көзқарасы маңызды.
Баян ҮСЕЙІНОВА.
02 қазан 2018 ж. 2 619 0