» » Шағын кәсіпке қандай қолдау бар?

Шағын кәсіпке қандай қолдау бар?

Елдегі шағын бизнестің болашағы үшін мемлекеттік қолдаулар жыл сайын жаңарып келеді. Қайтарымсыз қаржылар, субсидия, жеңілдетілген несие мен инвестицияның артуы осыған дәлел. Бұл біріншіден, ел экономикасының өсуіне ықпал етсе, екіншіден, жұмыссыздық мәселесін шешуге жол ашады, үшіншіден, ішкі нарықты реттеп, импортқа тәуелділікті азайтады. Мемлекет басшысы кәсіпкерлік саласын барынша қолдауға бағытталған бағдарламаларды күшейтуді көздеп отыр. Осындай мүмкіндікті оңтайлы пайдалана алған Сыр өңірінде шағын кәсіптіңкөкжиегі кеңейіп келеді. Оның ішінде жаңақорғандықтардың да үлесі аз емес.
Былтыр кәсіп бастаушылар мен шағын бизнесін ілгерілет отырғандар үшін жақсы мүмкіндіктер туындады. Биыл да бұл бағдарламалар жалғасын табады дейді жауапты сала басшылары. Алдымен грант мәселесіне келсек, былтыр 1 400 мың теңгенің грантын алу бойынша Жаңақорғанның өзге аудандардан көші ілгері тұрды. Басымдық өндіріс саласына бағытталды, негізінен мал шаруашылығы дамыған ауданның бренді саналатын бұл саланың өркендеуі көңіл қуантады. Биыл да қайтарымсыз қаржы басталғанда басымдық өнім өндіру ісіне бағытталғанымен, төрт түлік тіршілігіне сұраныс тоқтамайды. Одан бөлек, облыстан берілетін 5 млн теңгенің гранты биыл да жалғасын табады деп үміт артып отырғандар қаншама. Бұл инновациялық жобаларға бағытталатын жобаның мақсаты айқындалып тұр. Мәселен, сабын өндірісі, мал азығына қатысты құрама жем шығару, жүгері сусыны секілді кәсіп түрлері осы қолдаудың игілігін көрді.
Жоғары айтқанымыздай біздің аудан мал шаруасына төселген, салыстырмалы түрде айтқанда төрт түліктен өңірде үздік атанып келеміз. Сондыңқтан болар субсидия мәселе бізді қатты алаңдатады. Биыл аграрлы салаға бөлінетін субсидия тоқтайды деген мәлімет пайда болған болатын, бірақ сөз іс жүзінде жүзеге асқан жоқ. Өткен аптада аймақтың бас аграномы Талғат Тұрсынұлы мал мен егінге және техникаға берілетін субяидия жалғастынын жеткізді. Бұл да шағын кәсіптің шырайын кіргізуге мол мүмкіндік. Егін саласына жаңа технологиялар келуде, дрон мен жер тегістегіш лазерь және тамшылатып суару технологиясы аудан өнімділігін арттыруға сеп болады деген сенім басым.
Келесі кезекте, екінші деңгейлі банктер мен елдегі ірі қаржы ұйымдарының арзан пайызбен несие беруі. Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы 2,5 пайызбен несие беріп, шағын кәсіп иелеріне үлкен қолдау болғаны рас. Алайда, бұл бағдарламаның игілігін кез келген тұрғын көре бермейді. бұл жөнінде премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжановтың мәлімдеді.
– «Ауыл аманаты» бағдарламасымен берілген 2,5 пайыз­дық несие тұрғындардың жаппай жұмыспен қамтылуына мүм­кіндік тудыра алмады. Себебі жеңілдетілген несиені алу үшін де адамның қолында бірқатар тиісті құжат болуы керек. Ауыл халқының 90-95 пайы­зы түрлі несиеге байланған. Сон­дықтан тұрғындардың 70-80 пайызы бағдарламаға қатыса алмай қал­ды. Осы жағдайлар ескеріліп, ешқандай кепілсіз және пайызсыз «Тауарлық несие» жобасы енгізілді, – дейді Ералы Тоғжанов.
Тауарлық несие әуелде мал басымен берілді. Ауылдағы ірі кәсіпкер-фермерлер жергілікті азаматпен өзара келісіп, оған 5 немесе 10 бас мал береді. Кәсіпкер көзсіз тәуекелге ұрынбауы үшін мемлекеттік кепіл ретінде келісімшартқа сол ауылдың әкімі үшінші жақ болып қол қояды. Бұл облыс әкімінің негіздемесі үшін қажет. Табиғи апат туындаса кәсіпкер шығынын мемлекет қайтарады.
«Тауарлық несиеге қол жеткізген адам облыс пен аудан әкімін алдауы, әйтпесе олардан ұялмауы мүмкін. Бірақ бір ауылда тұратын әкімнен ештеңені жасыра алмайды. Ауыл адамдары бір-бірін жақсы біледі. Құда-жекжат, нағашы-жиен, көрші-қолаң дегендей ілік-шатысы тағы бар. Сондықтан бұл қайырымды несиеге кім лайықты, кім бұл жұмысты әрі қарай жалғас­тыруға қабілетті екенін ауыл әкімі мен сондағы қоғамдық кеңес мүшелері анық­тай алады», деді Үкімет басшысының кеңесшісі.
Иә, ауылдағы ағайынның ырысын еселеуді мақсат тұтқан «Ауыл аманаты» бағдарламасының сапалы орындалуын Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында айрықша атап өтті. Бұл әсте тегін емес. Ауылдың өркендеуі, елдің дамуына серпін беретіні белгілі. Ал бағдарлама негізінде қолға алынған «Тауарлық несие» жобасы қарапайым адамдардың кәсіп бастауына жол ашты.
Міне, осындай мүмкіндіктер туындап тұрғанда шағын кәсіпті ілгерілетіп алуымыз керек. Өйткені, елдің дамуында шағын бизнестің рөлі өте үлкен. Әлем елдерінің ішінде дамығандары осы бағытқа әлдеқайда бет бұрып, нарықты жаулап, экспортты арттырып жатыр.
Әли ТЕМІРБЕК
30 қаңтар 2025 ж. 343 0