№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жасанды интеллект: БІЛІМ САПАСЫН ЖАҚСАРТУДЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІГІ

Жасанды интеллект: БІЛІМ САПАСЫН ЖАҚСАРТУДЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІГІ

Цифрлық дәуірдің шапшаң дамуымен білім беру саласы да елеулі өзгерістерді бастан кешуде. Әсіресе, жасанды интеллект технологияларының енгізілуі оқу процесін мүлде жаңа деңгейге көтеруде. Білім беру сапасын жақсарту жолдарын іздеген кезде, ЖИ-дің білім саласына ықпал етуі аса маңызды тақырыпқа айналып та үлгергені байқалады. Сол себепті біз бұл мақалада ЖИ-дің білім сапасын жақсарту жолдарын, мүмкіндіктерін және онымен байланысты жаңа трендтерді талқылап көрмекпіз.

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЖОО-ДАҒЫ ДЕРБЕСТЕНДІРІЛГЕН ОҚЫТУ
Білім берудегі басты мәселелердің бірі – студенттердің түрлі деңгейдегі қабілеттері мен қажеттіліктерін ескеретін жеке оқу траекториясын құру. ЖИ-дің көмегімен білім алушының жеке қажеттіліктеріне бейімделген оқыту процесі жүзеге аса алады. ЖИ-дің алгоритмдері оқушының бұрынғы білімін, оқу стилін және оның жылдамдығын талдау арқылы оқу мазмұнын сәйкесінше бейімдеп береді. Мұндай әдіс оқушының мүмкіндігін барынша пайдаланып, оның білімін тереңдетуге көмектеседі. Яғни ә дегеннен-ақ айтқаныңды екі еткізбей, іздегеніңді ұсынатын ЖИ алгоритмдері қай деңгейдегі болмасын оқушының ыңғайына ойысып, ойындағы дүниені оңай тауып береді. Бұл жаңа әдіс оқимын, үйренемін дегеннің ықыласына ынта, біліміне біліктілік қосатыны айтпаса да белгілі. Бірақ, дайын асқа тік қасық сұғатын студенттер қатары көбейіп кетпей ме деген сұрақ туындауы әбден мүмкін. Десе де, қажет болған жағдайда ЖИ деректерді терең талдай отырып, плагиатты болдырмауға ықпал жасай алады. Мысалы, плагиатқа қарсы жүйелер мәтіндерді зерттеп, ұқсас материалдарды анықтап, оқушылардың түпнұсқалық жұмыс жазуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, ЖИ деректерді терең талдай отырып, білім беру мекемелеріне оқушылардың оқу жетістіктерін бағалауға және оқу бағдарламаларын жетілдіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, студент дағдысындағы компьтерлік слайдтар мен презентациялық тақырыптарға жасанды интеллект көмегімен оңай қол жеткізудің өзі компьютерлік сауаттылықты талап етіп, сыни ойлауға үйретері сөзсіз. Демек, ЖИ-ді игеруге тура келген жастардың үздіксіз ізденісі жаңа технологияларды жетік меңгеруді көздейтін бүгінгі қоғамның талабын қанағаттандыратындығы тағы бір олжа. Жасанды интеллектінің жаңа мүмкіндіктері білім беруде қолданыла бастағаннан-ақ ең алдымен студенттер мен жалпы жас буын оны оңай-ақ игеріп кетті. Оған себеп бүгінгі қоғамның қозғаушы күшіне айналған – әлеуметтік желілер. Үздіксіз ақпарат айдынындағы тоқтаусыз түрленіп жатқан тренд – жаңа технологиялар мен жасанды интеллектіге келіп табан тіреді десек те жарасады. Тренд демекші, тек оқушы мен студенттің қызуғушылығын оятып қоймаған бұл технологиялар жалпы ұстаздар қауымы мен жас тәлімгерлердің де таңданысын туғызып үлгерді. Сағаттап сабақ ұйымдастыратын, һәм, компьютерден көз алмай таң атыратын білім беру саласы мамандарының қолын ұзартып, жүгін жеңілдетуге желеу бола алған-ды.

ОҚЫТУДАҒЫ ТЫҢ ТӘСІЛДЕР МЕН МҰҒАЛІМДЕРДІҢ КӨМЕКШІ ҚҰРАЛЫ
Мұғалімдер үшін ЖИ уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Жасанды интеллект тесттерді автоматты түрде бағалап, оқушылардың үлгерімін қадағалап, жеке оқыту бағдарламаларын ұсынып, мұғалімнің әкімшілік міндеттерін жеңілдетеді. Сонымен қатар, ЖИ-мен басқарылатын виртуалды ассистенттер оқушылардың сұрақтарына нақты уақытта жауап беріп, мұғалімдердің жұмыс жүктемесін азайтуы мүмкін. Бұл мұғалімдерге шығармашылық және педагогикалық жағынан көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді. ЖИ-дің арқасында білім беруде көптеген инновациялық әдіс-тәсілдер қолданыс табуда. Виртуалды шынайылық пен қосымша шынайылық технологияларын қолдана отырып, оқушылар күрделі ұғымдарды нақты көріністер арқылы игере алады. Мысалы, тарих сабағында оқушылар ежелгі қалалардың 3D модельдерін зерттеп, географияда планетарлық жүйелердің құрылымын көре алады. ЖИ сондай-ақ табиғи тілді өңдеу технологияларын пайдалану арқылы тіл үйрену процесін жеңілдетіп, интерактивті диалогтық жүйелерді қолдану арқылы білім беру тәжірибесін жақсартады. Жасанды интеллект тек оқыту процесін оңтайландырып қана қоймай, білім беру жүйесіне жаһандық әсер етіп жатыр. Мысалы, цифрлық платформалар арқылы білім беру географиялық шекараларды жойып, оқытушылар мен оқушыларды әлемнің түкпір-түкпірінен біріктіреді. ЖИдің көмегімен жасалған онлайн курстар мен оқу платформалары көпшілікке қолжетімді және икемді білім беру формаларын ұсынады. Бұл әсіресе шалғай аймақтардағы, білім беру ресурстарынан шектеулі жандар үшін жаңа мүмкіндіктер алаңына айналуда. P.S: Әлем алпауыттары талас-тартыста қол жеткізіп отырған өнертабыстар мен жаңа технологияларды жат санамай, жаңа дүниені үйрену де керек-ақ. Жәмила ЕРМАХАН
09 қараша 2024 ж. 127 0