№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жасанды интеллект жаңашылдыққа жол ашады

Жасанды интеллект жаңашылдыққа жол ашады


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жодауында цифрландырудың стратегиялық маңызына тоқталып, ақпараттық технологияларды енгізу арқылы ІТ секторында жасанды интеллект технологиясы бойынша жетекші ел болу міндетін тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «2024-2029 жылдарға арналған жасанды интеллектіні дамыту» тұжырымдамасы тиянақталып, жасанды интеллектіні енгізудің жаңа жобасы бектіледі. Осыны ескерген Оқу-ағарту министрлігі алдымен ұстаздар қауымының жасанды интеллектіні меңгеруі бағытында онлайн-білім беру платформасын іске қосатын болады.
«Алдымен 300 мұғалім мен тренер «Жасанды интеллект және Game Development бағыттары бойынша біліктілігін арттырады. Курстар алты айға жоспарланған. Курс аяқталған соң әрбір қатысушыға сертификат беріледі», – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі. Жалпы, жасанды интеллект дегеніміз – адамның интеллектісі мен мінез-құлқына еліктеуге қабілетті компьютерлік жүйелер мен алгоритмдерді жасаумен айналысатын ғылым мен технология саласы. Оның негізгі мақсаты – әдетте адамның интеллектуалдық әрекетін талап ететін тапсырмаларды орындауға қабілетті компьютерлік жүйелерді құру.
Демек, оны білім беруге енгізу заман талабы. Жасанды интеллектті қолдану арқылы оқытудың мазмұны мен әдістері ХХІ ғасырдың қажеттіліктеріне көбірек сәйкес келетін жаңа форматқа ауыстырылуда. Нақтырақ тоқталсақ, білім саласына енетін жасанды интеллект мұғалімнің дәстүрлі рөлін өзгертеді. Педагогтер жасанды интеллекті білім беру үдерісінде жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін серіктес ретінде пайдалана отырып, өз мүмкіндіктерін арттырып, сабағын жеңілдету құралы ретінде қолдана алады. Жаңа жүйені күнделікті тапсырмаларды автоматтандыру және деректерді талдауды жақсарту құралы ретінде пайдалануға болады. Демек, мұғалім жасанды интеллектінің көмегімен уақытын үнемдейді. Қағазбастылықтан да арылуы мүмкін.
Мәліметтерге зер салсақ, қазірде ірі онлайн мектептер жасанды интеллектке негізделген бағдарламаларды жасап қолдануда. Нәтижесінде, жаңа оқу процесі оқушы мен мұғалімге сабақты тиімді әрі ыңғайлы етуге көмектеседі. Мәселен, SkyEng ағылшын мектебінде жасанды интеллект адаптивті, дербес оқытуды және сол уақытта тапсырмаларды тексеруді қамтамасыз етеді. Оқу тренажерлерінің көпшілігі жасанды интеллектпен жұмыс істейді. Мәселен, ұстаздың күнделікті жұмыстарды орындауға көп уақыты кетеді. Қазір әлемнің көптеген елі жасанды интеллект көмегімен аналитикалық және статистикалық мәлімет жинауды автоматтандыру бағытында жұмыс жасауда. Мысалы, Батыс Аустралия университеті Smart-кампус бағдарламасын жасады. Бұл күнтізбелік менеджмент, студенттер базасы, электронды журнал және сабақ кестесі, сабақты жоспарлаудың интеллектуалды жүйесі, ұсыныстар жүйесі бойынша ақпараттарды жинақтайды.
Демек, жасанды интеллект білім беру үдерісіне елеулі өзгерістер енгізеді. Бірақ тәжірибелі және білікті педагогтың басшылығынсыз бұл өзгерістер толығымен тиімді және білім беруге қолайлы болмайтыны анық. Өйткені, аты айтып тұрғандай, жасанды интеллект адамның басқаруымен жұмыс жасайтыны белгілі. Бірақ жасанды интеллект дәуірінде педагогикалық рөл қайта қарастырылып, оқу үдерісінде тәлімгерлік пен қолдау бірінші орынға шығары анық. Себебі ұстаз оқушымен қарым-қатынас, шығармашылықпен айналысу, этикалық және эстетикалық әдеп сынды негізгі дағдыларды дамытуға белсенді түрде ықпал етуі керек. Өйткені электронды құрылғылар қарқынды дамып жатқан әлемде табысты жұмыс істеу үшін адами қасиеттерді де жоғалтып алмау маңызды. Алдағы онжылдықта білім саласына жасанды интеллект толығымен еніп кетер болса, ұстаздың оқу мақсаттарын анықтауға, іс-шаралар жоспарын құруға және мотивацияны қамтамасыз етуге көмектесетін кураторға айналатыны анық.
Осы орайда, «Ашық НҚА» порталында жарияланған ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпаратына сүйенсек, мемлекетіміздегі 24 жоғары оқу орны мен ғылыми орталық жасанды интеллект саласындағы қандай да бір зерттеулермен айналысады деп жоспарлануда. Нақты айтқанда, машиналық оқыту және жасанды интеллект мамандарының қауымдастығы құрылады. Мектептер мен жоғарғы оқу орындары оқу бағдарламаларына жасанды интеллект модульдерін қосуда. Қазіргі таңда Николай Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Nazarbayev University сияқты оқу орындарында дерек өңдеуге және терең зерттеу алгоритмдерін оқытуға арналған NVIDIA DGX-1 station сияқты суперкомпьютерлер мен жабдықтар бар.
Ал, біздің облыста биылдан бастап Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасындағы Жасанды интеллект институты ашылды. Жылдам технологиялық прогресс дәуірінде сапалы білім беруді қамтамасыз ету үшін педагогтар мен жасанды интеллекттің тиімді өзара әрекеттесуін жалғастыру маңыздылығы артып отыр. Ұстаздар қауымының жасанды интеллектіні меңгеруіне себеп болған да осы. Бүгінде ұстаздарды жасанды интеллект төңірегіндегі өзекті мәселелер толғандырып жүргені жасырын емес. Себебі, ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған дәуірде жасанды интеллект балалардың игілігі үшін жұмыс істеуге тиіс. Жаңа онлайн курстан ұстаздар өздерін толғандырған сауалдарының толықтай жауабын алатынына сенеміз.

Айсұлу АЛДАНАЗАР

27 шілде 2024 ж. 263 0