Соңғы жаңалықтар

Білім туралы құжаттарды тану

11 желтоқсан 2024 ж. 48

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жайылымнан сән кетсе, ауылдан мән кетпей ме?

Жайылымнан сән кетсе, ауылдан мән кетпей ме?

Байтақ жер – байыпты жоба

Қай кезде де мал шаруашылығы ауыл шаруашылығының күре тамыры. Сондықтан болар, асылтұқымды мал шаруашылығын өрістету ісі жүйелі жұмысқа айналды. Жайылымды жаңғырыққа бөлеп, төрт түлігін түлетіп жүрген малшы қауымының бүгінгі жайы қалай? Жайылымды алқаптарды кеңейту жұмысы қандай деңгейде атқарылуда? Осы тақырыпты тарқатып көрдік.
АУЫЛ – ТӨРТ ТҮЛІГІМЕН ҚҰНДЫ
 Қорасы қойға, жайылымы тайға толған ауыл халқының жағдайы жақсы болары анық. Атадан балаға аманат болып жеткен атакәсіптің желкенін керіп жүрген майталман мамандарға мемлекеттің де қолдауы ұшантеңіз. Десе де, құмға сіңген тамшыдай ғайып болатын көмектердің жеміс бермейтіні қалай? Соның салдарынан саналы ғұмырын төрт түлікпен тығыз байланыстырған шаруалар атакәсібін тастап, басқа кәсіпке бет бұра бастағаны жасырын емес. Мұның ақыры ет пен сүттің бағасының құбылуына әкеледі.
Қолда бар малдың басы қожырап кетті деуге келмес, әйтсе де қанша еңбекпен өсірген асылтұқымды мал басын сақтап қалу оңайға соқпай тұр. Жасыратыны жоқ, бүгінде асылтұқымды малды шетелден алдыруға мәжбүр болып отырмыз. Қызылорда облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметіне сәйкес, өңірде күзгі санақта 420,2 мың бас мүйізді ірі қара, 827,3 мың бас қой мен ешкі, 253,4 мың бас жылқы, 65,4 мың бас түйе және 120,4 мың бас құс ресми тіркелгенін айтады. Ал мұның 71 пайызы Жаңақорған ауданына тиесілі екен. Ал жайылымды жерлердің есебі бойынша облыс бойынша ең соңғы орында тұрған аудан үшін мал басын арттырудың маңызы қанша? Бұл туралы аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің жер секторы меңгерушісі Серік Төлендиевтің пікірін білген едік.
–Ауданның ауылшаруашылығы алқабының құрамы – 1,5 млн гектар жерді құрайды. Ал,шаруақожалық саны – 759. Осы Қожалықтардың пайдаланып отырған жер көлемі – 325 227 га, оның ішінде жайылымдық жер – 251 940 гектар. Негізі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығы бойынша жайылымның жалпы алаңы жүктемесінің шекті рұқсаты 1 бас малға шаққанда ірі қара – 13 га, қой мен ешкіге – 2,6 га, жылқыға – 15,6 га, түйе  малына– 18,2 гектар жер тиесілі. Бұл ең төменгі нормасы. Егер дәл осы нормамен аудандағы 245 мың бас малға шаққанда біздің шаруаларға 840 мың гектар жайылымдық жер қажет. Ал, ең жоғары көрсіткешпен есептесек, 193 мың гектар жер керек екен, – дейді деді сектор меңгеруші.
Статистикалық деректерге сәйкес ел тұрғындарының 41,5 проценті ауылдық жерлерде тұрады. Бұл ретте ұжымдасқан шаруашылықтарда шамамен 3,2 млн бас мал болса, ал қосалқы шаруашылықтарда бұл көрсеткіш екі есе көп, яғни 6,7 млн шамасында. Мал басының шамамен 80 проценті ауылдың айналасында жайылатындықтан, елді мекендердің 5-6 шақырым радиустағы жайылымдық жерлері тозған, тозығы жеткен жерлердің аумағы – 20,9 гектар.
ШАРУАЛАР НЕ ДЕЙДІ?
Жайылымды жердің тарлығы барлық ауыл-аймақта байқалады. Әсіресе, тау беткейдегі халықтың шұрайлы жерге мал жаюы мұң. Мәселен, Бесарық ауылдық округіне қарасты Талап пен Кеңестің мұңы бір. Осыдан он жыл бұрын тау етегіне кезектесе мал жаятын еді. Қазір тау маңында ашық жер жоқ, көбі жеке кәсіпкерлердің иелігінде екені рас. Тау ішінде де мал жаюға мүмкіндік жоқ. Мал тұрмақ демалу үшін табаны тиген әркімнен төлемақы талап ететін ол жердің жеке қожайындары көп.
 Тауы шағылған төрт түлік иелері малын оңтүстік шығыс беткейдегі соры шыққан тақыр сайларға жаяды. Сондай-ақ, жекенің қолындағы бір-екі сиыры мен 5-6 қойына өріс аясы аз. Осының салдарынан мал ұстайтын ағайынның саны кеміп бара жатқандай. Бұл туралы ауыл тұрғыны Жарқын Біржан ойын жеткізді.
– Бір жылдары кәсіпкерлерді қолдау керек деп, ауыл адамдарының күнкөрісін тежеп алғандаймыз. Кәсіпкерлердің қатары артуынан ауылда жер тапшылығы байқалып, қарапайым ауыл адамы үшін мал бағатын орын қысқарды. Оның үстіне бір жерге 15 күннен артық бағуға болмайды. Тықыр жерге мал жайғанмен пайдасы болмайтыны анық. Мұны ескерген адам бар ма? Оның үстінен кәсіпкерлер жерді алғашқыда арендаға алып, кейін заңдастырып, жеке иелігіне алып жатады. Бұған не дей аламыз? Әгерәки, мал қоршауды бұзып өтсе, мал иесі айыпты. Аш құрсақ мал әркімнің бау-бақшасына түспегенде қайтпек? Соңғы жылдары ауыл маңына өте жақын орналасқан жерлерді қайтарғандықтан сәл де болса шаруамызға жан кіргендей болды, – деді шаруа.
«Аманат» партиясында да осы мәселе жиі қозғалып келеді. Бұйырса, алдағы уақытта жайылымды жерлердің көлемі ұлғаяды деп сенеміз.
ОН ЖЕР УЧАСКЕСІ ҚАЙТАРЫЛДЫ, ҚАЛҒАНЫ ШЕ?
Анықтағанымыз, 2024-2025 жылдарға бекітілген жайылым жоспардың күшін жою туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылғы 29 шілдедегі №263 бұйрығына сәйкес облыс әкімінің орынбасары Б.Жақановтың «Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі үлгілік жоспарды» қайта бекіту туралы тапсырмасы берілген болатын.  Аталған бұйрықта, «Жайылымдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 17-1 бабының талаптарын орындау, яғни жайылымдарды басқару жобасын арнайы үлгілік жоспарға сай бекіту көзделген.
Осыған орай, берілген тапсырманы орындау мақсатында «2024-2025 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды бекіту туралы» Жаңақорған аудандық мәслихатының 2024 жылғы 18 ақпандағы №174 шешімінің күшін жою туралы Жаңақорған аудан әкімдігінің қаулы жобасы аудан әкімінің веб порталына жарияланып, 2024 жылғы 24 қазандағы қоғамдық кеңесі отырысының 12 хаттамасымен және өзгеде келісімдеуші органдармен келісім алынды.
Бүгінгі күні, Жаңақорған ауданы әкімінің сала орынбасарымен барлық кент және ауылдық округ әкімдеріне жайылым жоспарды бекіту жұмыстарын «Жайылымдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 17-1 бабының талаптарына сәйкес жүргізу жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.
Осы тапсырмаға сәйкес, ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп бөлім тарапынан бекітілген кесте бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Жыл сайын аудан көлеміндегі ауылшаруашылығы мақсатындағы мемлекетке қайтарылатын жер учаскелерінің көлемдері облыс әкімінің орынбасарымен бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес жүргізіліп отырады. Жаңақорған ауданы бойынша пайдаланылмай отырған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару бойынша 2022-2024 жылдарға бекітілген жоспардағы меже толығымен орындалды. Атап айтқанда, 2022 жылы жалпы көлемі 996,0 гектар болатын 6 тұлғаның ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде, көлемі 200,0 гектар болатын 1 жер учаскесі қайта айналымға енгізілді. Қалған жалпы көлемі 796 гектар болатын 5 жер учаскелері елді-мекеннің жайылым шеңберінде орналасқандықтан, конкурсқа шығаруға ұсынылмады.
Сонымен қатар, өткен жылы жоспар бойынша жалпы көлемі 8000,0 гектар жер қайтарылуы тиіс болса, одан көлемі 8895,0 гектар болатын 10 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылып, меже артығымен орындалды. Оның ішінде: көлемі 8380,0 гектар болатын 6 жер учаскесі конкурс арқылы табысталып, қайта айналымға енгізілді. Қалған көлемі 390,0 гектар жер учаскесі елді-мекеннің жайылым шеңберінде орналасқандықтан және көлемі 30,0 гектардан кем болуына байланысты конкурсқа ұсынылмады.
Биылғы жылы жоспардағы қайтарылуы тиіс 4000,0 гектар межеден 4325,0 гектар көлеміндегі 13 жер учаскесі мемлекет меншігіне алынды. Бүгінгі таңда, осы мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелерінің ішінен жалпы көлемі 400,0 гектар болатын 1 жер учаскесі он төртінші желтоқсан күні өтетін конкурсқа енгізілді.
Айта өтуіміз керек, жайылымды жерлерді қайтару ісінде ауыл маңының радиусы 3000 км дан аспауы негізгі нысанада болды. Қайтарылған жер телімдерінің көбі аудандағы беделді кәсіп иелерінің атына рәсімделген. Осыдан-ақ, ауылшаруашылығы бөлімінің жер қайтару мәселесінде тер төге еңбек етіп жатқанын айта кеткеніміз абзал. Бұл ретте, заң аясында әділ әрекет етудің қаншалықты жеміс беретінін көріп отырмыз. Алайда, мал басының көптігінің салдарынан жайылымды жерлердің тапшылық деңгейі толастамайтынын айтқан жөн.
Мақпал МАРҚАБАЙ
10 қараша 2024 ж. 484 0