» » Астана – мәңгілік елдің айбары

Астана – мәңгілік елдің айбары

Биыл еңселі елордамыз, тәуелсіздігіміздің төл тұғыры, Алаштың асқақ айбары ару Астананың төрткүл дүниені түгел таңдандырған тарихына 26 жыл толғалы тұр. Астана бүгінде – жұмыр жерді толғандырған тақырыптар талқыланатын, салиқалы саясат, спорттық додалар, мәдени-рухани шаралар, тұғырлы экономика, дінаралық келісім кеңестері өтетін жаһандық орталыққа айналды. Ширек ғасырдың ішінде Елорда кемел көркімен де, кең керегісі, дархан пейілімен де төрткүл дүниені мойындатты. Бір сөзбен айтқанда, уақыт төрешесі тарихи таңдаудың дұрыстығын тағы бір дәлелдеді.
Ең алғаш елорда топырағына 2017 жылы табан тіреп, ел жүрегінің жарқын бейнесін көзбен көріп, тамаша туындылардан ой түйіп қайтқан едік. Сол жылы «ЭКСПО» көрмесін көру бақыты бұйырған болатын. Әлемдік көрменің кереметін көріп, кейіннен бас шаһардың шырайлы жерлерін, алыстан мұнартып тұратын зәулім-зәулім сарайларын тамашаладық. Небәрі 19 жылдың ішінде ел астанасының арман қалаға айналғанын аңғардық. Араға тағы жеті жыл салып, тағы да жол түсіп, ару қаланың ажарына тамсандық. Сонда түсінгеніміз ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын қасиеттерді бас қаладан көруге болады. Түрлі теңеулермен түрлендіріп, тынысын ашып, туындыға арқау еткен кездеріміз де болды. Бір шығармада Астана – арғымақ қала деген болатынбыз. Рас, киелі шаһар қаншама додаға түсіп, дараланып, оза шауып келеді.
Болмысы ерек, бітімі бөлек Астананы арғымақша аламанға қосып келеміз. Бас қала бабына келген дүлділдей шаршы топтың арасында дара келуді әдетке айналдырды. Шашасына шаң жуытпайтын сәйгүлікше түрленген Елорда қазақтың ұлттық рухын асқақтататын орталыққа айналды. Мұндағы ономастикалық атаулардан кез-келген елді мекен үлгі алуға болады. Сондай-ақ, зәулім-зәулім ғимараттардан рухтанып, келіскен келбеттерінен күш алуға болады.
Иә, бас қалаға көрік беріп тұрған биік-биік ғимараттардың бой көтеруінде құрылысшылардың еңбегі ерен. Мейлі, ол қатардағы қарапайым жұмысшы болсын, мейлі инженер болсын! Құрылыс саласында адал еңбек етіп жүрген жерлесімізтеріміз де аз болмады. Аға буынның көбі арамызда болмағанымен, бүгінгі буындардың ішінде орталары әлі де сол шаһарға қызмет етіп келеді. Самат Айтжанмен телефон арқылы сұхбаттасып, әсем қаланың кешегісі мен бүгінін бағдарладық.
– Астана – әсем қала! Рас, бас шаһарда жүргеніме қаншама жылдар зырғып өте шықты. Жыл сайын жаңа жобалар жүзеге асып, сұлулана түсуде. Бастапқы келген жылы қиындау болды. Қазір сол жылдармен салыстырған қаланың келбеті мүлде бөлек, қатты өзгерді. Карантиннен кейін жеңіл атлетика спорт кешенінің салынуына қызмет еттім. Одан бөлек Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайының кірпішін қалап, құрылыс жұмысына жұмылдық. Сол секілді, Изумруд демалыс орнының, мешіт құрылысына, театр академиясы мен «KEGOK» АО-ның құрылысына қатыстым. Сондай-ақ «Millenium Park» құрылысының басы-қасына болдым. Бұл ірі-ірі жобалардың межесі, бұдан бөлек қаншама құрылыста еңбек еттік, – дейді ол.
– «ЭКСПО» көрмесіне нендей үлес қостыңыз?
– Әрине, «Экспо» павильонында қызметте болғаным рас. Жауапкершілік жүгі ауыр болды, миллиондаған қонақтарды қабылдайтын көрме өз елімізде өтетін болғандықтан, бар күш-жігерімізді салдық. Ол кезде қызметім прораб еді, айтпақшы, жоғары айтқан ірі нысандардың басым көбінде прораб болып еңбек еттім. Құрылыс мекемесінің аты – «Нұржар» ЖШС. Дәл қазіргі уақытта Елорда төрінде іргесі қаланып жатқан мешіттің құрылысындамын.  
Жаңақорған ауданының тумасы еңбек жолын Ақтау қаласында бастап, бүгінде Елорда төрінде қызмет етіп жүргеніне де 15 жылдан асқан Саматпен әңгіме осылай өрбіген болатын.  
Сөз соңында қысқаша тарихқа тоқталып кетсек. Елорданың жұлдызды сәтінің туғаны жаһанға жарияланып, 1998 жылдың 10 маусымында астананың халықаралық тұсаукесері өткізілді. Халықаралық тұсаукесердің мәні төл елордамызды әлем жұртшылығына барынша кеңінен таныстыру болса, 1998 жылғы 10 маусымдағы шара жүктелген міндет межесінен шықты. Халықаралық тұсаукесерге әлемнің 20-дан астам мемлекеттерінен арнайы делегациялар келді. Тәуелсіз Қазақстанның Көк Туы қазақтың киелі мекені – Сарыарқа төсінде, тоғыз жолдың торабында желбіреді. Дос сүйсінді, дұшпан күйінді. Осынау жаһанға жария етілген тұсаукесер арқылы алып даланың иесі Ұлы дала перзенттері – қазақ халқы екендігін, ол халық өзінің қолына тиген қасиетті тәуелсіздігін мәңгі қастерлейтінін, тәуелсіздігінің символы – Астананы жаһандық мегаполиске айналдыратынын айдай әлемге паш етті. Бүгінде Батыс пен Шығыс өркениетін жалғастыратын алтын көпір атанған ару Астананың 26 жылдық жасампаз дамуына ұласқан тарихи таңдау осылай басталған еді.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
07 шілде 2024 ж. 2 031 0