№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

№87 (8798) 2

02 қараша 2024 ж.

№86 (8797) 29

29 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ТАРИХИ ТАҢДАУ ҚАЛАЙ БАСТАЛҒАН ЕДІ?

ТАРИХИ ТАҢДАУ ҚАЛАЙ БАСТАЛҒАН ЕДІ?


Тәуелсіздігіміздің төл тұғыры, Алаштың асқақ айбары ару Астананың төрткүл дүниені түгел таңдандырған тарихи құбылысқа айналғанына 20 жыл толғалы тұр. Астана бүгінде – жұмыр жерді толғандырған тақырыптар талқыланатын, салиқалы саясат, тұғырлы экономика, дінаралық келісім кеңестері өтетін жаһандық орталық. Елорда көркімен де, көлемімен де, көшбасшылығымен де төрткүл дүниені мойындатты. Ендеше ақиқат біреу – Астана орнықты, елорда еңселенді. Уақыт тарихи таңдаудың дұрыстығын паш етті. Ал күні кеше ғана алыс армандай сағымданған сол тарихи таңдау қалай басталған еді?
Осыдан тура жиырма төрт жыл бұрын, 1994 жылдың 6 шілдесінде Елбасы және елорда деген егіз ұғым алғаш рет тарих сахнасына шығып, қазақ санасында мәңгілік салтанат құрды. Дәл сол күні Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Кеңес сессиясының жалпы отырысында елорданы Алматыдан республиканың орталық өңірі Ақмолаға көшіру жөніндегі тарихи идеясын жариялады. «Менің тапсырмам бойынша мемлекеттің жаңа астанасын орналастыруға оңтайлы жерді анықтау мақсатымен республиканың бүкіл аумағы егжей-тегжейлі зерттелді. 32 тұрғыдан жүргізілген талдау барлық нұсқалардың ішінен ең дұрысы Ақмола қаласы екендігін көрсетті...», деді Елбасы сол бір тағдыршешті тарихи сәтте.
Бұл ретте бодандық бұғауынан босап, шынайы егемендігіне жеткен ел үшін жаңа Астана тұрғызу жөніндегі ұйғарым ұлттық рухты асқақтатып, мемлекеттік мұраттармен, халықтық мүдделермен үндесетін ұлы идея екендігін ерекше атап өткеніміз жөн. Тәуелсіздігіміз енді ғана тәй-тәй басқан тығырықты тоқсаныншы жылдары астананы ауыстыру туралы мәселе көтерудің өзі ерлікке пара-пар әрекет еді. Негізінде бұл мемлекеттік тәуелсіздігіміздің іргетасын нығайтуды көздеген тарихи батыл бастама болатын. Тоқсаныншы жылдардың өкпені қысқан өтпелі кезеңінде оны біреу түсінді, біреу түсінбеді. Осыған байланысты Мемлекет басшысына зор тарихи жауапкершілік жүктелді. Оны Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1994 жылғы 2 қыркүйекте «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатынан да анық көреміз. «Иә, астананы ауыстыру оңай шаруа емес, бұл саяси мәні зор, үлкен мерзімде жүзеге асар күрделі шаруа. Ал енді қаржы жағына келетін болсақ, халық бар, халық сайлаған Парламент бар, өздері шешеді.
Қай қаржыға, қашан және қалай салынатынын да халықтың өз билігіне қалдырғанымыз жөн шығар. Бар білетінім – жаңа Астана бүгінгі сіңірін сорып отырған елдің есебінен емес, ертеңгі өрісті, ырысты күндердің есебінен болашақта атқарылатынына сенемін. Түптің түбі ондай ресурстар республикада болуы тиіс қой...», дейді Елбасы ертеңгі күнге деген ел үмітін үкілеп.
Сөйтіп Елбасының үлкен ерік-жігерінің арқасында Қазақ елі тарихының шежіресіне алтын әріптермен жазылған ұлы бастама бастау алды. Ғасыр соңында қалыптасқан ел өміріндегі күрделі қиындықтарға қарамастан Қазақ елі тарихи таңдауын жасап, егемен елдің жаңа елордасының іргетасын қалау жолындағы қажырлы жұмысқа кірісіп кетті. Тоқырау заманынан қалған кіреукелі тоң жібімей тұрып, жас тәуелсіз Қазақстан болашаққа деген берік үмітін үкілеп, бір сенім, бір күдікпен ғасыр жобасын іс жүзіне асырып, үшінші мыңжылдықтың жұлдызды мегаполисін тұрғызу міндетін қолға алды.
1997 жылғы 20 қазанда Елбасының «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлығы жарияланды. Онда Ақмола қаласы 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бас­тап Қазақстан Республикасының астанасы болып бекітілді. Ақмола қаласының Қазақстан Республикасының астанасы ретіндегі ресми тұсаукесері 1998 жылдың 10 маусымында өткізілетін болды. Сөйтіп 1997 жылдың 10 желтоқсанында Ақмола қаласы ресми түрде Қазақстан Республикасының астанасы болды. Ұлы көш Алматыдан Ақмолаға бет алды. Бірқатар басылымдар жаңа астанаға жол тартқан ұлы көштің шырқау шегін дәл осы күнмен байланыстырады. Бірақ ол ертеректеу, 1997 жылдың 8 қарашасындағы Қазақ елінің мемлекеттік рәміздерін Алматыдан жаңа Астана – Ақмолаға әкелуден басталған еді. Егемен еліміздің естелік шежіресіне айшықты әріптермен жазылған сол бір күннің тарихи оқиғалары әлі көз алдымызда... Арқаның шыңылтыр аязымен жүздері нұрланып, бал-бұл жанған халық Орталық алаңға лық толған. Асқақ әуен аязды ауаны жарып, ашық аспанға шарықтай қалықтайды. Орталық мінберде ел басшылары мен құрметті қонақтар. Республикалық гвардияның қолбасшысы Сәт Тоқпақбаев Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа мемлекеттік рәміздердің эталондары жаңа астанаға жеткізілгендігі туралы салтанатты рапорт берді. Осы сәтте алаңның екі қапталынан Республикалық гвардияның құрметті қарауылы – Тудың, Елтаңбаның және Президент рәміздерінің белгілерін алып, мінбеге қарай шеру тартты. Елбасының бұйрығы бойынша еліміздің Әнұраны әуенімен бір мезгілде Президент сарайының күмбезді шаңырағы мен Үкімет үйінің үстіне Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы көтерілді. Зеңбіректен аспанға 21 мәрте оқ атылды...
Ал 1997 жылдың 10 желтоқсанында ел Президентінің Ақмоладағы резиденциясының күмбезді залында еліміздің Парламенті мен Үкіметінің бірлескен мәжілісі болып өтті. Онда Қазақстан Республикасының Жоғары өкілетті органдары Қазақстан халқына арналған үндеу қабылдап, бұдан былай және ғасырдан-ғасырға осында, ұлан-байтақ елдің қақ кіндігінде халық тағдыры үшін өміршең маңызы бар шешімдер қабылданатынын, бұл жерде енді Отанымыздың жүрегі соғатындығын, осы жерден Қазақстан үшінші мыңжылдықтың табалдырығында өзінің тарихи тағдырын айқындайтынын паш етті.
Ұлан-ғайыр қазақ даласының төрт құбыласынан түгел үмітін үкілеген үлкен көш егемен елдің жаңа елордасы қоныс тепкен Сарыарқаға ағыла бастады. «Аузын ашса жүрегі көрінетін» Арқа тұрғындары жан-жақтан келген бауырларын құшақ жая қарсы алды. 1998 жылдың 21 қаңтарында Мемлекет басшысы Ақмолада Президент Әкімшілігінің, Үкімет пен Парламент аппараттары қызметкерлерінің бірлескен кеңесін өткізді. «Ең басты оқиға – тәуелсіз елдің астанасы Алматыдан Ақмолаға қоныс аударды. Сөз жоқ, осынау үлкенді-кішілі жұмыстарда мемлекеттік аппараттың атқаратын рөлі орасан зор. Жаңа астананы абаттандыру жұмысы жалғасып, маусымның 10-да дүние жүзіне астананы таныстырудың рәсімі өткізіледі. Жаңа астана Ақмолада жүріп жікшілдікке, рушылдыққа, тамыр-таныстыққа бөлінбеулеріңді қатаң талап етемін. Бұл да өзіміздің ата-бабаларымыздың қанымен, жанымен қорғап, бізге аманат етіп тас­тап кеткен қазақтың жері. Үйреніп, үйлесімді жұмыс істейтін мезгіл жетті...», деп атап көрсетті Елбасы сол кеңесте сөйлеген сөзінде.
1998 жылғы 6 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының астанасы – Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласы деп қайта атау туралы» Жарлығы шықты. Сол күннен бастап төрткүл дүниені түгел таңдандырған тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы – Астананың ғасырлардан ғасырларға ұласатын ұлы шежіресі басталды.
Елорданың жұлдызды сәтінің туғаны жаһанға жарияланып, 1998 жылдың 10 маусымында астананың халықаралық тұсаукесері өткізілді. Халықаралық тұсаукесердің мәні төл елордамызды әлем жұртшылығына барынша кеңінен таныстыру болса, 1998 жылғы 10 маусымдағы шара жүктелген міндет межесінен шықты. Халықаралық тұсаукесерге әлемнің 20-дан астам мемлекеттерінен арнайы делега-циялар келді. Тәуелсіз Қазақстанның Көк Туы қазақтың киелі мекені – Сарыарқа төсінде, тоғыз жолдың торабында желбіреді. Дос сүйсінді, дұшпан күйінді. Осынау жаһанға жария етілген тұсаукесер арқылы алып даланың иесі Ұлы дала перзенттері – қазақ халқы екендігін, ол халық өзінің қолына тиген қасиетті тәуелсіздігін мәңгі қастерлейтінін, тәуелсіздігінің символы – Астананы жаһандық мегаполиске айналдыратынын айдай әлемге паш етті. Бүгінде Батыс пен Шығыс өркениетін жалғастыратын алтын көпір атанған ару Астананың 20 жылдық жасампаз дамуына ұласқан тарихи таңдау осылай басталған еді.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
06 шілде 2018 ж. 943 0