№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АСТАНА – ЖАСТАРДЫҢ ҚАЛАСЫ

АСТАНА – ЖАСТАРДЫҢ ҚАЛАСЫ


Астана – болашақтың қаласы. Ал, болашақ жастармен нұрлы. Елдің ертеңін айшықтап, тәуелсіздікті тұрақты, егемендіктің еңсесін тіктейтін бүгінгі жастар. Олар әлемдік бәсекеге қабілетті болуы керек, ол үшін дамыған елдердің озық тәжірибелерін еңсеру міндетті. Сондықтан, 2017 жылы Астана төрінде өткен «ЭКСПО» көрмесіне Сыр елінің жастарымен келешектің көрмесін тамашалауға бас қалаға барып қайттық. Тамылжыған тамыз айында сексеннен астам Қызылорда жастары қарт Қаратау мен сұлу Сырдың сәлемін Арқа төсіне ала жөнелді.
Межелеген уақытта Елордаға да келіп жеттік. Жаңарып келе жатқан жаңа қала тек көз қуаныш қана сыйлап қоймай, патриоттық рух, жігер беріп, жалынды жырлардың төгілуіне төсеніш болды. Алғашқы рет қадам басқаннан кейін бе, көңілде ұяңдық, кеудеде толқу бар. Көрмені араламас бұрын алдымен, қаланың сәулетті жерлерін тамашалап, жаңарып келе жатқан жас қаланың келбетіне қанықтық.
Бүгінгі Елорданың тыныс-тіршілігіне көз жүгіртіп, кең көшелерін, көрікті жерлерін аралап шықтық. Астана – әдемілігімен көз тартады. Әсіресе, ғажап ғимараттар алдында, саябақтар ортасында орнатылған ұлттық құндылықтардан сыр шертетін мүсіндер еріксіз назар аудартады. Бәрінен бұрын бас шаһардың тазалығы ұнады. Мүсіндердің айналасы мұнтаздай тап-таза. Мұның өзі де қалада мәдениет қалыптаса бастағанын дәлелдейді.

болашақтың қаласы
ХХІ ғасыр озық және жаңа технологиялар ғасыры болғандықтан ғалам қарыштап дамуда. Заманауи үлгідегі технология жыл сайын жаңарып, электр энергиясына деген тәуелділік артып келеді. Сондықтан әлем елдері жасыл энергияны пайдалануға бетбұрыс жасай бастады. Бас қаланың болашаққа бағдарын осымен байланыстыруға болады. Яғни, келешекте алғашқы болып озық технологияларды енгізу үдерісі басталмақ. Мұны әлемдік көрмеден анық байқадық.
Болашақ энергиясына қатысты озық технологияларды ұсынатын «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі жаңғыртылатын және баламалы энергия, энергиялық тиімділік пен дәстүрлі энергия, энергияны сақтау, энергияны үлестіру, табиғи энергетикалық ресурстарды қолдану қарастырылды. Бұл бастамалар бас қаланың келешектегі жоспары. Одан кейін, күн мен жел энергиясына назарымызды аударды. Жалпы, айтқанда көзін тапқанға табиғат жаратылыстарының ғылымға негізделген жаңалығы көп.
Астананың тағы бір межесі – әлемдегі ең «ақылды» қалаға айналу. «Смарт сити» стандартын қалыптастырып, озық тәжірибені қолдану. Бұл кешенді жобаның сегіз саласын бірнеше бағыт бар. Айта кету керек, биыл Елорданың 20 жылдығына арналған «20 нақты бастама» атты бағдарламада «ақылды қала» жобасына айрықша басымдық берілген. Міне, келешекке тағы бір кемел қадам осы.

жастар қаласы
Болашағын Елордамен байланыстырған жастарға екі бірдей есік ашық. Бірі – ғылым-білімге деген құштарлық, екіншісі – жаңа орта, жаңа мүмкіндіктер мен жаңа идеяларға толы жарқын болашаққа деген бастау. Қалада үнемі қайнаған тіршілік, айналада жанталасып-жағаласып жүрген бір адам, яғни бәсекелестік өте жоғары, ал бәсекелестік бар жерде ғана алға жылжуға, дамуға мүмкіндік бар.
Біз сияқты жастар үшін махаббаттың, жасампаздықтың, достықтың, сұлулықтың символы іспетті Астанада сәулет өнерінің теңдессіз үлгілері саналатын кешендер бой көтеруде. Жиырма жылда сүйікті қала ғажайып шаһарға айналды, әлем алдында беделі күн санап артып келеді. Қазақ ұлтының ұлы тұғыры, алаш жұртының асқақ айбары – ару Астана жиырма жылда дамушы елдердің елуіне ілікті, ендігі меже дамыған отыздықтан орнымызды орнықтыру. Ең бастысы, өркениет көшіндегі озық технологиялармен тыныстап, болашақтың қаласын бірге жасай білсек болғаны. Сонда ғана Елбасы іргесін қалаған «Мәңгілік Елге» айналатынымыз хақ. Бір сөзбен айтқанда, Астана – ызғары мен жылылығы, суығы мен сұлулығы қатар жүретін жұмбақ қала болғанмен, шешуін таба білген жанның басына қонған бақ.
Астананың бүгінгі ажарын жастардың кескін-келбет, бет-бейнесі, өмір салты, армандарымен салыстыру ләзім. Екеуіне де жастық жігер, албырттық, талпыныс, жаңаша ойлау еркіндігі, сұлулық пен сымбат тән. Жаңа астананың келешегі бүтіндей XXI ғасырдың еншісінде жатыр. Ал оның ертеңгі еңсесін көтеретін бүгінгі жастар. Ендеше, ерінбей еңбек етіп, қалтықсыз қызмет қылу жастардың бүгінгі міндеті.

ТҮЙІН. Міне, аз уақыт ішінде бас шаһарды аралап, болашақтың қаласын осылай қаламмен тербедік. Сырдан Арқаға жеткізген сәлемінің саламатын қайта Қаратауға ала қайттық. Иә, биыл Астанаға – 20 жыл, Қызылорда қаласына – 200 жыл, Жаңақорған ауданына – 90 жыл. Осынау қария ғасыр жасаған туған жер тарихын жаңартып, жаңғыру жолына түстік. Осы бағытта да өскелең ұрпақ жас қаланың жігерін жанып, ертеңін кемел етуі керек. Себебі, Астана – келешек пен жастардың алтын ордасы.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
30 маусым 2018 ж. 5 668 0