Азық-түлік бағасы тұрақты ма?
Азық-түлік бағасының өсуі − халықтың тұрмыс-тіршілігін күрделендіре түсетіні сөзсіз. Күнделікті тұтынатын тұрмысқа қажетті өнімдердің бағасы күннен-күнге шарықтап барады. «Үйдегi ойды – базардағы баға бұзады» дегендей, базар бағасының тұрақсыздығы қарапайым халықтың қалтасына әжептәуір салмақ салуда. Күнделікті жейтін нанымыздан бастап азық-түлік бағасы күннен күнге қымбаттап, көптің наразылығын қалыңдата түскен тәрізді. Доллар бағамы секілді бірде түсіп, бірде көтеріліп базардағы баға мың құбылып тұр. Оған не себеп? Бағаны тұрақтандыру үшін не істеу керек?
Жасыратыны жоқ, бүгінде екі адамның басы қосылса, қымбатшылық мәселесі сөз болады. Бағаны еркіне жіберудің, тәртіп пен қадағалау жоқтықтың салдары бәрі. Кәдімгі нанды алайық. Бүгінде бір жапырақ нан бағасы 110 теңге мен 180 теңгенің арасында.
Азық-түлік бағасының қымбаттау себебін сұрай қалсаң «тасымал қымбат, жанармай ұшып тұр немесе делдалдар бағаны көтеріп жіберді» деген секілді уәжін айтады. Онымен қоса тауарға сұраныстың артуына байланысты баға көтерілді деген жауап та дайын. Ал халықтың жағдайын кім ойлап жатыр? Қазір ірі сауда орындарына баратындай елдің бәрі қалталы емес. Қалтаны қағып тастамаса да сәл үнем болсын деп жұрт базарды жағалайды.
Үкімет осы жылы әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тізімінен 9 тауарға шекті баға белгіленбейтінін айтты. Нақтырақ айтсақ, тұз, ұн, макарон, қарақұмық, күріш, нан, сүт, картоп пен тауық жұмыртқасын тізімнен алып тастамақ. Яғни, енді бұл азық-түлік түрлеріне шекті баға белгіленбейді. Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитетінің хабарлауынша, баға мен тарифтерді мемлекеттік реттеуден кезең-кезеңімен бас тарту жөніндегі Жол картасына сәйкес шекті баға енгізілмеді. Өйткені жергілікті нарықты отандық өндіріс 100 пайыз қамтып отырған көрінеді. Сөз басында айтқанымыздай, әлеуметтік маңызы бар 19 азық түліктің 17-сі өзімізде өндірілуде.
– Міне, 5 литр сұйық майды 3200 теңгеге, бір дана жұмыртқаны 50 теңгеге алып тұрмын. Мына немерем тәтті жегісі келгесін, бір түйір кәмпитті 300 теңгеге алдым. Осыдан бір жыл бұрын 150-180 теңгеге алушы едік. Не деген сұмдық, барлығы қымбаттап кеткен. Мына бір жапырақ нанның бағасы 180 теңге. Рас мұғалімдердің айлығы өскенімен, көп салада айтарлықтай жалақыда өсім байқалмайды. Сондықтан жеке кәсіп иелері халықтың да жағдайын ойлағаны дұрыс, – дейді кент тұрғыны.
2024 жылы инфляция деңгейі 21,3%-ды құраса, азық-түлік тауарларының бағасы 26,2%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 20,5%, ақылы қызметтер 15%-ға өсіпті. Өткен 2022 жылғы ақпан айымен салыстырғанда пияз – 105%, кір сабын – 90,3%, кеңсе тауарлары – 71,8%, қияр – 56,8%, ағартқыштар мен балалар сабыны – әрқайсысы 56,3%-дан, қант – 55%, консервіленген сүт – 49,1%, күріш – 44,9%, макарон өнімдері – 41,1%, ұн 40,2%-ға қымбаттаған.
Демек, әзірге нарық бағасы арзандамақ түгілі, бағаның қалыпты күйде тұруына күмән басым. Тіпті, ай емес, апта бұрынғы бағаның өзі құбылып тұр.
Қазақтың әрбір шаңырағы етсіз отырмайтыны белгілі. Бүгінде ет бағасын кез келгеннің қалтасы көтере алмай отыр. Мәселен, жылқы етінің келісі 2500 теңгеге жетсе, сиыр еті 2400-2500 теңге, қой етін 2400 теңгеден табасыз.
Ұлттық статистика бюросы таратқан мәліметке сүйенсек, азық-түлік нарығында бағаның айтарлықтай өсуі байқалады. Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы өткен жылдың мамыр айымен салыстырғанда 17,9%- ға өсті. Биыл мамыр айының басынан бері азық-түлік құны 0,7%-ға қымбаттаған. Ал 5 айда 16,3%-ға өскен. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішіндегі ең қымбаты – тұздалмаған сары май, сиыр еті және сүзбе. Бір жағынан жұмыссыздық орын алып, екінші жағынан азық-түлік бағасының шарықтап өсуі әлеуметтік ахуалды ауырлата түсері алаңдатады. «Елімізде азық-түлік бағасының өсіп кетуіне бір жағынан Ресей нарығындағы тапшылықтың да әсері бар», – дейді зерттеуші мамандар.
Біздегі ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, ресейлік сатып алушылардың сұранысының арта бастағанынан-ақ, ішкі нарықта картоп жеткізу көлемі тым төмендеп кеткен. Бүгінгі күні картоптың көтерме саудадағы құны 160 теңгені, ал дүкенде 200 теңгені құрап отыр. Өйткені, Ресей еліне көкөністің күнделікті қаншама тоннасы кетіп жатыр.
Сенесіздер ме, 2023 жылы еліміз шетелге 53 мың тонна таза ет экспорттады. Ет өнімдерінің экспорты да 10 мың тоннадан асып жығылды. Керемет көрсеткіш, үлкен нәтиже. Әрине қуанамыз, бірақ ішкі нарықтағы еттің бағасын көргенде қуанышымыз көпке бармайды. Мал шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Жангелді Мырзахановтың айтуынша, асылтұқымды мал өсіріп отырғандардың дені – олигархтар мен бай-манаптар. Мемлекеттен қомақты субсидия алатындар да солар. Сондықтан да олардың малы күйлі. Етті экспортқа шығарып, қымбат сатып отырған да солар. Олар жеке өз мүдделері үшін жұмыс істеп отыр. Олар ішкі нарыққа жұмыс істемейді деген өткір ойын айтып-ақ жүр.
Расымен де, мал шаруашылығын дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар аз емес. Көпшілік оның игілігін көріп жатыр. Әсіресе аймақтағы төрт түліктің үштен бірін құрайтын Жаңақорған ауданында да ет бағасы қалтаға әжептеуір салмақ салуда.
– Расында бізде ет қымбат. Бірақ мал басының көптігімен мақтанамыз. Одан бөлек шаруаларға жағдай жасалып отыр. Мемлекет тарапынан мал аламын, одан пайда көремін, кәсіп көзін табамын деген жанды құралақан қалдырып жатқан жоқ. Оны мойындау керек. Біздің нарық Түркістан мен Шиелінің базарына тәуелді. Бағаны өзіміз реттеу үшін Жаңақорған ауданында жан-жақты сервистік жағдай жасалған, бәсекеге қабілетті мал базарын ашу керек-ақ, – деді Амантай ақсақал.
Бұл ойды базарда ет сататын сатушылар да қолдайды. Ал кейбірі қымбатшылыққа қатысымыз жоқ дейді. Сатылған еттің келісінен көретін пайдамыз тиын-тебен ғана дегенді алға тартады.
– Ет бағасының өсуіне жол шығынының көбеюі және жем-шөп құнының қымбаттауы әсер етіп отыр. Ауылда мал бордақылап ауданға әкеліп өткіземін. Тапсырысқа қарай аптасына бір-екі рет келемін. Жылқы етінің келісін саудагерлерге 1 800 теңгеден өткіземін. Бұл – көтерме баға. Салмағын өлшейміз де, тұтастай сатамыз. Мәселен, тайлар 320 000-360 000 теңге болса, байталдар 400 000 теңге, тіпті 420 000 теңгеге дейін шығып жатады. Бағаны өсіріп жібердіңдер деп ренжитіндер көп. Қазір мал байлау оңай емес. Жем қымбаттады. Тоннасына 60-80 мың теңгеге дейін сұрайды. Малды алып келетін көлігіміз сумен жүрмейді, жанармай бағасы да арзандап жатқан жоқ. Бұдан бөлек, зертханадан анықтама алу үшін де қалтадан шығын шығады. Осыдан кейін бағаны көтермегенде қайтеміз? – дейді қасапшы Ержан Нұржігітов.
Ал қарапайым халықтың да айтары аз емес. Айталық, кент тұрғыны Сәуле Башарова есімді ананың сөзінің жаны бар.
– Шыны керек, қазір жалақымыздың жартысынан көбі етке жұмсалады. Көбіне сиыр етін аламыз. Бұрын 15-20 мың теңгеге біраз ет алуға болатын еді. Қазір бір жапырақ еттің өзі 10 мың теңгеге шығып кетеді. Қанша үнемдесең де екі күнде тауысасың. Егер жіліктеп ет алатын болсақ, айына 50-60 мың теңге ақша жұмсайсың. Қазақпыз ғой, тамақтың ішінде қара кесек ет жүрмесе ішкеніміз бойға сіңбейтіндей боп тұрады. Үнем болсын деп арасында тауық етін алушы едік, қазір оның өзі 1000 теңгеге жетіп жығылды. Сатушылардан бағаның неге сонша көтеріліп кеткенін сұрасаң «өзіміз де қымбатқа алып отырмыз, доллар бағасы көтеріліп кетті» деп байбалам салып шығады. «Құдай-ау, етке доллардың не қатысы бар?!» деп біз күңкілдейміз, басқа қолымыздан не келеді? – дейді.
Ақиқатында, баға бағамын нарықтың өзі реттейді, десек те баға бас бермес асаудың күйін кешулі. Ай емес апта бұрынғы бағаның өзі құбылып тұр. Қарапайым халық, әлбетте, базардағы саудагерлерді кінәлайды. Дейтұрғанмен, отандық өнімдерге доллардың қандай қатысы бар деген заңды сауал туындайды. Сайып келгенде, нарықтың талабы өз алдына, ынсапты ұмыту өз өмір сүрген ортамызда мәселелердің туындауына әкеліп соқтырып жатыр. Өзі қиналмауын тілейтін әркім өзгенің де жайын дәл өзіндей қабылдаса хал-күйіміз де кері кетпесі анық. Базардың бағамын бағамдап осындай ой түйдім.
Қорыта айтқанда, бүгінгі сараптап көрген тауарлар тұтынушылардың көп қолданатын азық-түлігі. Нарық бағамының құбылуы әрине тұрғындарды алаңдататыны түсінікті. Осы мәселеге байланысты Үкімет баға бақылауға алынады деп үнемі айтып келеді. Әліптің артын бағып көрейік...
Әсел РЗАЕВА