Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мерекенің тәттілер әлемі

Мерекенің тәттілер әлемі

«Mereke cakes» кондитерлік дүкендер желісінің негізін қалаушы Мереке Базарбаева – нағыз бүгінгі қазақ әйелінің бет-бейнесі. Білімді, жан-жақты, сұлу, өзгелерге үлгі бола білген көшбасшы. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген аталы сөзге тоқтай білген қазақ халқы қашанда адал еңбектің наны тәтті боларын білген. Содан болар, бүгінде істің қиюын келтіріп, нәпақасын кәсібінен тауып жүрген жандарды көргенде іштей қуанасың. Ауыз толтырып айтуға оңай болғанымен кәсіп ашып, оны одан әрі дөңгелетіп әкету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені қандай да бір істі бастағанда кедергілер мен қиындықтарға тап болатының рас. Осындай қиындықты жеңіп, бүгінде көпшілікке қызмет етіп келе жатқан жас кәсіпкер Мерекемен сұқбаттасқан едік.
– Мереке, сізді аудан жұртшылығы тәтті торттарыңыз арқылы жақсы таниды. Кәсіпті қалай бастадыңыз?
– Бала күтімімен үйде отырған уақытта қызымның сұранысымен түрлі тәттілерді пісіріп жүрдім. Одан үйге келген қонақтар, көрші-қолаңның қызығушылығы артып, күнделікті тапсырыс беретін болды. Бастаған ісім сұранысқа ие болып, жұртшылықтың көңілінен шыға бастады. Сол қолға алған ісімді дамытып, бүгінде үш орталық аштым. Әрине, үйде анам қолдау көрсетіп, ақыл-кеңесін айтып, қолынан келгенше жәрдемдесіп отырады. Шүкір, қазір цехта сегіз адам жұмыс жасайды. Үш жылдан бері өзімнің тұтынушыларым қалыптасты. Тәттілерге тапсырыс күнде түседі, дүкенде дайын торттар да бар. Негізі кондитер мамандығы қазіргі уақытта қажетті мамандықтардың бірі ғой. Меніңше адамзат баласы үшін ең маңыздысы – табыс табу. Адал еңбекпен тапқан табыс берекелі болады. Мен де өз хоббиімді кәсіпке айналдырып, маңдай теріммен табыс тауып келемін. Әрине, өз табысымның да берекетін көріп жүрмін. Өмір ізденістен тұрады. Әйел заты қашанда жан-жақты болуы тиіс. Қарапайым халықтың өзі дәл ойындағыдай торттарын осы жерге келіп тапсырыс беріп алып кете алады. Жүрек қалауымен айналысқаннан болар, торт пісіруден шаршамаймын, керісінше жан тыныштығын табамын. Содан болар, аудан халқының бірауық сыртқа шығып, тәтті жегісі келетінін ескере отырып, орталықтан кафетерий ашып, бүгінде көпшілікке қызмет етудеміз.
– Халық арасында ең көп сұранысқа ие деп қай торт түрлерін айтар едіңіз?
– Бізде торттар тек қана табиғи өнімдерден жасалады. Қызыл барқыт, вупи пай тортының сұранысы жоғары. Өзге де жаңа торттарды шығарып, халыққа ұсынып жатырмыз. Алдағы уақытта ғажайып торттар жасап, халықты қуантқым келеді.
– Қазіргі уақытта халықтың тапсырыс беру деңгейі қандай? Күніне қанша тапсырыс қабылдайсыз?
– Күнделікті тапсырыс өте жоғары деп айта аламыз. Бізге дүкендерден, тойханалардан үнемі тапсырыс келіп отырады. Тұрғындар арнайы тапсырыс арқылы да дәмді торттарын ала алады.
– Тортқа қажетті ингредиенттер мен сәндеуге арналған заттарға айына қанша қаражат жұмсайсыздар?
– Бізде барлығы табиғи өнімдерден жасалған соң қаражат та көбірек жұмсалады. Осынша баға деп нақты айта алмаймын. Бастысы, тапсырыс берушінің көңілінен шығуымыз керек. Тортқа қажетті заттарды тұрғылықты бір мекен-жайдан алмаймыз, сондықтан айына кететін шығын әр кезде әрқалай болады.
– Шыны керек, кондитерлік салада бәсекелестік деңгейі өте жоғары. Сіздің торт жасаудағы ерекшелігіңіз қандай? Кәсіби құпияңыз бар ма?
– Біз ешқандай дүниені құпия сақтамаймыз. Себебі, адамның жасағанын адам жасайды ғой. Барлық қыз-келіншектердің қолынан келеді деп ойлаймын. Өзім секілді нәзік жандарға көмегім тисін деп, шеберлік сабақтарын да өтіп тұрамын. Осы уақытқа дейін 50-ден аса шәкіртім бар. Олардың арасында да өз кәсіптерін қолға алғандары жетерлік.
– Қолыңыздан шыққан тәттілер ғана емес, өзіңіздің келбетіңізден әрқашан шуақ шашылып тұрады. Қыз- келіншектерге осы сұлулығыңыздың сырын айта отырыңызшы?
– Мұндай бағаңызға рақмет, әдемі сөздің өзі адамның жан-дүниесін нұрландырады емес пе? Адам сыртқы келбетімен емес, ішкі жан дүниесімен сұлу болады. Менің өмірдегі ұстанымым – ешқашан ренжімеу, дүниелік қиындықтарды жеңіл қабылдауға және жақсылыққа жақын жүруге тырысамын. Өмірдегі баға жетпес байлық өз-өзіңе білім құю, өзіңді өсіру, дамыту. Мен өзімді жаһұт тастай қашап келемін. Мен үшін өткен жол мен тәжірибе маңызды емес, маңыздысы – бүгінгі күн. Өзіңе сырттан қарап, сын көзбен қандай баға бересің – сол маңызды.
– Өзіңіз ана ретінде бала тәрбиесінде не нәрсеге баса мән бересіз?
– Әрине, балаларымның болашағы мен үшін өте маңызды. Бастысы, біліміне баса көңіл бөлемін. «Адамды адам ететін мінез» демекші, мінездерінің де көркем болуы қояр талаптарымның қатарында. Жалпы тәрбие тек сөзбен айтып, бұйрық беру емес. Әрбір ата-ана өз баласына үлгі бола білуі керек. Сонда бала ата- анасына қарап бой түзеп, келешекте де солардай болуға ұмтылады. Егер біз білімді әрі ісіміз сапалы болса, онда әрбір бала білімді, сапалы да саналы ұлт болып өседі. Ал балалардан үміт күтіп, «сен мені бақ» деп өмір сүретін болсақ, онда ол баланың жетістікке жетуі екіталай. Бізге қарап, қыздарымыз да шебер болуға тырысады. Сондықтан өсіріп отырған қызым мен ұлымның алдында үлкен жауапшіліктің барын жақсы түсінемін. Олардың алдында әрбір айтқан сөзімді жүйелеп, істеген ісіме тиянақты қараймын. Өйткені олар менің әрбір іс- әрекетімнен үлгі алады.
– Табысты болу үшін әрбір әйел нені ескеруі керек?
– Әрбір адам өз алдына мақсат қоя білу керек. Мақсатсыз жан өзінің қай бағытта жүріп келе жатқанын білмейді. Өз басым үнемі жақсы нәрсені ойлап жүремін. Табысты болу үшін әйел адам өзін жан-жақты дамытуы қажет. Өзіне қажетті курстарға жазылып, жаңашылдыққа ұмтылғаны дұрыс. Мен үнемі басқа адамдарға қалай көмектесе аламын деп ойланамын. Себебі өзгеге жақсылық жасасаң, ол саған екі есе болып қайтады. Әр адам дүниеге бір мақсатпен келеді. Бұл өмірде артымыздан із қалдыруға тырысуымыз қажет. Жан-жағыңызға мейірімдеріңізді төгіп жүріңіздер. Өзгелерге жақсылық жасап, қуаныш сыйлаңыздар. Күн сайын бірдеңе біліп қалуға тырысыңыздар. Адам үшін білімге деген құштарлық, еңбекқорлық, сабырлылық – ең маңызды қасиет. Әрдайым табысты болыңыздар!
– Әдемі сұқбатыңызға рақмет!
Әсел РЗАЕВА
28 қаңтар 2024 ж. 594 0